Qoǵam

Бірлік  күнімен құттықтаймын!

 

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мерекесі. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.

«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» демекші, кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Осы ретте, дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекерге айтпаса керек.

Бір шаңырақтың астында түрі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір ұлттардың өзара ынтымақта, ауызбіршілікте ғұмыр кешуі – ел Тәуелсіздігінің басты құндылығы. Өйткені, 30 жылда еліміздің еңсесі тіктеліп, әлем қазақ елін ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде таниды. Қазақ жұрты ата-бабамыздан келе жатқан бірлікті ту етіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында бірлесе еңбек етуде.

Біздің басты байлығымыз – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, ел бірлігі мен ынтымағы. Бірліктен айнымаған қазақ жұрты талай қиын жылдарды бастан өткерген секілді әлемді шарпыған мына аты жаман індетпен күресте де ауызбіршілігін танытуда. Осы қалпымыздан танбай, ел бірлігін бағалау мен оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Яғни, туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысу баршамызға ортақ екені даусыз. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбіршілігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек.

Осы орайда, барша жуалылық жерлестерімді Қазақстан халқының достығы мен бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаларыңызға, әр отбасына шынайы көңілмен бақыт-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз – молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенеле беруіне тілектеспін. Біз ортақ еңбегімізбен, бірлескен ізденісімізбен елімізді түлетіп, өркендету жолында еңбек етіп, ауызбіршілігімізден айнымай, татулық пен бірлікті ту етейік.

 

Керімқұл Бегалиев,

облыстық мәслихаттың депутаты

Таңдаулы материалдар

Close