Qoǵam

Қызы бар үйдің, қызыры бар

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді» деген сөзі бар. Сол сияқты ел арасында ынтымағы жарасқан, өскен, өнген, көпке үлгілі, мерейлі отбасыларды жарыққа шығарып, халыққа көрсету біздің басты міндетіміз деп білемін.
Бүгінгі айтпағымыз, Билікөл ауылдық округіне қарасты Жылыбұлақ ауылында тұратын, қасиетті қара шаңырақтың түтінін түтетіп, алты қызды мәпелеп отырған Оразалиевтер әулеті турасында болмақ. Үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген отанасы Меруерт Оразалиева «Күміс алқа» алқасының иегері. Ол жақында ғана ауылдағы мектеп асханасына аспаз болып орналасқан екен. Ал, жолдасы Ержан Оразалиев Тараз қаласындағы «ҚазФосфат» зауытында күзетші болып қызмет атқарады. Жолдасы Ержан біз барған күні де жұмыста болып, ұялы телефон арқылы әңгімелескен болатынбыз.
– Әкеміз Әжібай Оразалиев пен анамыз Саракүл Оразалиева малшы болған, қой баққан. Совхозда жұмыс істеген, ел сыйлайтын, құрметтейтін, көпке үлгілі жанұялардың бірі болды. «Мейірімі мол ананың – жүрегі жылы, қолы кең. Кең пейілді атаның – жүзі жылы, жолы кең» дегендей, әке-шешемнің сондай көрегендігі мен білгірлігінің, көпке сыйлы болғанының арқасында жұрт, «Е-е-е көргенді үйдің баласы ғой» деп бізді де сыйлап, ерекше құрметпен қарайды. Сонымен мен де мақтанамын, әрі қуанамын.
«Қызы бар үйдің, қызыры бар» демекші, ата-бабамыз қашан да қыз баласын ерекше құрметтеп, сыйлап төрге шығарған. Ислам дінінде де қыз баласын ерекше құрметтеу керектігі жөнінде айтылады. Қыз – қашанда өз үйіне қонақ. Қыздарымның тәрбиесіне атүсті қарамаймын. Еркелетіп, бар тәтті-дәмдіні алдарына тосып, ерекше жақсы көріп, жылы шырай танытамын. Әрдайым шыншыл болуға, өтірік айтпауға, адамдармен сыпайы сөйлесуге үйретіп, әкелік ақылымды айтып отырамын. Осы қыздарым дендері сау болып, бақытты болса ата-ананың қуанышы сол емес пе,- дейді Ержан Әжібайұлы.
Ал, отанасы Меруерт өмірден ертерек озған ата-енесін зор сағынышпен еске алды. Оның сөзінше атасы мен енесі өте еңбекқор, мейірімді, жүзі жарқын кісілер болған екен.
– Мен үйде жүргенде әндетіп жүріп жұмыс жасағанды ұнататынмын. Бірде атам соны байқап қалып, базардан үлкен магнитафон сатып әкелгені есімде. Атамның: «Қызым ала ғой, мынадан өзің қалаған әндерді тыңдап жүр» деп айтқан. Қатты еркелететін, мүлде дауыс көтеріп сөйлемейтін. Сондай-ақ, атам жарықтық сөйлегенде сөздің майын тамызып, әдеби нақышта, елді аузына қаратып, мақалдатып сөйлейтін. Ал, енем ылғи да ақылын айтып, жақсылығымды асырып, білмейтін тұстарымды түзетіп отыратын. Қонақты қарсы алғанда күліп, жылы шыраймен қарсы ал деген сияқты өнегелі, тәрбиелі сөздерін айтатын. Сонымен қатар қыздарым да қазір тәрбиелі, мектепте қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Оқу үлгерімдері де жақсы.
– «Мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті» дегендей, өсіріп отырған қыздарымның алдына қойған мақсаттары және болашаққа құрған жоспарлары мені бей-жай қалдырмайды. Тұңғышымыз Аяулым дизайнер болғысы келеді, Арайлым – мұғалім, Нұрайым – адвокат, Іңкәр – тілмаш, Жәния – дәрігер болсам деп армандайды. Армансыз адам, қанатсыз құспен тең демей ме, сол секілді қыздарымның болашағынан зор үміт күтіп, әрқайсысының өмірден өз орындарын тапқанын қалаймын, әрі балаларымның өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Үлкенім Аяулым он бес жаста, ал кіші қызымыз Ұлданай үш жаста.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын көтеру мақсатында берілетін Атаулы әлеуметтік көмектің біздің де отбасына бұйырғанына шексіз ризамын. Сол себепті де ел басқарып отырған атпал азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді Меруерт Оразалиева.
Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close