Qoǵam
Шаруасы шалқыған шаруа қожалығы
«Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда өмір сүрсе де оның толыққанды өмір сүруі үшін бекем бірлік пен берекелі тірліктің айнымас қағидалары ауадай қажет екені бесенеден белгілі.
Тәуелсіздік біздің елімізге көптеген игіліктерді сыйлады. Осы жылдар бедерінде тұрғындардың өз алдына шаруа қожалығын ашып, дербес тірлік жасауына да мол мүмкіндік туды. Шаруасы шалқыған шаруа қожалықтары аудан орталығына жақын орналасқан Қарасаз ауылында да баршылық. Қарасаз ауылдық округі халық саны және елді мекен саны жағынан аудандағы үлкен округтердің бірі саналады. Мал және егін шаруашылығы қатар дамып келе жатқан іргелі округтің тұрғындары кейінгі жылдары кәсіпкерлікке бет бұрып отыр. Соңғы бес жылдықтың өзінде ауылдық округтің орталығы саналатын Қарасаз ауылында мейрамхана, шағын маркет және супермаркет, жеке тіс емханасы, дәріхана, ветеринариялық дәріхана, құрылыс заттары дүкені, үш ағаш өңдеу цехы, жанар-жағармай құю және көлік жөндеу бекеттері, т.б. кәсіпкерлік нысандары салынып, іске қосылды. Округ шаруалары ақ егістің және бақша дақылдарының да егістік көлемін ұлғайтып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
«Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» демекші, ауылдағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі саналатын «Қаншайым» шаруа қожалығының жұмысы көпке үлгі боларлықтай. Аталған шаруашылық 1999 жылы құрылған. Қожалық Өмірбековтер отбасының отанасы Қаншайым Өмірбекованың атында болғанымен тірліктің барлығын балалары ұйымдасып атқарып отыр.
Бүгінде сексен жастың сеңгіріне иек артып отырған осы әулеттің отағасы Қуандық Өмірбековтің алғашқы еңбек жолы 1962 жылы «Большевик» колхозынан басталады. Ол осында 10 жылға жуық қой бағады. Мұнда ол еңбекқорлығының арқасында малдың басын көбейтуге мол үлес қосады. 1973 жылы Қарасаз ауылына біржолата қоныстанып, осындағы Карл Маркс атындағы совхозда табаны күректей 40 жыл жылқы бағады. Қуандық ақсақал совхоз тарағанша, қолынан құрығын тастамай, озат жылқышы болып еңбек еткен еңбек майданының майталманы.
-Біле білгенге мал бағу оңай жұмыс емес. 1973 жылдан бастап совхозда, одан кейін құрылған «Бірлік» өндірістік кооперативінде 2012 жылға дейін жылқы бақтым. Қиыншылықтың барлығына төтеп бердік. Малшының күнделікті өмірі мал баққан қазақтың қай баласына да таныс жағдай. Табиғаттың қары бар, жауыны, аязы бар бәріне асқан төзімділікпен шыдай білдік. Еңбек жалғыз менікі демеймін. Қаншайым апаларың өмір бойы менімен бірге жүріп, кездескен қиыншылықтардың барлығын бірге еңсере білдік. Әлі де бірге еңсеріп келеміз. Еңбек еткеннен жаман болған жоқпыз. Ауыл-аймаққа сыйлы қария атанып жүрміз. 1999 жылы өз алдымызға шаруа қожалығын аштық. Оның жұмысын бүгінде балаларым жүргізіп отыр. Мен ұлдарыма үнемі ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Тірлігіміз жаман емес. Шаруа қожалық иелігінде 118 гектар егістік жеріміз бар. Оның 40 гектарына арпа ексек, 20 гектарына бидай себеміз. Қалғаны жоңышқалық алқап. Одан бөлек, 150 гектар жайылым жеріміз бар. Ата-бабамыздың ескі қонысы болған Бақатей жерінде орын тепкен совхоздың бұрынғы ескі мал қыстауын сатып алдық. Жылқыларымыз жыл он екі ай сонда бағылады,- дейді ШҚ мүшесі Қуандық Өмірбеков.
Қай заманда да қазақ халқы жылқы түлігін киелі жануар санаған. Қазақ пен жылқыны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Жылқының бабын келістіріп отырған шаруашылықта 40 бас аналық бие, бес айғыр бағылуда. Қожалық 2015 жылы шаруаларды қолдауға бағытталған «Құлан» бағдарламасымен жеті миллион теңге несиеге қол жеткізіпті. Оған тиісінше, жергілікті жабы жылқылардан 25 бас бие, үш айғыр сатып алған. Шаруашылық үшін малға жем-шөп дайындау жұмысы да аса маңызға ие екені белгілі. Осы орайда жерді тиімді өңдеп, одан мол өнім алу үшін де техника ауадай қажет. Шаруашылықта «МТЗ-80» маркалы трактор, тіркеме, т.б. шөп тайлауға арналған қосалқы техникалар бар.
-«Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы» деген. Совхозда жылқы баққан жылдары 100 биеден 80 құлын беріп отырдым. Бұл ол кезеңде жоғары көрсеткіш саналатын. Жасым ұлғайса да әлі аттан түспей, шаруашылықтың сан-салалы тіршілігінен қол үзбей келемін. Мал да баққан, қараған шаруа адамға бітеді. Қазіргі таңда жылқыны жақсылап семіртіп, байлап сатамыз. Алдағы жоспарымыз – қымыз өндіру. Жалпы жылқыдан алынатын саумал мен қымыздың адам денсаулығына пайдалы екенін жұртшылық жақсы біледі. Қымыз өндіру үшін де мемлекет тарапынан қолдау қажет екен. Ауылда мал ұстайтын қора-жайларымыз да тарлық етуде. Айғырларды да қолда ұстаймыз. Қымыз өндіруге арналған қондырғыларға қол жеткізсек аудан халқын экологиялық жағынан таза өніммен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар,- дейді Қуандық ақсақал.
Біздің бұл мақаламызға «Жаңарған ауылдар» деген айдар тағылып отырған соң Қарасаз ауылындағы жаңашыл істерді де қосымша атап өтсек, артық етпейді. Осы ретте ауылдық округтің әкімі Бауыржан Тойшыбеков ауылдың тыныс-тіршілігі туралы айтып берді. – Қарасаз ауылдық округі бес елді мекеннен құралған. Мұндағы 768 аулада 3431 тұрғын бар. Округтің жер жағдайы мал және егін шаруашылығына бағытталғандықтан, 234 шаруа қожалығы тіркеліп отыр. Оның ішінде, Қаншайым Өмірбекова, Сейіт Жайықбаев және Әбілнұр Ахметов басшылық жасайтын «Қаншайым», «Жайық», «Ескендір» шаруа қожалықтарының еселі және өнімді еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Адал кәсібінен нәсібін айырып отырған ауылымызда кейінгі жылдары жаңа үйлер бой көтеруде. Жалпы ауылымыз жаңа заманның көшінен қалмай, тұрмысқа жаңашылдықтарды батыл енгізіп отыр деуге толық негіз бар,- дейді Бауыржан Мырзайымұлы.
Жаңарған ауылдар тәуелсіз Қазақ елінің жаңа келбеті екені даусыз. Ендеше, жұлдызы биік Жуалы өлкесінде жаңарып, жайнаған, ынтымағы жарасқан ауылдардың қатары көбейе берсін дегіміз келеді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»