Qoǵam
Ұлы даланың ұлағатты тұлғасы
Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтарымыз бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы жерлесіміз — Әбу Насыр әл-Фараби.
Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани-зиятты мұрасының мол әрі көпқырлы екені баршамызға аян. Әл-Фараби өзінің энциклопедиялық дарынының арқасында философиялық, әлеуметтік, саяси, этикалық, эстетикалық мәселелермен бірге, жаратылыстану және математика саласындағы көптеген ауқымды ғылыми мәселелердің түйінін шешкен ғалым. Ойшылдың өзінің ғылыми мұрасын қалдыруымен бірге, осындай күрделі мәселелерді шешуі, әлемдік ғылымның даму тарихында өзіндік бағасын алып, адамзаттың табиғат пен оның заңдылықтарын тануға деген үнемі артып келе жатқан құштарлығына зор ықпалын тигізгені сөзсіз.
Адам тіршілігінің барлық көрсеткіштері қазіргі заманнан өзге өткен дәуірлерді саралай бастағанда, ежелгінің кемеңгерлері ғылымға не берді деген мәселеде, алдымен, олардың жасамағаны емес, даму үстіндегі ғылымға қосқан жаңалығы таразы басына қойылатынын айту ләзім.
Дегенмен де, антикалық ойшылдардың жаратылыстануға арналған шығармаларын талдау әрқашан шынайы сипатта бола бермейтінін осы тұста атап өткен жөн. Түсіндіретін теориялардың баяндалуында пролиферативті қағидатты енгізу салдарынан, ғылымда бірдей ұғымдардың әртүрлі ұғынылуына жол беріледі. Бұлар жаңалықтардың ашылуындағы бастапқы нүкте болуымен қатар, түсіндірілетін мәтіндердің әуелгі мағыналарын түсінудегі үлкен адасушылықты да туғызған. Осыған байланысты Аристотельдің көптеген еңбектері неоплатондық дәстүр арнасында түсіндіріліп келді, сонымен қатар, ғалымның жаратылыстану мәселесіне арнаған кейбір шығармалары оның шәкірттеріне телініп те кетті, нәтижесінде, П.Рикердің пікірінше, «түсіндірулер жанжалы» орын алды. Аристотель қайтыс болған соң түсіндірудегі мұндай жанжал жағдайдың туындауына оның өз мектебінен шыққан шәкірттері себепші болған, бірақ кейін, орта ғасырда араб тілді философтар, олардың ішінде Әбу Насыр әл-Фараби де бар, мұндай жанжалдың болмауына атсалысқан. Әл-Фарабидің өзіне келер болсақ, оның да көптеген туындылары еркін түсіндірмеге ұшыраған. Штайншнайдер, Вюстенфельд, Видеман, Жильсон, Хортен, Дитерици, Риттер және т.б беделді ғалымдардың пікірінше, әл-Фарабидің туындылар жиынтығына, өздерін шығыс-перипатетикалық мектебіне ғана емес, шығыс-аверроисшіл мектебіне жатқызып жүрген авторлардың белгісіз шығармалары да еніп кеткен. Әбу Насыр әл-Фараби өзінің жаратылыстану саласы бойынша жазған шығармаларында ғылымның мәнісін әуелгі бастаулардан шығарады.
Әбу Насыр әл-Фараби нүктені түзу сызықпен және т.б. салыстырғанда, оны ең жоғарғы деңгейлі абстракция деп білген. Ол когнитивті үдерістегі абстракция мен абстрактылы білімнің орнын анықтағанда, математикалық білімге қатысы бар ұғымдардың бәрін егжей-тегжейлі қарастырды. Тамыры ежелгі, мәжүси заманалардан тартылған орта ғасыр әлемінің біршама зор, жеткілікті ғылыми әлуетті болатын. Натурфилософияның, қолданбалы, жаратылыстанудың, эзотериялық (тылсым) ғылымдардың дамуы осы ғылыми білімнің шектес салаларына жіктелуіне септігі тиді, кейін бұл ғылымдар пәнаралық ғылымдар деп аталды. Сонымен қатар, қазіргі білім беру үдерісінде де, пәнаралық ғылымдар маңызы өте жоғары екенін атап өту қажет. Ғылымдардың осылайша бөлінуі үдерісінде философияға ерекше мән берілген және тек философтар ғана жаратылыстану ғылымының мәселесімен айналысуға, ғылымдар мен ғылыми білім берудің бағынышты жүктелу жүйесінде оларға сай келетін орынды анықтауға өздерін ғана лайықты деп есептеген.
Әл-Фараби ғылыми және рационалды қағидаттарға негізделген астрономия өз заңдары бар аспан денелері туралы, олардың құрылысы мен қозғалысы туралы білімді дамытады деп білген.
Әл-Фарабидің жаратылыстану-ғылыми мәселелер бойынша жазылған барлық еңбектері зерттеудің пәні, мақсаты мен міндеті туралы терең білімге толы, ал барша ғылымдарға адам туралы ғылымның кірігуі – ғалымның ғылым мен ғылыми білімді сыртқы, абстрактылы емес, адамға ауадай қажет деп түсіндіруін куәландырады. Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыммен айналысуы еріккен қызығудан емес, адамның шынайы мәнісі айқындалатын Ғаламның мәні мен құпиясын танудан туындаған.
Әл-Фарабидің
«Ғылым туралы
кітап» кітабынан