Qoǵam

«Ғылым таппай мақтанба…» №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда ғылыми жобалардың жеңімпаздары көп

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында сәуір айы «Ғылым және технологиялар айы» айдарымен өтуде. Мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес әр ай белгіленген жеке тақырыппен өтеді. Атап айтқанда, Наурыз айы елдің ұлттық дәстүрлері мен мәдениетіне арналса, ал сәуір айы «Ғылым және технологиялар» айдарымен өтіп жатыр. Барлық іс-шаралар мен жобалар мерейтойлық жылдың басты идеясы «Жасампаздыққа толы жылдар» белгісімен өткізіледі.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеудің сәуір айындағы кестесі оқуда, ғылымда жоғары жетістіктерді көрсетіп жүрген жас талантты қазақстандықтарды таныту және қолдау жөніндегі бірқатар іс-шараны қамтитынын да айта кеткен жөн.
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге» дейді дана Абай. Сосын ұлы ойшыл атамыздың бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол деген өсиетін ғылым мен білімге, ізгілікке ұмтылған талапкер жастардың ұмытпай, темірқазық етіп ұстанғаны абзал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да ел тәуелсіздігінің негізгі тірегі ретінде білім мен ғылым ерекше айтылады. Атап айтқанда: «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.
Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті.
Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін»,- деді Президент.
Қазіргі таңда аудан көлемінде мектептерде ғылыми жобалармен айналысып жатқан талапты оқушылар жетерлік. Мысалы, аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда да ғылыми жобалар қолға алынып, түрлі байқаулардан жүлделі орын алып жатқан оқушылардың талпынысы бізді қуантады.
Мектеп-гимназияның 10-Б сынып оқушысы Адина Арал бірқатар аудандық, облыстық, республикалық ғылыми жобаларға қатысып, жеңімпаз атанған оқушылардың бірі. Ол «Рухани жаңғыру – өскелең ұрпақтың дара жолы» атты облыстық онлайн ғылыми жоба байқауының жеңімпазы. Адина бұл байқауда орыс тілі пәнінен «Лекцические заимствования из казахского языка в руский» тақырыбында ғылыми жоба қорғаған. Одан бөлек, 2020 жылы IQANAT республикалық олимпиадасында жеңімпаз атанып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге екі жыл қатарынан тегін дайындалуға грант ұтып алды. Сонымен бірге, планшетпен марапатталады. Мектептегі басқа да іс-шараларға белсенді қатысып жүрген озат оқушы Адина Арал болашақта дәрігер болуды алдына мақсат етіп қойып отыр.
– Мектеп қабырғасында тәрбие, білім алумен қатар ғылыми жобалармен де айналысып жатырмын. Ғылыми жетекшім Индира Түрікбаева. Абай атамыз айтқандай, білім, ғылым адамзаттың қазынасы. Ғылым адамды ізденімпаздыққа, ізгілікке жетелейді. Біз ғылыми жобалармен айналысу арқылы әлі зерттелмеген дүниені зерттеуге, білуге үйренеміз. Бұл ең алдымен өзіміз үшін пайдалы. Ғылыми жобаларды қорғау арқылы көптеген тың ақпараттарға қанығасың. Қазір 10-шы сыныпта оқып жатырмын. Келер жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсырамыз. Сынаққа қазірден бастап қызу дайындалудамын,- дейді Адина.
Ғылымға құлаш ұрған талапты оқушылардың бірі ретінде 10 сынып оқушысы Балжан Оңғарды да айтуға болады. Балжан мектеп пәндерінің ішінен Қазақстан тарихы пәнін сүйіп оқиды екен. Ол былтыр Алтын Орданың 750 жылдығына байланысты ғылыми жоба қорғап, аудандық ғылыми жобалар байқауында І орын алған. Сондай-ақ «Қазтест» сайты ұйымдастырған Алаш ардақтысы, қоғам қайраткері Ә.Бөкейханов атындағы республикалық тарих пәнінен онлайн байқауда, басқа да облыстық байқауларда жүлдегер атанған. Ол болашақта еліміздің бизнес, кәсіпкерлік саласын дамытқысы келетінін айтады.
«Талаптыға нұр жауар» демекші, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда ғылыми жобалар бағытын дамытуға 5 сыныптың оқушылары Жанерке Әділбек, Жәния Рысқұлбекте өз үлестерін қосып жүр. Жанерке «Мен зерттеуге үйренемін!» аудандық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы. Ғылыми жетекшісі Айман Әмірқұлова. Сүйіп оқитын пәндері – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті. Ол болашақта дәрігер болғысы келетінін жеткізді. Жәния өзі қорғаған ғылыми жобаның тақырыбы ретінде өлкенің экологиясын жөнінде тақырыпты таңдап алып, Жуалы өлкесінің экологиясын зерттеді. Одан бөлек, ауыл балаларына арналған «Мың бала» байқауына да қатысып, жүлдегер атанды. Айта кету керек, былтыр аталған мектеп-гимназиядан үш оқушы «Мың бала» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, дарынды балаларға арналған «Дарын» мектептерінде оқуға мүмкіндік алған екен.
Мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Сабина Өзбекбай да биология пәнінен «Семіздік және оның салдары», «Жылқы және оны баптаудың сырлары» тақырыптарында ғылыми жобалар қорғап, «Бейбітшілік әлемі» атты халықаралық олимпиада, Меркі ауданында өткен облыстық байқауда І орындарды иеленген талапты оқушылардың бірі.
10 сынып оқушысы Дильнура Қабарбек те бірнеше ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы. Білімі мен белсенділігі үшін ол 2019 жылы Ақмола облысының Шучинск қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында оқып, демалған. Дильнура онда да белсенділік танытып, дипломмен қоса, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Жас патриоттар» академиясының мүшелігіне қабылданып, арнайы төсбелгімен марапатталады. Бірнеше презентациялық байқауда, «КИО» қашықтық олимпиадасында, сонымен қатар, Қазақстан тарихы пәнінен «Золотая руна» (Алтын тобылғы), халықаралық «Биг-Бен» байқауларында топ жарған. Дильнураның ғылыми жобалар қорғаумен қатар, «Қобыланды батыр» жырының 132 бетін жаттап алуы бізді қатты сүйсіндірді.
-Алдағы мақсатым – жаңа заманға сай білім сапасы жоғары деңгейдегі жоғары оқу орындарына түсу. Қазақстанда туризм саласын дамытқым келеді. Ең бастысы, ата-анамның үмітін ақтап, елге адал қызмет ету. Сонымен қатар, мектебіміздің атын жақсы жағынан шығарып, бәсекеге қабілетті мамандық иесі атану,- дейді Дильнура бізбен әңгімесінде.
Тағы да Абайша: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп айтсақ, ғылым мен технологиялар ғасырында білім, ғылым игеру өзінің орасан пайдасын әкелетіні дау тудырмайды. Президенттің білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлуінде де осындай үлкен мағына бар.

Нұржан МАНАСҰЛы,
«Жаңа өмір»

Суретті түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close