Qoǵam
Ауыл әкімдерін тікелей халық сайлайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында елдегі әлеуметтік және саяси мәселелерге кеңінен тоқталғаны мәлім. Соның ішінде Президенттің ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұған дейін елді мекендердің басшылары халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланбағаны белгілі. Жаңа бастама қалай болмақ?
«Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет» деді Президент.
Негізінен елімізде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі бұрыннан бар. Елді мекендердегі мұндай саяси дода 2013 жылы басталған-ды. Төрт жылдан кейін, 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдері сайланды.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа бастамасының бірнеше ерекшелігі бар. Бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтамақ.
Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы анықтайды. Тіпті, мұхиттың арғы бетінде жергілікті үндіс тайпаларының көсемдері сайлау арқылы анықталады екен. Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайды. Ендеше, Мемлекет басшысы айтқан бастаманы шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Президент Қ.Тоқаев Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алып, бұл ең біріншіден мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс емес, бұл билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог екенін баса айтты. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Парламент соның негізінде тиісті заңдар қабылдайды. Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр» деп атап өтті.
Әлбетте, Президент сөзінен жергілікті басқару органдарында әлі күнге көптеген кемшіліктердің бар екенін аңғаруға болатындай. Мемлекеттік басқару жүйесін әлі де болса жетілдіре түсудің қажеттігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Жасыратын несі бар, бұл салада бұрынғы тамыр-таныстық, «әке, көкенің» уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Жарқын болашаққа бет түзеп бара жатқан Қазақ елінің басқару саласына көзі ашық, көкірегі ояу, бәсекеге қабілетті, білімді кадрлар ауадай қажет.
Сөзіміздің соңын даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұылының қанатты сөзімен түйіндесек: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деп Батыр жазып қалдырғандай, дәл қазіргідей күрделі уақытта әкімдік қызметіне іс тетігін шеше алатын, жанашыр, патриот азаматтарды сайлағанымыз дұрыс болмақ.