Qoǵam

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде татуластыру рәсімдері кеңінен қолданылады

Сот қызметіне тың серпін беретін тағы бір заң 2020 жылдың 29 маусымында Президент Қ.Тоқаевтың қолы қойылған «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды.
Атап айтқанда, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы. Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын.
Тағы бір жаңашылдықты айта кетсем деймін. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
Заңда «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолданылады. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі.
Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім бойынша келісім не оның шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітпей тастайды. Сондай-ақ, адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді.
Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
Кодекс тұлғаның оған қатысты әкімшілік акт қабылданғанға дейін тыңдау құқығын реттейді. Құрылған арнайы принциптер сақталмаған жағдайда әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болуы мүмкіндігі қарастырылған.
Оқшауланған сот ісін жүргізуде жария-құқықтық сипаттағы дауларды шешудің жаңа тетіктері енгізілуде. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі әкімшілік органмен дау кезінде сот процесінде жеке тұлғаның құқықтық мүмкіндіктерін теңестіруге мүмкіндік беретін құқықтық құралдарды қарастырады. Ал, дәлелдеу ауыртпалығы даулы әкімшілік актіні қабылдаған әкімшілік органға жүктеледі.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі «әкімшілік орган» түсінігін бекітті, оған мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен қатар құрамына әкімшілік актіні қабылдауға, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жасауға уәкілеттік берілген мемлекеттік заңды тұлғалар, басқа ұйымдар кіретін болады. Осылайша сотта әкімшілік орган немесе өкілетті тұлға жауап беруші болады.
Кәсіпкерлік субъектілері үшін маңызды жаңашылдықтардың бірі – әкімшілік актіде байланысты бір сот өндрісінде арнайы аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотта әкімшілік іс-әрекетке (әрекетсіздікке) байланысты жауапкерден келтірілген залалды өтеуді талап ету мүмкіндігі.
Сонымен қатар, кодекс егер берілген әкімшілік актімен келіспеу жағдайында жоғары тұрған әкімшілік органға шағым түсіруді қарастырады. Осы ретте әкімшілік органда немесе өкілетті тұлғада егер ол үш жұмыс күні ішінде қолайлы әкімшілік актіні қабылдаса, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекетті жасаса, шағымды жоғары тұрған органға жібермеу мүмкіндігі бар.

Байжан Жамалбекұлы,
Жуалы аудандық сотының судьясы

Таңдаулы материалдар

Close