Qoǵam
Жүйелі жұмыстар жалғасын табады
Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтер әкімдерінің халық алдындағы есебінің тезистерін аудандық «Жаңа өмір» газетінен оқып таныстым. Оның ішіндегі Мыңбұлақ ауылдық округіндегі атқарылған жұмыстарды оқып, 2019 жылы округте біраз жұмыстардың атқарылғанына көз жеткіздім. Бастысы – қаржы толық игерілген. Бұл жұмыстардың барлығы округ әкімдерінің жыл сайынғы есебінде айтылатын ұсыныстар мен талаптардың негізінде іске асуда. Сонымен қатар, Мыңбұлақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы болғандықтан округтегі тұрғындардың талап-тілегінің орындалуына мен де бей-жай қарамаймын.
Округтегі басым жұмыстар Батыр Бауыржан Момышұлы мен жазушы Шерхан Мұртазаның туған жері Талапты ауылында орындалған. Мәселен, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында аталған ауылдағы Б.Момышұлы көшесінің жолы орта жөндеуден өтіп, жарықтандырылып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілген. Ауылдағы үлкен көшелердің қиылысындағы көшелерге құм-шағал төселді. Алдағы уақытта бұл көшелер толық асфальтталады деп ойлаймыз.
Сонымен қатар, ауылға мәдениет үйінің салынуы – тұрғындардың тілегінің бірі еді. Осы талап-тілегіміз мақұлданып, 2 000,0 мың теңгеге Көлбастау ауылының мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалғаны қуантып отыр. Округ әкімінің есептерінде тұрғындарды таза ауызсу мен қамтамасыз ету жиі көтеріледі. Осы мәселе шешімін тауып, үнемделген қаражат есебінен округтегі оншақты үйге су кіргізілді.
Округтегі 2019 жылдағы жұмыстарға куә болдық. Ендеше, ел есінде өткен жыл жүйелі жұмыстармен есте қалып, 2020 жылы округте ел игілі үшін атқарылар жұмыстар әлі де жалғасын табатынына сенім білдіремін.
Мұхтар Тұрғынбеков,
Мыңбұлақ ауылдық округінің
ардагерлер кеңесінің төрағасы