Qoǵam
Ұжымның басты қағидасы – татулық
Аудандағы «Қазақтелеком» Жуалы желілік техникалық цехының ұжымы өзге ұлт өкілдерінен құралған. Қазақстанды Отанымыз деп санайтын олар тату-тәтті, бір атаның баласындай сыйластықпен, бірлікпен қызмет етіп келеді.
Жалпы бірлігі мен тірлігі жарасқан ұжымда 30 адам жұмыс істейді. Оның ішінде ұзақ жылдар бойы орыс ұлтының өкілі, байланыс технигі Светлана Почеховская, шешен ұлтынан сату учаскесінің маманы Зара Исаева, украин ұлтының өкілдері, жетекші есепші маманы Марина Клепикова және сату учаскесінің маманы Оксана Конаракова еңбек етуде.
-Біз көпұлтты мемлекетпіз. Бір шаңырақ астында сонау заманнан бері тату-тәтті, бір-бірімізге жанашыр болып, өмір сүріп келе жатырмыз, – дейді мекеме басшысы Нұркен Ондасынов. – Біздің ұжымның қызметкерлері де бірлік пен татулықтың арқасында ұзақ жылдар бойы тұрақты еңбек етіп келеді. Солардың ішінде 1983 жылдан бастап мекеменің барлық өзгерістері мен жаңалықтарын бастан өткеріп келе жатқан Марина Викторовна Клепикованы атасам болады. Одан кейінгілердің барлығы 1990-шы жылдардан бері қарай жұмыс істеуде. Әркімнің ұжымда алар орны ерекше. Әр ұлт өз тілінде сөйлеуге құқы бар. Ешкімді шектемейміз. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын, тапсырманы уақтылы орындайтын жандар. Барлығы да қарапайым, ақкөңіл, әріптестері арасында сыйлы азаматтардың қатарында. Алдағы уақытта да осы қалпымыздан танбай, ауданымыздың көркеюіне атсалыса береміз деп ойлаймын.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Бір шаңырақ астындағы халқымыздың ынтымағы мен өзара ауызбірлігіміз нығая түсіп, мемлекетіміздің ұлтаралық татулығы әрдайым берік болып, достық пен бірлік мәңгілік жасай берсін.
Мерекелік сипатта материал дайындау мақсатында аталған ұжымға арнайы барғандықтан, қызметкерлердің ішінен өзге ұлт өкілдерін әңгімеге тартқан едік.
– Менің бұл мекемеде жұмыс істегеніме 23 жыл болды. Бір мекемеде осыншама уақыт еңбек етіп келе жатқаныма қуаныштымын. Көп уақытымды үйде емес, ұжымда өткіземін. Сондықтан бұл мекеме менің екінші отбасыма айналды десе де болады. Шағын ұжым болсада, мұнда тату-тәтті, достыққа берік жандар еңбек етеді. Әркез бір-бірімізге көмек қолымызды созудан тартынбаймыз. Алғаш еңбек жолын бастағанымда ұжымдағы ең жас қызметкер мен едім. Ал, қазіргі таңда жастарға үлгі-өнеге болатын маман болдық. Жастарымыз өте кішіпейіл. Қандай мереке болсын, әрдайым ұйымшылдықпен атап өтеміз. Біздің ұжым оны іспен дәлелдеуде, – дейді Светлана Почеховская.
Ал, Зара Әбуқызы осында 1993 жылдан бастап жұмыс істейді екен. Оның айтуы бойынша, алғашында еңбек жолын телефонист болып бастап, кейіннен телеграфист, оператор қызметтерін атқарған. «Ұжымның менің өмірімде алар орны ерекше. Себебі, әріптестерім менің екінші отбасым. Бар уақытымды жұмыста өткіземін. Әрдайым бірге болғандықтан маған бәрі ыстық болып тұрады», – дейді ол ағынан ақтарылып.
Достығы берік түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжымның басты қағидасы – татулық. Көпұлтты ұжым бола тұра, өздеріне тән ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, бейбітшілікті жоғары бағалайтын осындай еңбек ұжымдары мемлекетіміздің мықты тірегі.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»