Қазір қолданысқа енгізіліп үлгерген COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцина туралы көптен күткен ғылыми мақала халықаралық EClinicalMedicine журналына шықты. Бірнеше әзірлеуші ғалым бірігіп жазған еңбекте нарықта QazVac, ғылым әлемінде QazCovid-in атауына ие болған отандық өнімін клиникалық зерттеудің 1-2-фазасының нәтижелері баяндалған.
Иə, біз бұл ғылыми мақаланың жарияланғанын асыға күттік. Себебі кез келген ғылыми өнертабыстың өлшемі – халықаралық журналда жарияланған зерттеудің қорытындысы жөніндегі мақала. Онсыз өнертабысты өндіріске айналдыру қиын. Рейтингі жоғары журналға шыққан мақалаға сол саланың əлемдегі ең мықты мамандары рецензия береді. Бұған дейін аталған мақаланың бірінші авторы, осы вакцинаны əзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институтының басшысы Күнсұлу Закарья бізге берген сұхбатында: «Біз əлемдік деңгейдегі рецензенттерден алғашқы пікірді алып, олармен тығыз байланыс орнатып отырмыз. Мақаламыз Америкадағы клиникалық зерттеулерді жариялайтын арнайы журналға тапсырылды. Оны халықаралық дəрежесі жоғары медицина ғалымдары қарап жатыр», деген еді. Мінекей, енді оқырманнан сүйінші сұрайтын сəтте келді. Себебі, ғылыми мақала Scopus халықаралық базасындағы 1-квартильге кіретін, ғылыми медицина саласындағы беделді басылым – EClinicalMedicine журналында жарияланды.
Бұл – рецензенттермен кəсіби қарым-қатынас жүргізу мен көп күш-жігер жұмсалған жұмыстың
жемісі, сондай-ақ отандық ғалымдар еңбегінің халықаралық деңгейде м о й ы н д а л у ы . Себебі, м ұ н д а й журналдарға мақала жариялау кейде бір жыл уақытты талап етеді. Ал ғалымдарымыздың биылғы сəуірдің 5-інде жіберілген еңбегін аталған
халықаралық журнал 4 айдан соң жарыққа шығарды. Мақаланың тақырыбынан кейінгі маңызды ақпаратта: «2021 жылы 5 сəуірде келіп түсті, 2021 жылы 28 шілдеде қайта қаралды, 2021 жылы 28 шілдеде қабылданды, 2021 жылы 14 тамызда онлайн режімінде қолжетімді болды», делінген. Мақаланың «Findings», яғни «Нəтижелер» атты бөлімінде: «QazCovid-in® вакцинасы қауіпсіз жəне айтарлықтай төзімді болды, негізінен болмашы жағымсыз əсерлер тудырды; екі сынақта да елеулі
немесе ауыр жағымсыз оқиғалар тіркелмеді. 1 фазалық сынақта, МНА-да (MNA, яғни микронейтрализация – вирусты анықтауға арналған өте сезімтал жəне арнайы талдау – А.Ш.) антиденетитрінің (серо конверсиясы) төрт есе жоғарылауы бар субъектілердің пайызы вакцинаның бірінші дозасынан кейін 59%-ды құрады жəне екінші дозадан кейін 100%-ды құрады. 180-ші күні плацебо (дəрілік қуаты жоқ сұйықтық) қабылдаған адамдардың 40%-ында ELISA (MNA секілді талдау) жəне MNA-мен өлшенетін SARS-CoV-2 инфекциясын болжайтын вирусқа қарсы антиденелер деңгейінің статистикалық түрде жоғарылағанын көрсетті», деп жазылған. Ғылыми еңбек авторлары мақаланың Discussion, яғни «Талқылау» деп аталатын бөлігінде атап көрсеткендей, 1 жəне 2-фазалық клиникалық зерттеулер QazCovid-in® вакцинасының бір немесе екі дозаны алатын 18 жастан 70 жасқа дейінгі ересектерге қауіпсіз жəне жақсы төзімді екенін дəлелдеді. Келесі кезекте ғалымдардың 3-фаза дағы зерттеу нəтижесі туралы ғылыми мақаласын күтеміз. Өйткені, клиникалық сынақтың соңғы кезеңінде вакцинаның дені сау адамдарға ғана емес, денсаулық жағдайы бойынша түрлі топтарға жатқызылатын жандарға да қаншалықты тиімді екені анықталады.
“Егемен Қазақстан” газеті №153,
16 тамыз, 2021 жыл