Qoǵam
Асабаларға ізденіс керек
Бүгінгі біздің тақырыбымыз асабаларымыздың сөйлеу мәдениетіне қатысты болып отыр.
Бұрындары той деген барлық жақсылықтың, салт-дәстүрлеріміздің, өнеріміздің, мәдинетіміздің бастауы болған. Барлық өнер осы тойда тоғысып жататын. Ал, қазір ше?! Қазір тойда арақ ішіп масайған ересектер, оның ішінде әйелдерге, үлкен кісілердің ерсі қылықтарына, билеріне, т.б кәу боламыз. Қысқасы, аз болса да рухани азық алып, демалып қайтатын тойлар өте сирек. Шыны керек, рухани ләззат алар тойды аңсайтын болдық.
Тойдың мәнді де мағыналы өтуі асабаға да тікелей байланысты. Тойда той иесінің қуанышын бөлісіп, әдемі сөз өрнегін, әсем ән тыңдап, әдемі ойын мен әдемі би тамашалағың келеді. Бірақ, асабалардың көбі тойды бір сарында әйтеуір өткізіп берсем, ертерек уақыт өтсе болды деген мақсатпен өткізіп жатады. Егер қатарынан бір асаба басқарған тойға барсаңыз, асабаның сөзін, қандай ойын ойнататынын, ойын барысында не айтатынын жаттап аласыз. Өйткені, асабада ізденіс жоқ. Кейде ерсі ойындар ойналып, келген қонақтар күлкіге қалып жатады.
Үлкен жауапкершілікті мойнына алған асаба арақ ішіп алып, ауызына түскенін сөйлеп жататын кездері де болады.
Бір жолы өзіміздің жуалылық асаба тойда екі құдағиды ортаға шығарып ойын ойнатты. Екеуін үстелге отырғызып қойып, екі тізесінің ортасына бір нәрсені қыстырып қойды. Сосын: «Мұны қойдың құйрығы деп есептеңіздер. Егер екі жас бақытты болсын десеңіздер, өмір бойы құйрықтарыңызды осылай қысып жүріңіздер» деді. Біреу күліп жатыр, ал біреулер «масқара, мынау не деп тұр?!» деп жатты. Екі құдағи ұяттан қызарып кетті. Бірақ өз балаларының тойы болғандықтан, тойының берекесін өзі қашырғысы келмегендіктен асабаға сөйлемеді.
Кей асабалар қонақтар сөз сөйлеп жатқанда әзіл-сықақ театрларының әртістерінің сөздерін орынсыз жерден қосып қойып, сөз сөйлеушілерді ұялтып жатады. Қысқасы, тойдан асабадан сөз естіп немесе ерсі қылықтарды көріп кіжініп қайтатын кездер көп болады.
Әрине, әзілі де, сөзі де орынды, сөздің майын ішкен шешен асабалар да жоқ емес. Алайда сөз төркінін түсінбейтін, мәдениетсіз асабаларымызды тәртіпке шақырумыз керек.
«Әр адамның сұлулық сезімдері әртүрлі нәрселерден оянымпаз болады, біреудің музыкадан, біреудің сұлу суреттен, біреудің поэзиядан, өнердің әйтеуір бір түрінен ләззат алмайтын, біреуіне құмарланбайтын адам болмайды»,- дейді Мағжан Жұмабаев. Өнер, оның ішінде сөз өнері – адамның ең жоғарғы қасиеті.
Яғни, өнердің ең алды сөз өнері деп аталады.
Қазақта «Қол бастау қиын емес, көк найзалы ерің болса, көш бастау қиын емес, артыңа ерер елің болса. Бәрінен де шаршы топта сөз бастау қиын, тауып айтсаң, мереке қылады, таппай айтсаң, келеке қылады» дейді.
«Басқа пәле тілден», «Аңдымай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз бекер айтылмаған.
Жаз, күз мезгілі тойдың нағыз көбейетін кезі. Сондықтан тойымызды, қуанышымызды келген қонақ, жас ұрпақ сәл болса да рухани азық алып қайтатындай етіп өткізуді ойлайықшы.
Перизат нүрпейісова,
«Жаңа өмір»