Qoǵam
Ораза және вакцинация: Індетке шалдықпау үшін вакцина алу маңызды
1 ақпанда елімізде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталғаны мәлім. Қазіргі кезде ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынып жатыр. Жылдың соңына дейін 6 миллион адам екпе қабылдайды деген жоспар бар.
Вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңімен салынуда. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Ал сәуір айынан бастап COVID-19-ға қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасы шығарылады.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, вакцинация басталғалы 76 мың адам ресейлік вакцинаның бірінші компонентін салдырған. Сәуір айында созылмалы ауруы бар адамдар мен 65 жастан асқандарға екпе салу жоспарланып отыр.
Сәуірде мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Сол кезде коронавирусқа қарсы “QazCovid-in” атты қазақстандық вакцина да шығады. Ал ораза ұстағысы келетін мұсылмандар қауіпті вирустан да қорғануды қалайды.
Ораза қарсаңында жамағат арасында «Елімізде қолданылып жатқан коронавирусқа қарсы екпенің құрамы қандай, Халал стандартқа сәйкес келе ме?», «Ауыз бекіткеннен кейін вакцина салдыруға бола ма, екпе оразаны бұзбай ма?» деген сауалдар жиі қойыла бастады.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де қасиетті Рамазан айында мұсылман қауымынан екпе жайында бірқатар сұрақтар түскенін, олардың басым бөлігі коронавирусқа қарсы вакцинация оразаны бұзатынына не бұзбайтынына қатысты екенін мәлімдеп үлгерді.
Айта кетерлігі, вакцинацияның оразаны бұзатын-бұзбайтыны турасында мамандар пікірі екіге қақ жарылып отыр. Бірқатары «вакцинация адамға күш-қуат бермейтін, сондай дәрулік мақсатта қолданылмайтын болғандықтан, оразаны бұзбайды» десе, енді біреулері «вакцинация ерікті болғандықтан, аса бір қажеттілік болмаса, екпені Рамазан айына дейін немесе одан кейін салдыруға болады» деп есептейді.
Жалпы, ислам ғалымдарының көбісі екпе арқылы денеге салынатын дәрі-дәрмекке ем және адам ағзасына қажетті энергия ретінде қарайды. Дейтұрғанмен, ағзаға салынатын екпенің құрамы әлі зерттелмеген. Дәлірек айтқанда, вакцинаның тиісті талапқа сәйкестігі анықталмаған.
Қазір елде қолданылып жатқан вакцина – шетелдік. Сондықтан оның құрамын толық зерттеу жауапты министрлікке де қиынға соғып отырған көрінеді.
Оразаның шартына сай егер белгілі бір зат адамның ас қорыту жүйесіне ауыз, мұрын сияқты табиғи саңылаулар арқылы енсе, ораза бұзылады. Ал, пенициллин, инсулин, вакцина, ауырсыну мен қызуды басатын дәрілер сияқты ауруды емдеуге және алдын алуға арналған препараттар мен дәрумендер қолданылған жағдайда ораза бұзылмайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы пәтуасы шыққанға дейін әзірге «COVID-19-ға қарсы вакцинаны қабылдау оразаны бұзбайды» деп кесіп айту қиын. Дегенмен, жұқпалы індеттің ілмегіне ілінбеу үшін вакцина алу маңызды.
Еске сала кетсек, қасиетті Рамазан айы биыл 14 сәуірде басталады. Қадір түні 10 мамырға қараған түнге түсіп тұр. Ал Ораза айт 13 мамырда өтеді.
Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»