Qoǵam
КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу бойынша СҰРАҚ-ЖАУАПТАР
Қазақстан Республикасында қандай вакцина қолданылады?
Жауап: 2021 жылдың ақпан айынан бастап ҚР-да Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак (“Спутник V”) вакцинасымен КВИ-ға қарсы вакцинация басталды. Бұдан әрі, вакцинация Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасымен жүзеге асырылады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап отандық өндіріс – QazCovid-In препаратымен вакцинациялауды бастау жоспарланып отыр, ол қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінде тұр.
Коронавирустық вакцинаны кім ала алады?
Жауап: Вакцинация вакцинаның түсуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтары вакцинацияланып, одан әрі иммундауға жататын халықтың қалған топтары қамтылатын болады.
Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, АМСК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. Екінші кезеңде вакцинация жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызметкерлерін қамтиды. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтарын, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерін қамтиды.
Бұдан басқа, кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.
Коронавирустық вакцинадан аллергиялық реакция болуы мүмкін бе?
Жауап: кез келген вакцинациядан бұрын медицина қызметкері егілушіде аллергияның болуын нақтылайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға егуден медициналық шеттету беріледі. Сонымен қатар, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, өйткені әр организм өзінше бөлек. Уақтылы әрекет ету үшін вакцинациядан кейінгі алғашқы 30 минутта адам медициналық бақылауда болуы керек (мед. мекеме қабырғасында): дәл осы кезеңде вакцинаға аллергиялық реакция пайда болуы мүмкін.
Ресейде вакцина алғандарға және вакцинацияланғандарға күнделікті телефон арқылы тексеру жүргізіледі. Бізде де осындай техникалық сәттер қарастырылған ба?
Жауап: барлық вакцинацияланғандар алғашқы 30 минутта медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Келесі 3 күнде олар тіркелген жердегі учаскелік дәрігерлердің динамикалық бақылауында болады. Медициналық бақылау рәсімі кез келген екпені алғаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар, вакцинацияланған әрбір адамға вакцинаның ықтимал жанама әсерлері және осындай әсерлер пайда болған жағдайда олар жүгіне алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.
Қарағанды зауытында шығарылатын вакцина қайда қолданылады?
Жауап: Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы тек Қазақстан Республикасында ғана қолданылатын болады.
Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу керек?
Жауап: коронавирустық вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және бекітеді, адам ағзасындағы антиденелер саны артады.
Ресейлік “Спутник V” вакцинасының сапасы жеткілікті тексеруден өтті ме?
Жауап: бұл вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылады. Ресей Федерациясының тікелей инвестициялар қорының мәліметінше, 50-ге жуық ел осы вакцинаны сатып алуға өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларусь, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде қолдануда.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тіркелмеген дәрілік заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде қазақ немесе орыс тілдерінде аудармасы бар дәрілік заттың сапасын растайтын өндіруші құжатының электрондық көшірмесі (талдау сертификаттары немесе сынақ хаттамасы немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты) болуы міндетті. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген covid-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережесі бекітілді.
Біздің елімізде қандай вакциналар жасалуда?
Жауап: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирустық инфекцияға қарсы кандидат-вакциналардың ішінде Қазақстанда шығарылған 5 кандидат-вакцина бар. Біріншісі – ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі –БҚП ҒЗИ) әзірлейтін, клиникалық зерттеулер сатысындағы белсенді емес вакцина. Сонымен қатар:
1) Қазақ ұлттық аграрлық университеті Огайо (АҚШ) штатының университетімен бірлесіп;
2) Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
3) М. Айкимбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы;
4) БҚП ҒЗИ-мен әзірленетін және клиникаға дейінгі зерттеулер сатысында тұрған тағы төрт суббірлікті вакцина.
Интернетте вакцинация арқылы халықты жаппай чиптеу туралы қауесеттер таралуда. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?
Жауап: Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамдарды ешқандай чиптеуді көздемейді. Егуді алу алдында әр адам вакцинаның құрамы туралы ақпарат берілген нұсқаулықпен танысуға құқылы.
Неліктен коронавирустық вакцина осыншалық тез жасалды?
Жауап: Пандемия кезінде бұл вакцинаға шұғыл қажеттілік туындады. CОVID-19 вакциналарының жасалуы бүкіл әлемде коронавирустық инфекциядан жаппай инфекция мен өлім жағдайларына байланысты өте шұғыл жағдайда жүргізілді. Сонымен қатар, фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурстар жұмсады. Бірақ оның жылдам жасалуы компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларын айналып өткенін білдірмейді.
“Спутник V” вакцинасына келетін болсақ, оны жасап шығарушы Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы алдыңғы құрылған дамуларға сүйенді. Орталық пандемиядан бұрын-ақ SARS-CoV-2 коронавирусын қамтитын РНҚ-ы бар қабықшалы вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан болатын.
Жағымсыз көріністер қалай сипатталады?
Жауап: клиникалық зерттеулер, сондай-ақ ұқсас технологиялық платформа негізінде басқа вакциналарды зерттеу шеңберінде анықталған вакцинаны қолданудан жағымсыз әсерлер көбінесе жеңіл немесе орташа біліну дәрежесінде болады, бұл жағдай вакцинациядан кейінгі бірінші-екінші тәулікте дамуы мүмкін және келесі 3 күн ішінде қалыпты болып табылады. Көбінесе қысқа мерзімді жалпы (қалтырау, дене температурасының жоғарылауымен сипатталатын қысқа тұмау тәрізді синдром, артралгия, миалгия, астения, жалпы әлсіздік, бас ауруы) және жергілікті (инъекция орнындағы ауырсыну, гиперемия, ісіну) реакциялары дамуы мүмкін. Ресейлік әріптестерінің айтуынша, вакцинацияланғандардың 6%-ында КВИ вакцинасына ИКҚК тіркелген.
КВИ-ге антиденелердің деңгейі неге байланысты?
Жауап: Иммундық күйге және адамның жеке ерекшеліктеріне, оның ішінде денеде қорғаныш ақуыздарын шығару қабілетіне байланысты.
Егер адам екі кезеңнің арасында коронавируспен ауырса, вакцинаның екінші компонентін енгізу керек пе?
Жауап: Мұндай адам Сovid-19 инфекциясымен ауырушы ретінде бағаланады, яғни вакцинацияны аурудан кейін 6 айдан соң жүргізуге болады. Егер вакцинация кезеңдері арасында адам ЖРВИ сияқты немесе басқа жұқпалы аурумен ауырса, онда екінші вакцинация біріншіден 21 күн өткен соң емес, сауығып, қалпына келгеннен кейін 2 аптадан кейін жасалуы керек. Егер бұл CОVID-19 болса, онда вакцинаның екінші компонентін аурудан кейін бірден енгізуден сақтану керек.
Дозалар арасында Ковид болуы мүмкін бе?
Жауап: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бірінші вакцинациядан кейін вакцинацияның екінші кезеңіне дейін адамдармен байланысты азайту және барлық алдын-алу шараларын сақтау қажет екенін еске салады. Иммунитет біртіндеп дамиды, сондықтан осы кезеңдер арасында адам қорғалмаған, осал болады. Ол коронавируспен ауыруы мүмкін.