Qoǵam
Қамкөңіл жандарға қолайлы жағдай жасалуы тиіс
Аудан әкімдігі жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы жұмысшы тобының отырысы өтті. Отырыс аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен кіші мәжіліс залында комиссия мүшелерінің қатысуымен өтіп, онда бірнеше мәселе қаралды.
Комиссия отырысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2021 жылға іс-шара жоспарының және 2021 жылы 18 тамыздағы комиссия отырысының №2 хаттамадағы берілген тапсырмалардың орындалуы, 2022 жылғы бейімделетін нысандарды іс-шара жоспарына енгізіп, бекіту мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов баяндама жасады.
Баяндамашы өз сөзінде, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018, 2019, 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында, аудан әкімдігі жанынан жұмысшы тобы құрылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұдайы баратын ғимараттар тізімге алынып, кезең-кезеңімен бейімделу жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелер мен қызмет көрсету орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар жасау, олардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында және «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру шеңберінде өңірде 2021-2025 жылдарға 86 нысан жоспарланғанын атап өтті.
Ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, “Nur Otan” партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін биыл бірінші кезекте 17 әлеуметтік маңызы бар нысандар бекітілгенін де жеткізді.
Аудандағы мекемелер мен білім беру ұйымдарындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруы үшін жасалған дүниелерде кеткен кемшіліктерді саралап, баяндады. Оның ішінде аудандағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ретке келтіру мәселесі де қаралды.
Одан кейін алдағы уақытта ауданымызда бейімделетін нысандарды жоспарлап, нақтылады.
Жиында тиісті мекеме басшыларына хаттамалық тапсырмалар беріліп, отырысты аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылады.
-Жұмыс барысында кеткен кемшіліктерді бірлесе отырып шешуіміз керек. Белгіленген бейімделген нысандар бақылауда тұр. Сондықтан оны талаптарға сай орындауымыз тиіс. Бұл мәселелер күн тәртібінен түспейді. Аудандағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін назардын тыс қалдырмай, қолға алуымыз қажет. Тағдыр талкегіне түскен балаларды қоғамға бейімдеп, оларға қолайлы жағдай жасауымыз тиіс. Қолдан келгенше, мұндай балалар үшін сауатты әрекет жасап, бірлесіп жұмыс істейік. Қолға алған жұмыстарды сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырайық, – деді аудан әкімінің орынбасары А.Садыққызы.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»