Qoǵam

Наурыз – жаңару мен тазалық айы

Өңірімізде наурыз айының бірінші жұлдызынан бастап көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы басталды.
Ауыл тазалығы, көркі – басты мәселелердің бірі. Сондықтан бұл екі айлықтың маңызы зор.
Көріктендіру екі айлығы бұл – баршаға ортақ.
Яғни, әр мекеме, әр отбасы, әр ауыл өзінің аумағын тазалап, көгеріштендіру керек. Көріктендіру екі айлығы болғанымен негізінен басты жұмыстар наурыз айында атқарылады. Ал, тазалық екі ай көлемінде ғана емес, жыл он екі ай бойы керек.
Екі айлық барысында ауданда арнайы жоспар жасалған. Жақында аудандық мәжілісте, сонымен бірге облыстық мәжілісте де бұл мәселе қозғалды. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тазалық мәселесі мен көктемгі тал егу, қураған, шіріген ағаштарды кесу, бұтау, қараағаш емес, әр аймақтың табиғат ерекшеліктеріне байланысты шырша, аққайың, тағы да басқа ағаштарды отырғызу мәселесін баса айтты.
Және әр істің нәтижелі болуын талап ететіндігін жеткізді. Бұл мәселелер біздің аудан басшысының да тұрақты назарында.
-Қай ауылды араласаңыз да көшелерден үйіліп жатқан топырақтар, ағаштар, тағы да басқа қоқыстарды көреміз. Бұл жергілікті тұрғындарыдың көзі үйреніп кеткен көрініс сыртан келген кісіге өте сұрықсыз болып көрінеді. Әрине, біреу үшін емес, өзіміз үшін тазалауымыз керек. Ауылдың, көшенің, ауланың тазалығы – барлығымызға үлкен сын.
Яғни, әр ауыл, әр отбасы талапқа сай таза болуы керек. Бұлай болмаған жағдайда керек десеңіздер, құзырлы мекеме сол үйдің иесіне айыппұл салуға да құқылы. Сондықтан, тазалық мәселесі бүгінгі күн тәртібіндегі бірінші мәселе.
Тал егу жұмысында да сапаға мән беруіміз керек. Оның топырағының талапқа сай болып, ертең көшеттің өнуіне барынша жағдай жасалуы керек.
Ауыл-ауылдағы арық-атыздар мәселесі. Қаншама жылдардан бері тазаланбаған, мүлдем тегістеліп кеткен арық-атыздар бар. Бұрын ауыл-ауылда көктемде арық-атыздар тазаланып, ауылда мұрап сайланып, жаз бойы су үзілмей келуші еді. Қазір бұл үрдіс үзіліп қалды. Сол себептен бұл мәселені қолға алу керек. Барды пайдаланып, еңбек етейік. Еңбек ету арқылы отбасымыздың табысын арттырайық,- деді аудан басшысы.
Иә, әр адам тазалықты өз ауласынан бастауы керек. Және біреу үшін емес, әркім өзі үшін жасауы тиіс. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болады.
Әр мекеме өзіне берілген көшелерді тазалау барысында көше тұрғындарының мекеме қызметкерлері оның үйінің қоршауының сыртын тазалауға міндеттелгендей қолқусырып қарап тұрады. Бұл дұрыс емес. Әркім өзінің ауласына және қоршауының сыртын тазалауға, таза ұстауға міндетті. Сондықтан ауылдық әкімдіктер тазалықты ауыл тұрғындарынан талап етуі қажет.
Аудан басшысы айтқандай, бала кезімізде бүкіл ауыл болып ақылдасып, күнін белгілеп, әр үйден бір-бір адамнан арық-атыздардың басын тазалауға шығушы еді. Ал, үйінің тұсындағы арыққа үй иесі жауапты. Арадан су мұрабын сайлайтын. Мұрап жаз бойы кезекпен суды үй-үйге жеткізіп беретін.
Тазалық та солай. Әркім өз ауласына, қоршауының айналасына жауапты. Ауыл тұрғындарының, адамдардың осы жауапкершілігі қайда кетті? Неге немқұрайдылық басым?
Тазалық, табиғаттың сұлулығы, айналаның көріктендірілуі – жас ұрпаққа үлгі-өнеге әрі адамға рухани демалыс сыйлайды. Тазалық – денсаулық кепілі. Сондықтан ортақ іске көп болып жұмылуымыз керек.

Таңдаулы материалдар

Close