Qoǵam

Мемлекеттік қызметшілер сынақ тапсырды

Жақында облыстық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлер арасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында біздің ауданда «Қазтест» сертификаттық және диагностикалық тестілеуін өткізді. Ондағы мақсат – «Қазтест» жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесін 35 пайызға, С1 деңгейін 10 пайызға, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесін В1 деңгейінде 35 пайызға, ал С1 деңгейінде 9 пайызға жеткізу. Осынау сертификаттық тестілеу және диагностикалық тестілеуге В1 және С1 деңгейінде бірқатар басшы азаматтар және бас мамандар қатысып, олар тестілеу барысында тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым, жазылым бөліктері бойынша жабық түрдегі 150 тест тапсырмасын орындады.
Бұл жөнінде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова айтып берді.
– Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – «Қазтест» сынағы. «Тілдерді оқыту орталығы» тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазтест» жүйесімен облыс көлеміндегі мемлекеттік қызметшілерінен арнайы сынақ алып отырамыз. Биылғы жылы аталған жүйе бойынша сертификаттық тестілеуден облыс көлемінде 464 мемлекеттік қызметшіні, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардан диагностикалық тестілеуден 1958 қызметкерді өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде Жуалы ауданы да жақсы нәтиже көрсетіп келеді,-дейді Гүлхан Мұхтарқызы.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close