Qoǵam

Басты мақсат – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу

«Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі — тұман» деп Міржақып Дулатов айтқандай, қазіргі ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стандартқа сай жаңа білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол деп білеміз.

Білім мекемелерінде тәлім-тәрбие алып келе жатқан шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап арта түсуде. Білім шаңырағы үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру мақсатында білім беру сапасын арттыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарды жыл санап жандандыра түсуде. Осы ретте байырғы білім ошағы саналатын №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 2018-2019 оқу жылында 1047 оқушы білім алған болса, оның 270-і озат, 452-і екпінді оқушы атанып, мектеп бойынша білім сапасы 69 пайызды құрады. Оқу жылының қортындысында 118 оқушы орта мектепті бітіріп, қолдарына кәмелеттік аттестат алды. Жалпы алғанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысының көрсеткіші бойынша мектеп бітірушілердің білім сапасы 101,3 пайызды құрады. 118 оқушы жоғары оқу орнына түсіп, 91 түлек мемлекеттік грант иегері атанды.
Сонымен бірге өткен оқу жылында төрт оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 12 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болса, 2018-2019 оқу жылында 11 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, сегіз оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Мектеп-гимназия түлектері Әбзәділ Әйгерім, Көпбай Фарида, Қожамсейіт Гаухар, Мәлікқызы Зәуре, Молдахан Алтыншаш, Сайлау Аружан, Тельман Ұлжан, Тлепалды Дильназ, Мұхтар Жамиля, Нұрлыбай Гүлбақыт, Қалдыбек Сымбат «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлері атанды. Жалпы соңғы үш жылда «Алтын белгі» иегерлерінің саны – 18-ге, «Үздік аттестат» иегерлерінің саны – 30-ға жетті.
Ұстаздар қауымы жеке тұлғаны жан-жақты дамыту, балалардың қоғамдық бірлестіктерін дамыту бағытындағы міндеттерді орындау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Жыл санап мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеру, ғылыми-ақпараттық коммуникациялық желілерді бағындыру белсенділігі арта түсуде. Ұстаздардың жаңа технологияны игеруіне жаппай ден қоюына мектептегі озық тәжірибелі ұстаздар мұрындық болып отыр. «Тренер» сертификатына ие болған ұстаздар «Мектептегі тәжірибе» бойынша Ә.Тоғайбаева, Г.Тәжікенова, И.Түрікбаева, Н.Байғазиева, «Іс-әрекеттегі зерттеу» бойынша Г.Хабдуллаева, А.Жамалбекова, С.Төрегелдиев, Ф.Исмаилова, И.Тілеубаева, «Мұғалім көшбасшылығы» бойынша Ж.Бурабаева арнайы курстардан өтіп жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқыту әдістерін мұғалімдерге үйретіп, тәжірибе жүзінде іске асыруда.
Ұжымда ұзақ жылдардан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаздардан тәлім алған жас мамандар да өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарап, кәсіби тұрғыдан шыңдалу мақсатында аянбай ізденуде. «Талапкер» әдістемелік-тәжірибелік жас мамандар мектебі еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандарды дайындауға ерекше көңіл бөледі. Осының нәтижесінде жас мамандар Қ.Жұманазарова, Т.Егізбаева «Үздік жас маман-2019» аудандық байқауының жеңімпазы атанды.
Білім ошағының оқу-тәрбие саласындағы жұмыстарда жоғары жетістіктерге жетуіне «Озат тәжірибе» мектебінің құрамына енетін тәжірибелі ұстаздар қомақты үлес қосып келеді. Оқу жылында мектеп-гимназияда 164 мұғалім дәріс берсе, оның 45-і жоғары санатты, 29-ы бірінші санатты, төртеуі «шебер-педагог», 24-і «зерттеуші-педагог» біліктілік санаттағы ұстаздар.
Мектеп ұстаздары жеке тұлғаның дарындылық қабілеттерін жан-жақты дамыту бағытындағы зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы бағытта құрылған «Дарын» ғылыми қоғамы мүшелері түрлі пәндік олимпиадаларға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, аудан және облыс көлемінде жеңімпаз атанды. 2019 жылы 17 оқушы аудандық пән олимпиадаларында, үш оқушы облыстық пән олимпиадасының жеңімпаздары атанды. Аудандық және облыстық ғылыми жобалар байқауында жеті оқушы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Мұғалім өзінің кәсіби шеберлігін өзгеден үйреніп, өзінде дамыта отырып, өзгемен озық тәжірибесін бөліскенде ғана өседі, дамиды. Осы бағытта аудандық және облыстық көлемде шеберлік сабақтар беріп, тәжірибелерін баспа беттерінде жариялап жүрген мұғалімдердің қатары көбейіп келеді. Өзінің озық іс-тәжірибесімен бөліскен облыстық ғылыми-практикалық конференцияда шеберлік сабағын көрсеткен А.Махмұтова, Б.Полатова, «Сабақты зерттеу – мұғалімнің кәсіби дағдыларын жетілдіру тәсілі ретінде» тақырыбында облыстық конференцияда Ғ.Әміралиев, облыстық және аудандық семинарларда пән мұғалімдері Д.Шинасилова, А.Саурыкова, Ұ.Ахметова, Ж.Қаңтарбаева, Г.Тәжікенова, А.Елгембаев іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Еліміздің ертеңі бәсекеге қабілетті білім иелерінің қолында. Сондықтан да мектеп-гимназия педагогтары өскелең ұрпаққа жан-жақты терең білім беру, үштұғырлы тілді меңгерту, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға және салт-дәстүрлерімізді құрметтеуге тәрбиелеу міндеттерін өздерінің абыройлы парызы деп түсініп, парасат биігінен көріну үшін қажымай еңбек етуді мақсат тұтып отыр. «Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім деңгейімен өлшенеді»,- деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мұғалім еңбегінің жемісі шәкірттерінің қол жеткен табыстары болып табылады. Дегенмен ұжым мүшелері қол жеткен табыстарға тоқмейілсімейді. Табыс бір жағы ұстаздар үшін мәртебе болса, бір жағынан – өте үлкен жауапкершілік болмақ.

Руслан САЙЛАУБАЕВ,
№19 Дінмұхамед Қонаев атындағы
мектеп-гимназия директорының
ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close