Qoǵam

Имандылық – ізгілік негізі

Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін дұрыс қалыпқа түсіретін ішкі рухани қадір-қасиет, пенде бойындағы адалдықтың,адамгершіліктің ізгі белгісі.
Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі қасиеттеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүние есігін ашуы, ержетіп өсуі, еңбек етуі, қартаюы, ата-анамен баланың қарым-қатынасы, құрметтілік пен кішіпейілділік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі есебінде ешқашан да назардан тыс қалмаған.Бүгінгі жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің өзінен кішілерге ізет көрсетуі өмір сүру қалпына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен өмір сүру дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың қалыптасуына негіз болған. Өн бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіріп өскен пендені: «көргенді, жүрегінен нұр, өңінен ылғи да жылу бөлетін, әрдайым жақсылық жолын ойлап жүретін», әр істе шынайылық көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған.
Мұсылмандық дүниетанымына сүйенсек, имандылық иманнан пайда болады. Ал, иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға берілетін көркем де сұлу мінез.
Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда да имандылық – аса қастерлі, биік адамгершілік қасиет ретінде ұғынылады. Имандылықтың шынайы төріне төрт нәрсе арқылы қол жеткізуге болады. 1.Аланың жазуына шүкіршілік; 2. Алла тағалаға шын пейілмен сенушілік; 3. Барлық істе Аллаға жүгінушілік; 4. Сана-сезіміңе кереғар нәрсеге шыдамдылық.Осы төрт асыл затты адам баласы берік ұстанса, имандылықтың биік белесінде болатыны хақ.
Бәріміз білетіндей, қазіргі уақытта жастарымыздың жаппай имандылыққа бет бұрып Аллаға деген сенімдерін арттырып жатқаны көңіл қуантады.Осыған орай Көкбастау ауылдық округінде біршама істер атқарылып келеді.Айта кететін болсақ ,үстіміздегі жылдың сәуір айында жоспар бойынша Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының дінге жауапты бас маманы Дәулет Қыдырбаевтың ұйымдастырумен №30 Көктөбе орта мектебінде «Қазіргі заман және терроризм» тақырыбында мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Сонымен қоса «Ислам діні және сыбайлас жемқорлық» тақырыбында Көктөбе ауылдық мешітінің имамы Алғабек Сүгірбеков және Бақалы мешітінің имамы Бақытжан Ілесов пен бірлесіп ауыл тұрғындарына баяндама оқылып уағыздар айтылды. «Бейіттерді тазалау күні» іс-шарасына байланысты Бақалы ауылының бейітінде ауыл тұрғындары және жастарымен тазалау жұмыстары жүргізілді.Осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, жастарымызды имандылыққа тәрбиелесек үлкеніміз де, кішіміз де мол ризық жинап, келер ұрпағымыздың иманды болып өсуіне кәміл сеніммен қарайтынымыз анық.

Дәулет ҚЫДЫРБАЕВ,
Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close