Qoǵam

Бала тәрбиесіне бүкіл қоғам болып атсалысуымыз қажет

Заман өзгерді ме, әлде қоғам бұзылды ма, уақыт көші алға озған сайын жасөспірімдер тарапынан және оларға қарсы жасалатын заң бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар айрықша мағынаға ие болуда. Кей жағдайларда кәмелетке толмағандардың өздері қылмыстық істердің объектісі болатын жайттар да ұшырасуда. Мұндай оқыс әрекеттер неліктен қоғам назарына жиі ілігетін болды? Жасөспірімдерді қылмыстық әрекеттерден қалай арашалап қаламыз?
Төменде газет тілшісінің осы және басқа да сауалдарына аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мақсат Ережепов жауап береді.

– Мақсат Мұратбекұлы, жақында Тараз қаласындағы орта мектептердің бірінің аумағында 12 жасар оқушы қызды ауладағы дәретхананың ішінде маскүнем есебінде тұрған, бұрын сотты болған қасқөй қарақшының аса қатыгездікпен зорлап, аса ауыр қылмыс жасауы көпшіліктің алаңдауын туғызғаны жасырын емес. Осы оқиғаның соңын ала барлық деңгейде жиналыстар өткізіліп, әкімшілік, полиция, білім беру мекемелерінің жауапты қызметкерлері лауазымынан босатылды.
– Полиция, білім беру органдарымен атқарып жатқан профилактикалық іс шараларға қарамастан, қазіргі кезде кейбір отбасындағы бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігінің төмендеуі салдарынан жасөспірімдердің көше кезіп, қаңғыбастықпен айналысулары, олармен қылмыс жасау деректері толастамай отыр.
Сөзім құрғақ болмауы үшін алдымен облыс аумағындағы жағдайды баяндайын. Ағымдағы жылдың он айында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны 10,3%, немесе 116-дан 128 дерекке дейін өскен. Соның ішінде, аса ауыр емес қылмыстар саны 75,0% (4-тен 7), орташа ауырлығы қылмыстар саны 8,3% (84-тен 91), аса ауыр қылмыстар 400,0% (0-ден 4) дейін өскен. Ал, ауыр қылмыстар 12,0%, 25 тен 22 дейін төмендеген. Ал жекелеген қылмыс түріне келсек, зорлау 0-ден 1, (100,0%), ашық тонау 9-дан 14, (55,5%), бөтеннің мүлкін ұрлау 73-тен 76, (4,1%), алаяқтық 3-тен 4, (33,3%), бұзақылық 6-дан 12, (100,0%), есірткіге байланысты қылмыстар 0-ден 2, (200%), ал, қарақшылық шабуыл 4-тен 1, (75,0%), бопсалау 5-тен 0, (500%),ауыр дене жарақат келтіру 5-тен 4, (20,0%) төмендеген. Ауыр дене көлікті заңсыз айдап кету қалыпты жағдайда 3-тен 3, жасөспірімдермен топтасып жасалған қылмыстардың саны 58-ден 44 (24,1%) дерекке төмендеген.
Жасөспірімдермен жасалған қылмыстарды зерделеу барысында қандай да бір нақты отбасының материалдық жеткілікті жағына байланысты еместігі байқалады. Жасөспірімдер тарапынан жасалған жалпы 128 қылмыс деректерімен жауапқа тартылған 153 жасөспірімнің 34-і толық емес, ал 116-сы толық отбасында, екеуі балалар үйі тәрбиеленушісі, біреуі қамқоршының тәрбиеленуіндегі балалар.
Сонымен қатар, колледж оқушыларымен 54,3%, (46-тен 71), жоғары оқу орындары студенттерімен 300% (1-ден 4) дерекке өскен. Ал, мектеп оқушыларымен жасалған қылмыс 12,9% (54-тен 47), еш жерде оқымайтындар және жұмыс істемейтіндермен 11,4 % (35-тен 31) төмендеген.
Алайда, зерделей келгенде, аталған қылмыстардың профилактикалық есепте тұратындармен және жайсыз отбасында тәрбиеленуші балалармен емес, керісінше, 102 әлеуметтік жағдайы орта деңгейдегі, 51 жағдайы жақсы отбасылардың балаларымен жасалған. Соның ішінде Жуалы ауданының аумағында осы мерзім ішінде кәмелетке толмағандармен төрт қылмыс дерегі орын алса, оның барлығы толық және әлеуметтік жағдайы орташа деңгейдегі отбасынан шыққан, колледж және мектеп оқушылары жасап отыр.
