Qoǵam
ИМАНДЫ АЙДАЛАДАН ЕМЕС, АЙНАЛАҢНАН ІЗДЕ
Әу баста сырт көзге «араб көктемі» атты көтерілістің Сириядағы жалғасы секілді көрінген бұл ойын 2014 жылдан бастап жаңа сипатқа ие болды. «Араб көктемі» – әлеуметтік аз қамтылған қалың бұқараның авторитарлық билікке қарсы көтерілуі еді. Ал, 2014 жылы осы дүрмектен бөлініп, «ДАИШ» атты жаңа дүмпу шықты. Халықты қанға бөктірген қанқұйлы топ өздерінің барлық сорақы істерін ислам шариғатымен ақтап алуға тырысып бағуда. Бірақ, сарапшылар «ДАИШ-тың» сыртқы күштердің әсерімен жасалған исламофобиялық ойын екенін алға тартады.
Қазір террористік ұйымның аталған аймақтардағы іс-әрекеттері әлем жұртшылығын шошындыруда. Оның қызметіне БҰҰ-на мүше көптеген мемлекеттермен бірге Қазақстанда да тыйым салынды. Ислам атын жамылған бұл қарулы құрылым бір күнде пайда болған жоқ. Бұл трансұлтты террорлық топ Ирактағы атышулы «Әл Каида» лаңкестік ұйымы секілді он шақты әртүрлі экстремистік топтардан құрылғандығы белгілі. «ДАИШ» лаңкестік ұйымы 2014-2015 жылдардың өзінде Таяу Шығыстың талай жерлерін қанға бөктірді. Таяу тарихтан белгілі болғандай, мұндай ұйымдар Сириядағы 2011 жылы басталған сұрапыл соғысты ұтымды пайдаланып, қару-жарақ, мұнай көздерін және тағы басқа байлықтарды оңай қолға түсіруді ғана қалайды.
Біз кез келген дін атын жамылған ұйымдардың жалған ұрандарына емес, шынайы мұрат-мақсатына, нақты іс-әрекетіне қарап баға беруіміз керек. Бір діни қозғалысқа толымды баға беру үшін оның қандай мәселелерге көбірек мән беретінін, қандай істе белсенділік танататын бағамдау қажет. Осыдан кейін барып ол ұйымның шынайы мұрат-мақсаты айқындалады. Ал, «ДАИШ-тың» қанды қасап қарекеті мен саяси мотивтері оның діни емес, дін атын жамылған лаңкестік топ екенін әйгілейді. Шынтуайтында, «ДАИШ» – жай ғана лаңкестік топ емес, жаһандық лаңкестіктің аса қауіпті көрінісі. Бүкіл әлемде ислам ғалымдары «ДАИШ» ұйымын ислами емес деп таныған. Осыған қарамастан бұл ұйым өзін жарнамалауды жалғастыруда.
«ДАИШ» содырларының әрекеттері шариғаттың ешқандай моральдық және құқықтық қағидаттары мен нормаларына сәйкес келмейді. Естеріңізде болса, таяуда дүниежүзінің жүзден астам ислам ғалымдары бұл ұйымға ашық хат жазып, олардың іс-әрекеттерін қатаң сынға алғандығы осыған айғақ. Бұл жөнінде көптеген БАҚ арналары жариялаған болатын.
Елордамыз Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде біз білетін барлық танымал дінбасылар мен халықаралық исламдық ұйымдардың өкілдері «ДАИШ» лаңкестік ұйымының іс-әрекеті түбегейлі исламға жатпайды» деп таныды. XXI ғасыр – төртінші билік өкілдері айтпақшы, ақпарат дәуірі. Қазіргі ақпарат кеңістігіндегі жүргізіліп жатқан ойындардың залал-зардабы қарулы қақтығыстардан ауыр болмаса, жеңіл емес.
Қазақстан сотының «ДАИШ» және «Ан-нусраны» лаңкестік ұйымдар деп тануы дер кезінде қабылданған шешім болды. Өткен жылы «Ат-такфир уәл-хижра» ұйымының да қызметіне тыйым салынды. Қазақстан сотының мұндай шешімдері теріс пиғылды лаңкестерге қосылатын адасушылар легін азайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. «ДАИШ» пен «Ан-нусра» секілді лаңкестік ұйымдарға түскен жандар – зайырлы қоғамнан оқшауланған адамдар, психологиялық арбау салдарынан олардың ұстанымдары мен өмірлік көзқарастары озбыр идеялармен уланған.
