Qoǵam
Руханиятқа көңіл бөлейік!
Өмірде тозбайтын, таусылмайтын байлық – білім, яғни рухани байлық. Білімді, ішкі мәдениеті жоғары, жан-жақты адам ең бай адам. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын жариялауы да тегін емес. Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Шындығында ұлттық рухы, руханияты жоғары мәдениеті озық ел көп нәрсеге қол жеткізеді.
Кез келген халықты төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Рухани құндылықтарымызды, ізгі қасиеттерімізді дамыту үшін әрқайсымыз өз-өзімізді дамытуды қолға алуымыз керек. Яғни, рухани жаңғыру үшін, өзгеру үшін, алға ұмытылу үшін адамға білім керек.
Ұлы ақын Абай атамыз:
“Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып-білуге” деген болатын.
Ал, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы “Газет-журнал – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, газет те халыққа сондай керек” деген болатын. Себебі, әр басылымның өзінің жүйелі, жоталы тақырыптары бар. Тақырып болғанда газет-журнал “олай екен, бұлай екен” дейтіндерді, көшеден естігендердің бәрін жиып-теріп жарияламайды. Қазақ басылымының мақсаты – халықты елдік мұратқа үндеу, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын тақырыптарға бару, ел руханиятына, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу. Газет-журнал өзі өмір сүрген кезеңдегі оқиға, құбылыстарды өз оқырманына нақты, дәйекті жеткізе біледі. Себебі, мақалада келтірілген дерек – сол кездің тарихы. “Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік” деген сөз содан қалған.
Өкінішке орай, қазір адамдар рухани дамуға емес, материалдық жағынан дамуға көп көңіл бөледі.
Бүгінде әсіресе, жастардың едәуір бөлігі интернетті көбірек пайдаланып, газет, кітап оқуды азайтып алды. Соның салдарынанан олардың көзқарастарында ақпарат алмасудың электрондық нұсқасымен шектелушілік басым.
Өзінің ойын шеберлікпен қағазға түсіру жастар үшін қиын. Оның барлығы кітап, газет-журнал оқымаудың салдары.
Адамның білімі, интеллектуалдық даярлығы мол болса, жас жеткіншектер арасын бойлап бара жатқан бойкүйездік пен қатыгездік, бейбастық сынды көптеген келеңсіздіктер азаяр еді.
Біз, қатарластарымыз мектепте оқығанда сынып жетекшілеріміз бүкіл сыныпты жас ерекшеліктерімізге қарай балаларға арналған басылымдарға жаздыртатын. Сосын сол басылымда жарияланған материалдар бойынша тапсырма беретін. Сонда жазылған басылымымызды бүкіл сынып болып оқып, мақалаларды талдайтынбыз. Газетті оқу арқылы сауатты жазу, сауатты сөйлеуді үйрендік, шығармашылыққа деген қызығушылығымыз артты. Ізденуді үйрендік.
Ал, қазір газет оқымайтындардың саны көбейіп келеді. Газетті отбасылық рухани қажеттілік деп есептемейді. Есесіне, адамдар сұлулық салонына барып, сыртқы сұлулығына қаншама қаржы жұмсайды, кафеге барады, ішімдік алуға, түрлі ойын-сауыққа қаншама қаржысын еш қиналмай жұмсайды да, ал руханиятқа, өзін дамытуға қаржы жұмсағысы келмейді. Бұл дұрыс емес. Жыл бойына газет-журналға жазылуға жұмсалған екі-үш, мейлі бес-он мың теңгеңіз сізге жыл бойына рухани азық боларлық дүниелерді сыйлайды.
Рухы мықты азаматтары көп елдің іргесі қашанда мықты. Сондықтан қымбатты оқырман, ел болуды ойлайық, әр отбасы жанына жақын басылымдарға жазылып, руханиятқа көңіл бөлейік.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»