Qoǵam

Халықтың таңдауы болу- қиын да, жауапты қызмет

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Қазақстан Республикасының Конституциясында осылай бекітілген. Қоғамды демократияландыру үдерістерінде жергі¬лікті өкілді органдардың, халық билігінің негізгі формасы ретінде, мәслихаттар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының маңызы өте зор.

Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілетті орган.
Ата Заңымызда биліктің қайнар көзі – халық делінсе, депутат – халық өкілі. Халықтың сенімі – әрбір депутаттың іскерлігіне сын, жұмысына таразы. Жалпы, депутат болу – елдің сенімін арқалап, солардың мұң-мұқтажын жоғары мінберден көтеруге мүмкіндік алу. Мәслихат жұмысының негізгі принципі – түсіністік, атқарушы органдармен тығыз байланыс, ортақ іске бірге жұмылу.
Мәслихаттардың жұмысы әкімдікпен әрдайым тығыз байланыста. Қиындығы мен қызығы аралас қым-қуыт шаруаның қашанда оң шешімін табуы үшін, депутаттар барын салады. Әсіресе, әлеуметтік нысандар құрылысы, жолдарды жөндеу, тұрғын үй коммуналды шаруашылық саласын реттеу кезек күттірмейді. Жергілікті өкілетті органның атқаратын міндеті зор. Аумақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту мәслихаттардың мойнында. Мұнан өзге халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту бағытындағы түрлі маңызды құжаттар да депуттардың араласуымен қабылданып жатады. Заманға сай әлеуметтік-экономикалық жағдайға бейімделу тағы бар.
Осы жолда халық үшін қызмет етіп жатқан халық қалаулыларының бірі – Руслан Бақытұлы Сайлаубаев. Жуалы аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымының депутаты ретінде Билікөл және Қызыларық ауылдық округтерінде округ тұрғындары тарапынан көтерілген бірнеше мәселелердің шешілуіне ықпал етті.
Атап айтқанда, Қарабастау ауылы М.Таржанов көшесінде жер асты суының деңгейін төмендету үшін дренаж қазуға, Қарабастау ауылы орталығында ауыз су, көше жарығын орнату мен су тоғанын жөндеуге, Әбдіқадыр ауылындағы Бөгенбай көшесін ағымдағы жөндеуге, Жылыбұлақ ауылы Жылыбұлақ көшесін орта жөндеуге, Қарабастау ауылында орналасқан бос тұрған ғимаратты ветеринариялық пунктке ауыстыру мақсатында ескі ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлуге ықпал етті. Қызыларық ауылдық округтеріне қарасты Ақтөбе ауылы Набережная көшесін орта жөндеуден өткізуге, Теріс-Ащыбұлақ ауылындағы Арай және Мереке көшелерін жарықтандыруға ықпал еткен. Мұның барлығы жергілікті әкімдікпен, ардагерлер кеңесімен, қоғамдастықпен бірігіп жүргізілген жұмыстар екендігін алға тартады.
Аудандық мәслихаттың атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отырғанын, осы бағытта үлкен-үлкен істерге мұрындық болған. Алдағы уақытта да осындай игі істерде аудандық мәслихат жергілікті атқарушы билік пен халық арасында шынайы дәнекер, алтын көпір бола беретініне сеніміміз мол.
Депутаттың айтуынша, бірінші кезекте тұрған мәселелердің ішінде елді мекендерді газдандыру, ауыз су тарту, ауылішілік жолдарын жөндеу, көшелерді жарықтандыру және басқа да әлеуметтік мәселелер тұр.
-Депутаттық сауалдар бойынша тиісті құзырлы органдарға өзімнің сайлау аумағым бойынша қажетті мәселелерді көтеріп, нәтижесінде шешімін таппаған мәселелер шешілуге тікелей араласып, қаржы бөлінуіне ықпал етіп отырамын. Алайда, сайлаушыларым тарапынан бірнеше жыл көтеріліп шешімін таппай келе жатқан мәселелер де баршылық. Атап айтқанда, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Билікөл ауылдық округінің тұрғындары жергілікті атқарушы және өкілді биліктің алдына көптен бері қойып келе жатқан тұрмыстық проблеманың бірі елдімекендерге газ құбырын тарту.
Ауылдық округтің орталығы – Қарабастау ауылының іргесінен магистралдық газ құбырының өтіп жатқанын ескерсек, көгілдір отынға жақын арада қол жеткізу әр билікөлдіктің сәулелі арманына айналып отыр. Бұл өткір мәселелер бойынша тиісті сауалдар жолданған. Бұл мәселе бойынша ел Үкіметінің де уәдесі бар. Алдағы уақыттта шешімін табады деген сенімдемін, – дейді халық қалаулысы.
Әрине, халық тарапынан көтеріліп, шешімін таппай келе жатқан басқа да мәселелер бар, алайда көтерілген қандай да бір мәселені сессияда қарардың алдында жұмысшы топтары оны жан-жақты зерттейді. Осындай жұмыс топтарының жүйелі жұмысы нәтижесінде, ауданда қордаланған күрделі мәселелер жүйелі шешіліп жатады.
– Сессияда қаралатын әрбір мәселе қол көтеріп, қабылдай салатын оңай дүние емес, ол – бүтін бір саланың проблемасы. Мәслихат қандай шешім қабылдайды, ол саланың сол өңірдегі дамуы да соған байланысты болады. Бұл тұста мынау маңызды, ал, мынау қатардағы мәселе деген болмайды. Себебі, депутат мақұлдаған, қабылдаған шешім түгел бір саланың тамырына қан жүгірте де, жұмысты тұралата да алады, – дейді депутат Руслан Бақытұлы.
Толассыз тірліктің шеңберінде жүріп шыныққан депутат осы жылдарда мол тәжірибе жинақтап, бүгінде Жуалы аудандық мәслихатының жетінші шақырылымының депутаты ретінде Мыңбұлақ ауылдық округіне бекітіліп, халыққа қызметін жалғастыруда. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі ретінде, «Талапты» бастауыш партия ұйымының төрағасы ретінде өңірдің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саласының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген азамат.
Халықтың таңдауы болу – қиын да, жауапты қызмет. Сондықтан да осындай маңызды міндетті атқарып жүрген халық қалаулыларының жұмысына жеміс тілеймін. Ел үшін жасаған істеріңіз берекелі болсын, демекпіз.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close