Qoǵam
Кодекс талаптарын сақтау маңызды
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Этикалық кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы қағидалары) бекітілді.
Этикалық кодексте мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық, сондай-ақ көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу стандарттары белгіленген.
Мемлекеттік қызметшілер мінез-құлықтың жалпы стандарттарын сақтай отырып:
• адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;
• өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге;
• мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
• қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының Заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;
• өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға;
• шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға;
• қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға;
• мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде толығымен халықтың сұранысына бағдар ұстануға;
• жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқықбұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшілерге қатысты қоғамдық пікірді қалыптастыру қызметтен тыс уақытта, оның ішінде қоғамдық орындарда олардың мінез-құлқымен белгілі бір шамада байланысты екенін мойындау керек.
Қызмет этикасының жаңа Ережелеріне сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта:
• жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге;
• қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға;
• өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынасы кезінде:
• ұжымда іскерлік және тілектестік өзара қарым-қатынасты, әрі сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;
• басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнінде өзге шаралар қабылдауға;
• ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға;
• әріптестерінің өз лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге міндетті.
Басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде:
• өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройына құрметпен қараудың үлгісі болуға;
• меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге;
• олардың қызметінің нәтижелерін бағалау, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезінде әділдік пен объективтілік танытуға;
• еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет ету үшін қауіпсіз және қажетті жағдайларды жасауға, сондай-ақ ,қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және қол сұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған шараларды қабылдауға;
• қызметтік емес сипаттағы мәселелерді шешу кезінде олардың қызметіне ықпал етуге өзінің қызметтік дәрежесін пайдаланбауға;
• құқыққа қарсы қылықтарды, сондай-ақ жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына жат қылықтарды жасауға мәжбүрлемеуге;
• оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін қорлау, әдепсіздік және орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге тиіс.
Этикалық кодекс жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларының басқа да тараптарын қамтиды.
Этикалық кодекс қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметтегі өзара қарым-қатынастардың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепке сай емес мінез-құлқының алдын алуға бағытталған.
Еркін Смағұлов,
Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы