Qoǵam
Құс етінің 23 түрі сатылуда
Орталық базар аумағындағы «Табиғат байлығы» сауда орталығында тағы 15-ке жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Мұнда балық, ет, сүт өнімдері, «ТаразКожОбувь» мекемесінің аяқ киімдері, парфюмерия, басқа да киім-кешектер сатылуда. Сондай-ақ, Жамбыл облысы Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы «Әулие-ата Феникс» құс фабрикасының өкілдерімен бірлесіп «Табиғат байлығы» сауда орталығының басшысы, білікті кәсіпкер Лечи Оздамиров арнайы бір сауда нүктесін құс өнімдеріне арнап отыр. Жуырда «Әулие-ата Феникс» фирмалық дүкенінің ашылу салтанаты өтті. Жуалы өңіріне алғашқы болып алып келген инвесторлар жуалылық кәсіпкерлер мен сатушыларды және аудан тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
-Біздің құс фабрикаты “Гәкку” брендімен үш жыл бұрын құс өнімдерін шығара бастаған еді. Біз табиғи таза, сапалы, халал құс еті өнімдерін шығарудамыз. Фабрика басшысы Фарида Амансарықызы Жүнісованың басшылығымен экологиялық сапалы, таза жабдықтармен және автокөліктермен отандық өнімді шығарып, тасымалдаймыз. Құс етін шығарып жатқан аппараттар және жабдықтар арнайы Голландиядан әкелінген,- дейді фабриканың сату бөлімінің бастығы Ерлан Тұғанбаев.- Біздің мекеме бірлесіп жұмыс істейтін мекемелердің, ұжымның жұмысына қатысы бар ұйымдардың сертификаттарымен қамтылған. Сондай- ақ, арнайы сапа белгілері де бар. Бүгінде фабрика шығаратын құс өнімдері Тараз қаласының 70 сауда орындарында, өзіміздің Байзақ ауданында сатылады. Енді, міне, Жуалы ауданында алғашқы сауда орталығымен келісім жасалып, өнімдерімізді әкеліп отырмыз. Арамызда ешқандай алыпсатарлар жоқ және болмайды да. Сондықтан да баға да өте тиімді, әрі қолжетімді. Біздің мекеменің дилері Руслан Сафин өзі әкеліп, тапсырып отырады. Өзінің жерлестеріне қолайлы жағдай жасап отырған білікті және кәсіби деңгейі жоғары кәсіпкер Лечи Геланиевичке алғысымыз шексіз.
Фабрика қызметкерлері сауда орынына өздерінің құрал-жабдықтарын, мұздатқыштарын әкеліп орнатып қойып, екі жұмыс орнын ашқан. Ал сатушылар жуалылық келіншектер, көп жылдан бері базарда жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер Малика Хашимова мен Мадина Оздамирова. Сауда жабдықтарына орналастырылған құстың 23 түрін тізіп қойған. Өнімнің екі түрі: балғын ет және мұздатылған ет сәнді, арнайы қораптарға салынып, сырты оралған экологиялық таза өнімдерімен олар келушілерді таныстыруда. Жуалылықтарды құс етінің көп түрі және бағасы да қуантып отыр. Кейбір сауда орталықтарынан бағасы әлдеқайда төмен.
-Менің мақсатым – жаңа жұмыс орындарын аша отырып, жерлестерді экологиялық таза, сапалы және халал құс өнімдерімен қамтамасыз ету. Сондай- ақ, бағаны тұрақтандыру және құс етінің 23 түрін ұсыну. Мұнда «бройлер балапан», «цыплята табака», сондай- ақ, мұздатылған филе, қанаттар, жамбас, сан еті, окорочка, бауыр, жүрек, мойын еті, рагу, фаршы, тауықтың жартысы, толық балапан, т.б. түрін сатып ала алуға болады. Енді біздің кәсіпкерлер Таразға, Шымкентке бармай-ақ тікелей фабриканың өзінің бағасымен осында сатып ала алады,- деді Лечи Оздамиров.
-Маған дүкендегі құс етінің ассортименті ұнады, өйткені оның көптеген түрі бар екен. Бағасы да төмен, сондай- ақ, мұздатылған және балғын етті таңдауға болады. Енді тек осы фирмалық дүкеннен құс етін сатып аламын,- деді Көлбастау ауылының тұрғыны Валентина Околотина.
Дүкенге келушілер ауданымызға осындай бағалы инвесторды тартып, жағдай жасап отырған Лечи Оздамировқа алғыстарын айтып жатты.
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»