Осындай студенттер мен оқушылар тарапынан жасалған ауыр қылмыстар олардың білім алып жатқан колледждері мен мектептерінің педагогтары мен аудандық полиция бөлімінің инспекторларының жасөспірімдердің қылмыс жасауға бағытталып ұйымдастырылып жатқан деректерді дер кезінде анықтамауы салдарынан орын алуда.
Бұл жағдай кейде керісінше келеді. Ата-ана күн көру, нан табудың жолында тіршілік етіп, жұмыс іздеп кеткен кезде бала өзімен-өзі қалып, немен айналысатынын білмей, көшеге шығады. Бұл екі жағдайда да себеп біреу, ата-ананың қарауынсыз қалған бала көшені қызық көріп, ересектерге еріп, олар құқық бұзушылық жасауға итермелейді, немесе өзі басқа құқық бұзушылық жасауға барады.
– Жуалы аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу бағытында нендей шараларды қолға алып отыр?
– Жуалы ауданының аумағында полиция қызметкерлерімен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқық сауаттылығын көтеру мақсатында мектептермен колледждерде 350-ден астам дәрістер мен сұхбаттар, акциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Полиция қызметкерлері аудан орталығында рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында көңіл көтеру орындарында, көшелер мен саябақтарда түнгі мерзімде ата-аналарының қарауынсыз жүрген балаларды анықтап, олардың ата-аналарын ҚР ӘҚБтК 442 б. 2 т. әкімшілік жауапкершілікке тартқанда көптеген ата-аналар, өздерінің балалары тарапынан құқық бұзушылық жасап, қараусыз көше кезіп жүруін сынға алудың орнына, полиция қызметкерлерін кіналап, «менің балам қылмыс жасамайды» деп наразылық тудырады.
Кейбір кездері, түн мезгілінде полиция органына жеткізілген жасөспірімдердің ата-аналары 2-3 сағаттан кейін асықпай келеді.
Кейбір жағдайларда жасөспірімдерді көңіл көтеру орындарынан анықтап, олардың ата-аналарын шақырғанда «ештеңе жоқ, ол ағасымен, әпкесімен немесе басқа да үлкен туыстарымен жүр, олардың көңіл-күйін бұзып, мерекелерінің шырқын бұздыңдар» деп сын айтатын ата-аналар да кездеседі.
Сол себептен, отбасы рөліне аса назар аудара отырып, білім беру органдары мен ІІО-ы тарапынан ең бірінші ата-аналармен жұмыс жүргізуді алдыңғы орынға қоюымыз қажет.
Жасөспірімдер тарапынан орын алатын қылмыстарды алдын алуда ІІО-ы қызметкерлері, педагог-психологтар, ата-аналар комитеті, жеке ата-аналармен білім мекемелеріндегі ахуалды анықтау, жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынастарды анықтай отырып, әр оқушы-студенттермен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет.
– Қазіргі кезде балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты жасалатын қылмыстар азаймай отыр. Тіптен, бұл мәселе қоғамның алаңдаушылығын туғызып отыр десе де болады. Сіз бұған не дейсіз?
– 2019 жылдың 10 ай ішінде біздің ауданда жасөспірімдердің жыныстық тиіспеушілігіне қатысты бір қылмыс дерегі орын алған. Бірақ осы деректің өзі бұл бағыттағы профилактикалық жұмысты босаңсытуға болмайтынын көрсетеді.
Бала психологиясы – ата-ана үшін белгілі бір үлкен институт. Сондықтан өз тәжірибемізден айтатын болсақ, ата-аналарға өтініш, ұл-қыздарыңызбен әрі жақын, әрі сенімдік туғызатын қарым-қатынаста болуға шақырамын. Себебі, баланың жыныстық қол сұғушылығының бұзылуына әкеп соқтыратын және оның жасырын түріне айналуына әкелетін себептің бірі осы сенім мәселесі болады екен.
Бала тәрбиесі профилактикасына байланысты баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде 10 мақала, бейнесюжеттер жарық көрді. Қазіргі кезде, кезек күттірмейтін мәселелердің бірі жасөспірімдердің жыныстық тиіспеушілігіне қатысты деректер қатаң бақылауда.
Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, келешек ұрпақ арасындағы тиімді жұмысты жалғастыру үшін мына төмендегі іс-шараларды ұйымдастыруды ұсынамын.
Біріншіден, орта мектептегі, соның ішінде мектеп ішілік есепте тұрған кәмелетке толмағандармен жүргізілетін жеке профилактикаға аса назар аударуды, екіншіден, сауда орындарында, базарларда сауда-саттықпен айналысатын азаматтардың бала тәрбиесіне назар аударуы, жеке кездесу жұмыстары, әлеуметтік желілерде бейнероликтерді көптеп жүргізу қажет, үшіншіден, барлық орта мектептермен мектеп инспекторымен оқу мекемелерінің қызметкерлерімен біріге отырып, мектеп аумағында тексеру жұмыстарын ұйымдастыру. Бөтен тұлғалардың мектептің аймағында қандай мақсатпен жүргенін анықтау, олардың маскүнем және есірткі мастықта болу жағдайын анықтау және дер кезінде шаралар қабылдау жұмыстарын бақылау, аудан орталығы мен ауылдық округтерде құрылысы аяқталмаған қараусыз ғимараттарды, пәтерлі үйлердің аралығында өткелдерді қадағалау.
Төртіншіден, мектептерде өтетін ата-аналар жиналыстарына ата-аналардың толық қатысуы, балалардың мектептегі проблемаларын бірлесіп шешуі, балалардың білім деңгейінің жетістігі туралы ұдайы хабардар етіп отыруын бақылауға алу қажет.
Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан №15 мектеп-лицей қазіргі заман талабына сай келе алатын қызмет атқаруда. Мектеп ғимаратында ішкі екі әжетханасы бар, біреуі оқушыларға арналған, он адамдық орнымен, бір әжетхана мектеп қызметкерлеріне арналған. Орнатылған 12 бейне камералар мектептің айналасын толық қамтуда, жазбасы өте сапалы 30 тәулікке жеткілікті.
Ал №1 мектеп-гимназия ғимаратына орналастырылған 16 бейне камераның 10 данасы жұмыс жасамайды, 6 бейне камераның жазбасы мүлдем сын көтермейді. Мектеп қабырғасында 1550 оқушы білім алатындығына қарамастан, ғимаратының ішкі әжетханасы сыйымдылығы үш адамға ғана арналған, осынша адамға ол әжетхана толықтай қызмет көрсетуі мүнкін емес деп есептейміз. Мектеп аумағы темір тормен қоршалған мен алайда кезкелген жаяу жүргінші еш кедергісіз оң жақ бетіндегі қоршаудан кіріп жығып жүре бере алады.
Сондай-ақ, №29 орта мектепте 13 бейнекамера бар, барлығы жасап тұр, жазу сапасы жоғары, жазба сақталу мүмкіндігі 30 тәулік. Ғимаратының ішінде оқушыларға арналған 10 орны бар әжетхана қарастырылған, алайда қалдық су жинайтын шұңқыр «септик» болмауына байланысты жабық тұр. Мектептен 20 метр ара қашықтықта орналасқан ұлдарға және қыздарға арналған әжетхана бар, оған бейне камера бағытталған. Мектеп аумағы темір тормен қоршалған, алайда әжетхана «Жуалы газ» мекемесінің басты шығаберіс қақпасының жанында орналасуына байланысты кез келген адам еш кедергісіз кіріп шығу мүмкіндігі бар.
Осы кемшіліктерге ұқсас кемшіліктері бар Қайрат ауылында орналасқан №2 Мыңбұлақ орта мектебін, Күреңбел ауылында орналасқан № 10 орта мектепті, Қоңыртөбе ауылында орналасқан № 21 Пахомов атындағы орта мектепті атап өткім келеді.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы мәселесі қазіргі кезде тек құқық қорғау органдарын толғандыратын мәселе емес, бүкіл халқымызды толғандыратын мәселе екендігін айтқым келеді.
Сөзімді қорыта келе, бала тәрбиесіне тек бір білім беру, құқық қорғау органы емес, бүкіл қоғам болып, атсалысқанда ғана, ұлағатты жас ұрпақты тәрбиелеуге қол жеткізуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close