Qoǵam
Татулықты ту еткен халықпыз
«Бірлік түбі – береке» демекші, елімізде қай кезде болсын ел бірлігі мемлекетімізді жарқын болашаққа бастап келеді. Еліміздегі тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған ұлттар мен ұлыстардың достығы көпке үлгі-өнеге.
Көктемнің жайма-шуақ күндерімен бірге ел бірлігін танытатын мерекенің бірі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл – көктем мен еңбектің, татулық пен ынтымақтың, келісім мен бірліктің шынайы мерекесі.
Біз тамырымыз бөлек болса да, тарихымыз бір халықпыз. Өзбек ұлтының ұрпақтары бейбіт өмірде қазақ халқымен бірге жасасып келеді. Біз кең-байтақ қазақ елінде дүниеге келіп, осында өсіп-өнудеміз. Бір шаңырақтың астында татулықты ту етіп, ғұмыр кешудеміз. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қазақ та жақсы сөз бар. Осы ынтымағымыздың арқасында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», талай белестерге жетудеміз. «Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір» түрлі ұлт өкілдері еліміздегі бірлікті бекемдей түсіп, достық пен ауызбіршілікті ту етіп келеді. Еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолында біз де аянбай еңбек етіп, өз үлесімізді қосатынымызға сенім білдіремін.
1 мамыр – Бірліктің ерекше мерекесі. Осы орайда, баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңыздың отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке, қуаныш пен шаттық тілейміз. Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік болып, мерейі өсе берсін. Қазақ халқының бірлігі нығая берсін. Елдігіміз еңселі, мемлекетіміз мәңгі болсын!
Зувайда Мажитова,
«Өзбек» этномәдени
бірлестігінің төрайымы