Qoǵam
ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің заманы
Мемлекетіміздің болашағы жас ұрпақтың бойындағы ізденгіштік қасиеттерін дамыту, одан әрі жетілдіру, ғылыми шығармашылыққа бағыт сілтеу – өзекті міндет. Сол үшін балалардың қабілетіне, дарындылығына зер салу, дарындыларды тани білу – мектеп ұстаздарының еншісінде. Ел тұтқасын ұстар жас өскелеңнің бойындағы дарындылық, білімділік қасиеттері ел дамуына, қоғамға тигізер пайдасы зор екенін білуіміз қажет.
Көптеген танымал ғалымдардың пікірінше, елбасының өкімін жүзеге асыруда таптырмайтын құралдардың бірі – мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін арттыру. Шығармашылық қабілеттің оқушы бойында қалыптасуы оның сана-сезімін дамытады, толғандырады, шабыт береді. Жалпы қазақ халқы – дарынды халық. Оның ән-жыры, өлең-күйі, айтысы, мақал-мәтелдері сезімді буырқантып, күш-жігер беретін нағыз шығармашылықтың, яғни, дарындылықтың бастауы.
Жалпы дарындылықты зерттеу – әлемдік деңгейде көптеген ғалымдардың күн тәртібінен түспеген мәселе. Психолог Ә.Алдамұратов «Дарындылық – адамның белгілі бір іске деген айырықша қабілеттілігі, өмірдің қандай да бір саласында өзін ерекше қырынан көрсетуі» деген анықтама берген.
Дарындылардың көбінесе байқаулардан, олимпиадалардан табылатыны көпшілікке белгілі. Осындай білім байқаулары оқушылардың ғылыми зерттеулерге ынтасын ашып, қарым-қабілеттерін дамыта түседі. Жас дарындарды анықтауға, оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыруға, ең талантты, дарынды жас зерттеушiлердi iрiктеуге және қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Осы орайда, ауданымыздың білімді, өрелі өрендері көптеген ғылыми жобалар байқауларына қатысып, топ жарып жүрген жайы бар. Оның нақты дәлелі ретінде ауданымыздың алдыңғы қатарлы мектептерінің бірі – №1 мектеп-гимназия ұжымының жетістіктерін айтуға болады. Аталған ұжымда дарынды балалармен жұмысқа мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Самал Қадырова жетекшілік етуде. Педагог-шебер біліктілік санатындағы және магистр академиялық дәрежесі бар тәжірибелі ұстаз Самал Орынбасарқызының жетекшілігімен шәкірттері толағай табыстарға жетуде.
Сонымен қатар, дарынды оқушыларды жан-жақты қолдау мақсатында білім бөліміне қарасты барлық мектептерде дарынды оқушылармен жұмыс жүргізетін жауапты қызметкерлер бекітілген. Аудандық білім бөлімі тарапынан аталған саланы тиімді үйлестіру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Бүгінгі күні аудан бойынша жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына басымдық берілуде. Сондай-ақ, ауданда оқушыларымыз спорт және өнер бағыты бойынша да көптеген облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда топ жарып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуде.
Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары білім берудің негізгі бөлігі және білім сапасын арттырудың тиімді тәсілі. Олай болса, оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығушылығын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, қазіргі техниканы пайдалану мәдениетіне тәрбиелеу – ұстаздардың басты міндеті екені анық. Ауданымызда дарынды балаларды қолдау мақсатында көптеген шаруалар атқарылды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да одан әрі жалғасын табатын болады.
Әділбек Оспанбаев,
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы аудандық білім бөлімінің жетекші-сарапшысы