Qoǵam

Өз анам Анаштың көргендері

Тарлан тарих беттері ашаршылықтың қазақ даласында алғаш 1929 жылы болып, кейін 1932 жылы қайталанғанын деректейді. Соның кесірінен халықтың тең жартысына жуығы аштықтан көз жұмған. Ал қырылғаннан қалғандары жан сақтау қамымен басқа елдерге бас сауғалап, босып кеткен. Мұның бәрі қазақ халқына, ұлтына жасалған қиянат еді.
1930-1940-шы жылдары қырылған қазақтардың санында есеп жоқ десе де болады. Кеңес өкіметі тұсында отарлаушы елдің мүддесіне бұрмаланып жазылған тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып келеді. Тәуелсіздік жылдарына дейін ашаршылық, нәубет жылдары 2,5 миллиондай қазақ қырылды деп көрсетіліп келсе, төл тарихымызды қазір тәуелсіз көзқараспен жаңаша бағамдаған тарихшылар осы жылдары 8 миллион қазақтың 4,5-5 миллиондайы қырылып қалғанын дәлелдеп отыр. Тірі қалғандарының тең жартысы шетел асып кеткенін ескерсек, аталған жылдары Қазақстанда небары 1 миллиондай ғана қазақ қалса керек. Әйтеуір, «аққа – Құдай жақ». Аман қалған азғантай қазақтан өсіп-өнген бүгінгі ұрпақ ел болып, тарихтан тағылым алып, өткенге тағзым етіп отыр. Құдайға мың мәрте шүкіршілік делік.
Ақтоған ауылының тұрғыны, өз анам Анаш Көкекқызы дәл осы кезеңде дүниеге келіп, көзін тырнап ашқаннан жоқшылық пен бейнетке душар болған. Ол 1935 жылы көршілес Қырғыз Республикасы Талас облысы Киров ауданының Қайнар ауылында шаруа отбасында өмірге келген. Отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі екі ұл, бір қыз әкенің мейірімін көрмей, шеше тәрбиесінде өсіп-жетіліпті.
Небәрі 4-кластық білімі бар анам Анаш қаршадайынан өте өжет, тапқыр әрі пысық болып өскен. Екі ағасының үлкені Жетпіс ағасы Қайнар ауылында учаскелік милиция инспекторы болып қызмет атқарса, кіші ағасы Алпыс әскери совхозда есепші-кассир болған.
Анаш 4-сыныпты аяқтаған соң ауылдағы өзімен тең құрбыларымен бірге колхоз жұмысына жегіліп, алқап басында масақ теріп, қаптың аузын ашып, байлап тұрады екен. Кешке Ырысқыз шешесі екеуі кезектесіп бидай тартып, оны ұн етіп дайындап нан пісіреді. Есік алдына келіп, жаутаңдаған жетім балаларға талай нан таратып беріп, оларды аштықтан аман алып қалған.
– Бала күнімізде ашаршылықтың о жақ-бұ жағын біз де көріп өстік. Ол кезде адамдардың бәрі ашқұрсақ жүретін. Шешем бидай ұнтағынан быламық көже пісіретін. Ауылдың жас балалары біздің үйден ас ішіп тұратын. Қарнының бір тойғанына мәз болысқан олар өз жөндеріне тарап кететін. Келесі күні тағы біздің үйді сағалап келеді. Дегенмен шешем Ырысқыздың етітірілігі мен пысықтығының арқасында бауырларым ішім-жемнен тарықпады.
1940-1941 жылдары әкем соғысқа кеткен. Үйде тек шешем мен ағаларым ғана қалған. Әкем Көкек өте өжет қайратты кісі болған екен. Әкем туралы бар есімде, қалғаны ол отбасына барынша қамқор, еліне адал еді. Біздің үйде аша тұяқтан 300 бастай саулық қой мен ірі қарадан 10 шақты сауынды сиыр болған. Оны да колхоз басқармасы «соғысқа ет керек, азық-түлік керек» деп қолымыздағы барымыздан айырды, малымызды тартып алып кетті. Шешем колхоздың сиырын сауып, әкем малын бағып, шөбін тасып, сонымен күнелтетін.
Біз ауыр күндерді басымыздан өткеріп жаттық. Әкем бауыр обырынан, яғни рак ауруынан қайтыс болды. Мен онда небәрі 12-13 жаста екенмін. Шешем екі ағам мен мені жалғыз тәрбиелеп, ауыр еңбек ете жүріп, бізді ешкімнен кем қылмай өсірді, адам қатарына қосты, – дейді анам Анаш.
Ол 1953 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданының бұрынғы Марьяновка, қазіргі Ақтоған ауылының азаматы Жұмахан Айхожаевқа тұрмысқа шығады. Анам 12 құрсақ көтерген, оның 4-уі шетінеп, қалған сегізі бүгінде тірі. Анам мен әкем бес қыз, үш ұлды тәрбиелеп өсіріп, олардың бәріне жоғары білім әперді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінгі таңда олардың әрқайсысы түрлі қызмет саласында еңбек атқарады.
Әттең әкем Жұмахан бұл күнді көре алмады. 2008 жылы дүние салды. Анамның өз кіндігінен өрбіген ұл-қыздарынан бүгінде 36 немересі, 23 шөбересі бар.
Анаш анам 40 жылдай шаруашылықта сушы болып еңбек еткен, картоп, қант қызылшасы, жүгері алқаптарын, дәнді дақылдарды суғарған. «Алтын алқа» алқасының иегері, тыл және еңбек ардагері. Дәмді тағамдар дайындап, тігін тігеді, жасы 85-тен асса да әлі тың.
Айгүл АЙХОЖАЕВА,
Жаңаталап ауылдық
клубының маманы

Таңдаулы материалдар

Close