Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Яғни, тәу етер Тәуелсіздігімізге – 30 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл.
Халқымызға Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы Желтоқсанда империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды Желтоқсан көтерілісінің қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыраратын болады. Олардың сол қаһарлы күндердегі қайсар ерліктері бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге.
Осындай ызғарлы көтеріліс Тараз қаласында да өткен. Бұл жерде де қаншама жастар ұлт намысы үшін көтеріліске шықты. Солардың бірі – қазіргі таңда Шақпақата ауылында тұратын көпбалалы ана Гүлмира Алашбаева.
Гүлмира Айтжанқызы 1967 жылы Сарысу ауданының, Байқадам ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті аяқтаған Гүлмира Тараз қаласындағы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне «Кітапханашы» мамандығы бойынша оқуға түседі.
-Бұл оқиға басталғанда мен училищенің бірінші курсында оқитынмын. 17 желтоқсан күні жатақханада отырғанда Алматы қаласынан бір таныс қыз келіп, бізге «Не үшін отырсыңдар? Алаңда жастар қазағым, елім, жерім деп өз жандарын құрбан етуде, сендер болсаңдар еш уайым- қайғысыз отырсыңдар» деп айтты.
Арада көп уақыт өтпей бізге куратор, училище директоры келіп, «ешқайда шықпаңдар!», деп есіктерді жауып тастады. Біз жабылған есікке қарамай, терезеден түстік. Сөйтіп училищенің жастары жиналып, алаңға бет алдық. Жолда педагогикалық колледждің, статтехникумның студенттеріне «шығыңдар, жүріңдер алаңға» деп айқайладық. Олардан 20 шақты адам шықты. Қалғандары өзіміздің училищенің студенттері. Қолымызға плакаттар дайындап алғанбыз.
Алаңға барып «Колбин кетсін! Қонаевты қайтарыңдар!» деп айқалап тұрғанымызда, қашыңдар деген дауысты естідік. Қарасақ, алаңға милициялар келіп, қолдарындағы резеңке сойылдармен жиналған жастарды аямай ұруда. Біз қайтып бара жатып, жанымдағы Меруерт деген дос қызымыз екеуміз алаңға қайтып келдік.
Бір уақытта басыма қатты соққы тигенін және артымнан киімімді тартқанын білемін. Әрі қарай есімнен танып қалғанмын. Есімді жисам, кішкентай тор көзді әйнегі бар машинаның ішінде жатырмын. Жан-жағыма қарасам, қасымда дос қызым, тағы да бір-екі студенттер отыр. Бәрімізді тергейтін жерге алып барды. Ол жердің іші қап-қараңғы. Ішіне кіргеннен әскери адамдар жанында иттермен тұр.
Солай, не керек тергеу басталды. Жанымда отырған бір қызды дубинкамен ұрып, талдырып алып кетті. Сол қыздың тағдыры не болғанын әрі қарай ешкім білмейді. Өйткені содан кейін ол қызды көрген жоқпыз. Училищенің директорын, біздің кураторымызды шақыртты. Бұл жерде қорқыту деген басым болды. Оқудан шығарамыз. Әке-шешеңді партия қатарынан шығартамыз деп қорқытты,- дейді Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Гүлмира Айтжанқызы.
Гүлмира отбасында 12 ағайынды. Әкесі Айтжан Алашбаев Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Сол кездері ауылдағы партия қатарында жұмыс істеген. Ал анасы Күлпаш Сарманова алтын құрсақты ана, үйде бала тәрбиесімен айналысқан.
Желтоқсаншы Гүлмира әкесіне бір зияны тиіп кетеме деп сол кезде қатты қорқады. Сол уақытта Тараздағы өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейтін ағасы Гүлмираны тасқамаудан босатып алады. Оқудан да шығартпауын қадағалап, оны аз уақытқа ауылына демалып келуге жібереді.
-Оқудағы кураторым маған қатты шүйлігіп алды. Қамасаңдар осы қызды қамай беріндер, осы Алашбаева сабақта да бұзық еді, оқудан да шығару керек деп мені қолдаудың орнына, төмендетіп басып тастады.
Тергеу бір аптаға жалғасты. Таңертең бастайды, кешке аяқтайды. Күнде сол бір көрініс қайталанады. Тергеу бәрі біткеннен кейін, бізді үй-үйімізге жіберді. Бірақ бізді жібергенімен тергеу жұмыстары жүріп жатты.
Үйге келсем, әкем түріме қарап «Не болды қызым? Түрің жаман ғой» деді. Сол кезде ағам «Мына қызың Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ана жақта отырып шықты. Тергеу әлі болып жатыр. Ол қай уақытта бітетіні белгісіз» деді.
Мен болған оқиғаны айтып бердім. Қазір әкем ұрсатын шығар деп күтіп отырсам, жоқ әкем арқамды қағып, «Жарайсың, мен соғысқа қатысып ардагер болсам, қызым Желтоқсанға қатысып ардагер атанды» деп мақтады. «Сенің орнында мен болғанда да мен де солай жасайтын едім» деп әкем мені мақтан тұтатын.
«Сізді партиядан шығарса не болады?» дедім. Сол кезде әкем «Мені партиядан шығаратын адам әлі туған жоқ» деп жауап берді.
Училищеге қайтып келгеннен соң оқуымызды жалғастырдық. Бірақ баяғыдай емес. Барлығы бізге бір жауға қарағандай қарайды. Кураторым да артымнан қалмай қойды.
Содан не керек, екінші курсты оқып жүргенде Шақпақатаның жігітіне тұрмысқа шықтым. Өмірге бес перзент алып келдім. Жолдасымның өмірден өткеніне он жылдай уақыт болып қалды. Бала-шағамның барлығын оқыттым. Барлығы үйлі-жайлы.
Мен бала санымен қазіргі таңда зейнеттемін. Бірақ алған мамандығыммен жұмыс істеген жоқпын. Сол кезде бастан тиген соққының зардабын әлі көріп келемін. Басым қатты ауырады, қан қысымым жиі көтеріліп тұрады,- дейді Гүлмира Алашбаева.
Желтоқсаншылар «халық жауы» деген тізімде болған. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың барлығы шетінен ақталып жатты. Бірақ ең өкініштісі оларға Үкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді.
Гүлмира Алашбаева араға қанша жыл салып Тараз қаласында осы бір ызғарлы қақтығысқа қатысқан желтоқсаншылармен жиі-жиі кездесіп, сол кезде бастарынан өткен оқиғаларын еске түсіріп тұрады. Ауданда да өтетін іс-шараларға қонақ ретінде шақырылып, қатысып отырады.
Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Ойымды М.Қаниевтің мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
«Қазақстан тәуелсіз ел, қанатын жайған әлемге,
Ақ бозаты оза шауып, жаңғырған аты әлемде.
Өткен күндер келмеске кетті, тарихта қана айтылып
Жанарларын мұң шалмай, ұлың мен қызың күлуде…»
Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»