Qoǵam
Кеселмен күрес – бүгінгі күннің талабы
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Әрбір қоғам дамуының күнгей жағымен қатар көлеңкелі тұстары да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде алға басқан қадамымызды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқасымыздың азаматтық борышымыз болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу болып табылады. Осы заңмен, мемлекеттік міндетті атқаратын және де оларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін, мүмкіндіктерін пайдалана отырып пайда табу «сыбайлас жемқорлық» деп анықталған. Мемлекеттік тиісті органдар сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жалғастырып, пәрменді шаралар қабылдап отырғаны баршаға белгілі. Оның айтарлықтай нәтижесі де бар. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары және баспасөз арқылы қоғам мүшелеріне жеткізіліп жүр.
Әлемнің көптеген елдері сияқты біздің мемлекетімізде де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Қазақстан – бұрынғы кеңес Одағы аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылатын заң қабылдап, осы мәселе жөніндегі халықаралық конвенцияларға қосылған алғашқы мемлекеттердің бірі болып отыр. Осы орайда Жамбыл облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайтуды қамтамасыз етуде.
Бұл бағытта күресті қолайлы саяси орта түзеуден бастау тиімді болмақ. Ал ол қоғам оппозицияның, нақты сөз бостандығы мен биліктің кіршіксіз болуын көздейді. Мұнда ескертетін тағы бір маңызды жай, мемлекет пен кейбір шенеуніктердің атқаратын қызметін заң жүзінде нақты айқындау, қабылданатын шешімдер кейбір адамдардың еркіне тәуелді болатын салаларды азайту. Басқаша айтқанда, заңнамалардың анықтығы, қарапайымдығы мен тұрақтылығы қажет, азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін жағдайлар туғызу, халықтың білім деңгейін, оның ішінде құқықтық сауаттылығын арттыру керек.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары әлеуметтік тұрғыдан пайда болғандықтан, оны болдырмау мен алдын алуды барлық мемлекеттік мекемелер қамтамасыз ету қажет.
Әрине дейтұрғанмен, басқаларға үлгі-өнеге көрсетуге тиісті атқарушы және мемлекеттік органдардың лауазымды иелерінің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою қажет. Ел Президентінің халыққа арнайтын дәстүрлі Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына әрекет ету – мемлекеттік органдар қызметкерлерінің басты міндеті деп атап көрсетілген.
Марат ИСКАКОВ,
Жуалы ауданы тауарлар мен көрсетілетін
қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау
басқармасының
басшысы