Qoǵam

Отансүйгіштік қасиетті дамытуымыз қажет

Құрметті Жуалы ауданынан қанат қаққан түлектер!
Жұлдызы биік жуалылықтар туған жерден түлеп ұшқан азаматтарды әрқашан мақтан тұтады. Туған жердің топырағының қасиеттілігінен болар, Жуалыда туып-өскен азаматтардың рухы әрқашан биік болып келеді. Олар қай өңірде жүрсе де «Жұлдызы биік Жуалы» деген атқа дақ түсіріп көрген емес. Түлектердің ішінде туған ауылдарына атбасын бұрып, көмек қолын созып жатқан патриот азаматтарымыз да баршылық. Мұны туған жерге деген сүйіспеншіліктен туған биік патриоттық сезім деп білеміз.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жөнінде өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да кеңінен ой толғағанын жақсы білесіздер. Елбасы өз сөзінде: «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.
Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады»,- деп атап өтті.
Осы орайда облыс өңірлерінде «Жомарт түлек» атты патриоттық акция ұйымдастырылуда. Бұл бағыттағы тәрбиелік мәні зор жұмыстар Жуалы ауданында да қолға алынғалы жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген жуалылық түлектерді осынау игілікті іске атсалысуға шақырамын.
Кез келген азамат үшін білім алған қара шаңырағы оқуды бітіргеннен кейін де туған үйіндей болып қалады. Жыл сайын қарашаңырақ атанған мектептерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, жақын және алыс шетелдерден мерейтойлық кездесулерге жүздеген түлектер келеді. Мұндай кездесулерден кейін түлектердің іскерлік байланыстары артып, жаңа бастамаларға жол ашылады. Бұл кездесулер түлектерімізге күнделікті өмірде қуаныш, мереке, мол қуат беретіні сөзсіз.
Қымбатты түлектер!
Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың қолында. Болашақта ел тізгінін ұстайтын жас азаматтарға жол көрсетуде, үлгі-өнеге болуда Сіздердің үлестеріңіз үлкен, жүріп өткен өмір мен еңбек жолдарыңыз маңызды деп білемін. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімдерін дамытуға да мол септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан Жуалы ауданынан түлеп ұшқан азаматтарды «Жомарт жүрек» акциясына белсене атсалысуға шақырамын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өткендей, біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету.
Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек.
Олжас ҚАРЖАУОВ,
Жуалы ауданының әкімі

Таңдаулы материалдар

Close