Qoǵam

Екпе салдыру – маңызды шара

 

Әлемді әлекке салған коронавирус індетімен күресіп жатқанымызға да бір жылдан асып барады. Қауіпті індеттің ауыздықталар түрі көрінбейді. Індеттің алдын алуда оң әсер ететін басты шара – халықты вакцинациялау.

Аптаның ішінде аудандық аурухананың жылжымалы медициналық кешенімен аудандық емхананың жауапты дәрігерлері мен медбикелері орталық базар маңында орналасқан «Несібелі» тойханасының жанына халықты жаппай вакцинациялауға шақырды.

Себебі, қазіргі жағдайда бұл індеттен адамды тек қана екпе егу арқылы ғана құтқаруға болады.

Мән-жайды өз көзімізбен көру үшін орталық базарға бардық. Біз барғанда орталық базардағы кәсіпкерлер өз еріктерімен келіп, екпе салдырып жатқан екен.

Назира Тойгулиева, жеке кәсіпкер, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны.

– Қазіргі таңда індеттің екпіні жаман. Аудандық аурухананың дәрігерлері келіп, екпе егіп  жатыр дегенді естіп өз еркімізбен салдыртуға келдік. Бізге бұл жердегі дәрігер барлық мән-жайды түсіндіріп, екпе алу әр адамның өз еркінде екенін де айта кетті. Екпені салмай тұрып дәрігер біздің қан қысымымызды өлшеп,  қандай да бір аурумен дәрігерлік есепте тұратын-тұрмайтындығымызды, созылмалы ауру бар-жоғын сұрап, тексеріп барып екпе салдыруға жіберді. Біз халықпен, көпшілікпен жұмыс істегеннен кейін, індеттің алдын алу үшін  осы екпені салдырамыз деген шешім қабылдадық.  Екпенің арқасында  біз өзімізді, жақындарымызды індеттен сақтаймыз. Мен аудан тұрғындарын  келіп, қорықпай екпе салдыруға шақырамын. Бұл – денсаулығымыз үшін керек нәрсе,- деді жеке кәсіпкер Назира.

Халықты індетке қарсы вакцинациялау – мемлекет тарапынан қабылданып отырған маңызды шаралардың бірі.

Аудандық орталық аурухананың дәрігерлерінің айтуынша, ауданда вакцинациялау қарқынды жүргізілуде. Ол жайлы біз аудандық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Олжас Қуандықұлымен және Көкбастау ауылдық округінің аймақтық дәрігері  Жалғас Кендебайұлымен сұхбаттасқан едік.

-23 сәуірден бастап «Спутник V» вакцинациясының екінші компонентін егу жұмыстары басталады. Мұны вакцианциялаудың екінші кезеңі деп айтсақ та болады. Біз таңертең ерте келіп, аудан халқы көп шоғырланатын орын орталық базарда екпе егу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жерге халық өз еркімен келіп екпе салдыртуда. Бірінші күн болғасын адамдардың көбі естімей, түске дейін адам аздау болды.  Түс ауған соң екпе салдыруға келген адамдардың қарасы көбейді. Екпе алған адам жарты сағат біздің  бақылауымызда болып, әрі қарай үш күн өзінің аймақтық дәрігерінің бақылауында болады.  Біз екпе салмай тұрып, бәрін түсіндіріп, салушының өз келісімін алып, тексеріп екпе еккенге жібереміз. Екпе алғаннан кейін екпенің орны кішкене қызарып, ауырсынады. Кейбіреуінде дене қызуы болады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ.

Қазір халықтың ішінде ел арасында айтылып жүрген коронавирусқа қарсы вакцинациялау туралы теріс пікірлердің бәрі шындыққа жанаспайды. Адам баласы үрей туғызатын, жалған пікірге көбірек көңіл бөлетіні белгілі. Сол себептен де мұндай жалған пікір тез тарайды.  Алайда жалған пікірге сеніп, өз денсаулығыңызбен ойнауға болмайды.  Сондықтан баршаңызды қорықпай, үрейлеріңізді жеңіп, келіп екпе салдыруға шақырамын. Бүгінгі күнге дейін екпе алғандардың ішінде ешкім кері әсермен тіркелген жоқ, – дейді дәрігер Олжас Қуандықұлы.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгін біздің ауданнан екпе алғандар ішінде округ бойынша ересектер саны 28 363 болса, отандық «КазКовидин» вакцинасының І компонентін 24 адам салдырды, ал Ресейдің «Спутник V» вакцинасының І компонентін барлығы 2369 адам алған, ІІ компонентін  560 адам екпе салдырған. Барлығы 8,4 процентті құрайды. Ал негізі ауруды тоқтату үшін аудан халқы  екпені 80 процент алуы керек.

Вакцинаны 80 процент салдырған Израиль мемлекеті соңғы Ковид бөлімшелерін жауып жатыр екен.

Сол себептен «Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өзіміз үшін, болашақ ұрпағымыз үшін вакцина салдырайық!

Баян Тұрсынқұлқызы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close