Qoǵam
Қызығушылықпен өткен кездесу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауы 2 қыркүйек күні жарияланғаннан бастап, әртүрлі еңбек ұжымдарында, жастардың аудиториясында, мектепке дейінгі және білім беру шаңырақтарында, мәдениет салаларында талқыланып, талдануда. Осындай мақсатпен жуырда ауданға облыс әкімдігінің жанынан құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Үртәй Сапақова іссапармен келіп, бірнеше ұжымда болып, жылдың маңызды құжаты жайлы тағы пысықтап айтып, талдау жасады.
Тараздан келген қонақ алғашында аудан орталығындағы ең ірі білім шаңырағының бірі – №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда болды. Жиынға мұғалімдер, техникалық қызметкерлер және жоғары сынып оқушылары қатысып, Үртәй Сапаққызының бүгінгі таңдағы еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани саладағы өзекті мәселелері туралы тартымды және қызықты әңгімесінің куәсі болды.
-Президент еліне арнаған бұл алғашқы Жолдауы болғандықтан, ол қоғам өмірінің негізі – экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени-рухани салалардағы өзекті мәселелерді толығымен қамтып отыр. Қоғамда қордаланып қалған мәселелер, бастамалар мен міндеттер Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен ұлықтау рәсіміндегі 10 басым бағытында да көрсетілген болатын. Сондықтан осы Жолдау соның заңды жалғасы,-дей келе баяндамашы оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие, жоғары оқу орындарының жұмысының мақсаттары мен міндеттері, ұстаздардың мәртебесін көтеру, беделін арттыру жолында қандай өзгерістер күтіп тұрғандығын тиянақты айтып өтті.
Өз баяндамасында Үртәй Сапаққызы Жолдаудағы: «Күшті Президент-ықпалды Парламент-есеп беретін Үкімет. Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет» деген сөздерге нақты тоқталып, аудиторияға түпкілікті түсіндіріп өтті.
-Бұл Жолдаудағы айтылғанның барлығы қазіргі өмірімізбен тікелей байланысты. Бұл құжат– Президент пен Үкіметтің маңызды әрі батыл қадамы. Осының барлығы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың, Тәуелсіздігіміздің арқасы,- деді баяндамашы.
Үртәй Сапаққызы, сондай-ақ, оқушыларға Жолдауда жастарға арналған көптеген жағымды жаңалықтар мен алда күтіп тұрған өзгерістер туралы айтып, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Үртәй Сапақова, сондай-ақ, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты «Білім» орталығында, аудандық балалар кітапханасында және Мыңбұлақ орта мектебінің ұжымымен өткізген кездесулер тартымды әрі мүдделі әңгімеге ұласты.
Баяндамашы елімізде бүгінгі күні қалыптасып келе жатқан келеңсіз жағдайларға тоқтала отырып, ерлер мен әйелдердің рөлі, жастардың тәрбиесі, ұлттық және отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрпымыз туралы айтты.
– Бүгінгі күнге дейін еліміздегі әртүрлі құқық бұзушылыққа аса қатал жаза қолданбағаннан, «жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын», делінген Жолдауда – дей келе, Үртәй Сапаққызы өмірден алынған көптеген деректер мен дәйектерге тоқталды.
Сондай-ақ, лектор тіл мәселесіне қатысты, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту туралы тілге тиек етті.
Үртәй Сапаққызы жиындарға қатысып отырған кітапханашылар, оқырмандар, жастар мен ұстаздардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Гүлмира Дембаева.
Сурет автордікі,
«Жаңа өмір»