Qoǵam
Екпе салдыруға шақырамын!
«Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз» деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, екпе салдыру – індетпен күрестің бірден-бір жолы. Әрбір аурудың бір емі табылады. Қандай замандарда да басымызға төнген қауіптерден ауруға қарсы екпе салдыру арқылы адамзат баласы аман қалып отырған. Бұл – уақыт дәлелдеген өмір шындығы.
Аурудың түрі көп болғанымен барша адамзатқа тигізер зияны біреу. Сондықтан да әрбір кеселге немқұрайды қарамай денеміздегі әлсіздікті жойып, қажыр-қайратымызды арттыру үшін екпе егуді тиімді қолға алу керек.
Халық қалаулысы ретінде мен де вакцина салдыруды бірауыздан қолдаймын. Осы мақсатта, кеше «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Садыққызы бастаған он аудандық мәслихаттың депутаттарымен бірге Ресейлік «Спутник-V» вакцинасын салдырдым. Аудандық орталық ауруханаға өз еркіммен барып, ең бірінші кезекте екпе салдыру үшін тіркеуден өттім. Одан кейін мамандар қан қысымымды өлшеп, денсаулығымды бақылады.
Вакцина туралы мәліметтер беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Яғни, екпе салдырған соң денеге физикалық күш салуға болмайтындығы, суға түспеу керектігі, үш күн өз денсаулығыңызды күту қажеттігі жіті айтылды. Дене қызуы 37,5 болмаса, 38 болса ыстық түсіретін дәрі қабылдау қажет екен. Тек дене қызуың тым жоғары көтерілген жағдайда ғана жедел жәрдем шақыру қажет. Екпе салдырған адамда немқұрайдылық танытпай, тиісінше өз денсаулығын күтуі тиіс екен. Екпе салған соң, жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болдым. Шүкір, қазіргі таңда жағдайым жақсы. Енді алдағы уақытта 21 күннен кейін 17 мамырда екпенің екінші кезеңін салдыратын боламын.
Әрине, біз ел арасында көп жүргендіктен денсаулығымызға алаңдаймыз. Өзіміз індетті жұқтырмасақ та, өзгеге зиянымыз тиіп кетпейді ме? деген сауал да мазалайтыны рас. Сондықтан мына төрткүл дүниені жайлаған аты жаман індеттен құтылу үшін, жақындарымыз бен отбасымызға жанашырлық танытсақ, екпе салдыру қажет. Бұл уақытқа дейін әлем елі болсын, қазақ жұрты болсын талай індетті осы екпенің арқасында да жеңіп келгені белгілі. Сол себепті де қалыпты өмірге оралғымыз келсе, екпе салдырайық, ағайын!
Айбек Елекбаев,
аудандық мәслихаттың депутаты