Жалпы, шетін көзқарастарды ұстанатын діндарлар ресми ақпарат көздері арқылы немесе діни институттар тарапынан таратылатын түсіндіру мақсатындағы жарияланымдарды қабылдамайды. Мұның мысалын қазіргі таңда мешіттерде көруге болады. Көптеген жастарымыз мешіт имамдарына құлақ аспай, өз білгенімен құлшылықтарын орындап жатыр. Мұндай көрініс қазақ үшін ерсі қылық.
Көзі қарақты жұртшылықты біздің бүгінгі қоғамымызда бой көрсетіп жүрген ислам атын жамылған теріс діни ағымдар жақтастарының мешіттегі жүріс-тұрыстары мен өзін-өзі ұстау мәдениеті ойландырмай қоймайды. Олар Жаратқанға басын иіп жалбарынуды мешіт жамағатының алдында екі аяғын екі жаққа айқарып, көкірегін керіп тәкаппарланып тұру деп түсінетін тәрізді … Бұл, жұмсақтап айтқанда, әдепсіздік.
Ата-бабаларымыз дін ұстанғанда имам-молдаларға әрдайым құрмет танатап, тура жолдан таймас үшін ізінде тура басқан. Қазақтын ешбір ұлттық салт-дәстүрлері мен жиындары елдің, жұрттың рухани көшбасшыларынсыз өтпейтін. Оған тарихымыздың өзі куә. Ал діндегі тура жолдан адасқандардың әрекеттері олардың қалың жұрттан оқшауланып, бөлініп кетіп бара жатқанын көрсетеді. Осы бір мысалдан-ақ атышулы «ДАИШ» ұйымының белсенділері қатарластарын ресми дін мамандарын тыңдамауға үгіттеп, ақпараттық тұрғыдан оқшаулап тастайтындығын байқауға болады. Олар өзара әлеуметтік қатынастар арқылы жаңадан қосылған немесе екіойлы адамдарды жедел баурап, өз қатарларына біржола енгізуге ықпал етеді.
Жастарымызға ең алдымен жастарымыздың діни сауаттылығымен қатар, кәсіби зайырлы білімін көтеріп, патриоттық пен ұлттық сананы жандандыруға көп көңіл бөлу керек деп санаймын. Сондай-ақ, мұндай жағдайларды болдырмау үшін радикалды идеологиядан азат аудиторияға алдын алу бағытындағы жалпы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қарқынды түрде жалғастырған жөн.
Жалпы, экстремистік және лаңкестік идеологияның негізінде «қарсылық таныту», «қанды оқиға арқылы өзіне көңіл аударту» секілді түсініктер жатыр. Осы түсініктер негізінде экстремистік ұйымдардың идеологтары топ мүшелерін ресми үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан «әділетсіздіктерге» қарсы шығуға, діни емес мемлекеттік жүйені қарулы төңкеріс арқылы жоюға үндейді. Лаңкестік ұйымдар үшін бұл – әдеттегі түсінік. Өйткені олардың құрылу миссиясының өзі осындай теріс пиғылдардан тұрады.
Қоғам мүшелерінің діни және дінтанулық сауаттылығын арттырып қана қоймай, азаматтық белсенділігін күшейту, отансүйгіштік сезімдеріне соны серпін беру, ғасырлар бойы қалыптасқан діни таным мен рухани құндылықтарды жаңғырту, мәмілегер, бірлікшіл, бейбітсүйгіш ұлттық мінездерге қозғау салу қазіргі таңдағы идеологиялық бағдарымыздың негізгі тіндеріне айналуы тиіс. Тұтастай алғанда, жаһандық терроризммен күресте оның салдарымен күресумен шектелмей, пайда болу себептерін түбірімен жойсақ, әлдеқайда үлкен жетістіктерге жете аламыз.
Бүгінгі жастарға ай-күннің аманында адаспаңыздар, тәуелсіздік пен тыныштықтың қадірін біліңіздер, бастарыңыздағы бақытты бағалаңыздар дер едім. Ата-ана, туған жерден артық жұмақ жоқ. Дін исламның шынайы жолымен жүргің келсе, Отаныңа, еліңе, ата-анаңа, бауырларыңа қызмет жаса, оқы, ізден, еңбек ет! Бабаларымыз қанымен де, жанымен де, арымен де қорғаған туған жерге туың тік! Иманды айдаладан емес, айналаңнан ізде дер едім…
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК,
«Жуалы» мешітінің имамы