Qoǵam

Алкогольдің зияны мен зардаптары

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің психологі Жадыра Ерғалиқызы мен Б.Момышұлы ауылының жастар ісі жөніндегі инспекторы Элмира Сүйінбаев бірлесіп жастарға онлайн-кеңес берді. Онлай-кеңеске әлеуметтік желі қолданушылары қатысты.
Шараның мақсаты – жастар арасында алкоголизмнің алдын алу, пандемия кезінде алкогольді пайдаланудың зияны мен зардаптарын жастар арасында кеңінен насихаттау. Жастарға әлеуметтік желі арқылы алкоголь және COVID-19 індеті жайлы бірқатар мәліметтермен ақпараттандыру.
Пандемия кезінде коронавирусты емдеудің ел арасында түрлі тәсілдері тарап кеткені белгілі. Мәселен, алкоголь тұтыну COVID-19 вирусының жойылуына ықпал етеді, алкогольді ішімдіктерді қолданған кезде деммен жұту ауасындағы вирустық бөлшектер жойылады, алкогольді ішу адамның иммундық жүйесін нығайтады және ағзаның вирусқа төзімділігін арттырады, алкоголь стрессті жеңуге көмектеседі және т.б.
Енді осы ақпараттарға жауап беріп өтсек, алкоголь тұтыну COVID-19 вирусының жойылуына ықпал етпейді. Егер адам вирусты жұқтырса, алкоголь оның денсаулығына керісінше қауіп төндіреді. Алкоголь (концентрацияда кемінде 60 пайыз) теріні дезинфекциялауда тиімді болуы мүмкін, бірақ ол ішкенде дезинфекциялық әсерге ие емес. Сонымен қатар, деммен жұтқан ауадағы вирустық бөлшектерді жоймайды, ауыз қуысы мен жұтқыншақты дезинфекциялауды қамтамасыз етпейді және ешқандай жағдайда вирустан қорғаудың әдісі болып табылмайды.
Алкоголь адамның иммундық жүйесін әлсіретеді, яғни ағзаның вирусқа төзімділігін арттыра алмайды. Сонымен қатар, алкоголь біздің ағзамыздың әр мүшесіне зиянды әсер ететіні белгілі. Жалпы алғанда, деректер «алкогольді тұтынудың қауіпсіз деңгейі» жоқ екенін және әрбір стакан ішкен сайын денсаулыққа қауіп төндіретінін көрсетеді.
Стрессті жеңуге келетін болсақ, алкоголь керісінше тек дүрбелеңді, мазасыздықты және депрессияны, сондай-ақ басқа психикалық бұзылуларды күшейтеді. Сонымен қатар, алкоголь агрессивтілікті арттырып, отбасындағы зорлық-зомбылыққа, құқықбұзушылыққа әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия кезінде алкогольді ішуден толығымен бас тартуды және алкоголь өнімдерін теледидардан және басқа БАҚ-тан, әлеуметтік желілерде жарнамалаудан аулақ болуды ұсынады.
Себебі, сіз тек байсалды күйде ған қырағылықты, реакциялар мен әрекеттердің жылдамдығын және жеке өзіңізге, отбасы мүшелеріне, қоршаған ортаңызға қатысты шешім қабылдау кезінде ақыл-ойдың анықтығын сақтай аласыз. Денсаулықты сақтау, қатаң сақтық шараларын сақтау және жақын адамдарға көмек көрсету үшін ақыл-ойдың сергек және анық болуы маңызды екенін білеміз.
Ешқашан алкогольдік ішімдіктерді дәрі-дәрмектермен тіпті егер олар «табиғи» дәрі-дәрмектер немесе рецепт талап етпейтін дәрі-дәрмектер болса араластырмаңыз! Алкоголь олардың тиімділігін төмендетуі немесе, керісінше, дәрі-дәрмектердің әсерін денсаулыққа қауіп төндіретін деңгейге дейін арттыруы мүмкін. Егер сіз орталық жүйке жүйесіне әсер ететін дәрі-дәрмектерді (мысалы, анальгетиктер, ұйықтататын таблеткалар, антидепрессанттар және т.б.) қабылдасаңыз, алкогольді ішпеңіз, өйткені алкогольді ішу бауыр функциясын тежеуі мүмкін, сонымен қатар бауыр жеткіліксіздігі мен денсаулыққа қатысты басқа да ауыр проблемалардың себебі болуы мүмкін.
COVID-19 індетін жұқтырған жағдайда медицина қызметкерлеріне алкогольді ішетіндігіңізді хабарлаңыз. Себебі, бұл сіздің денсаулығыңызды сақтау үшін қолайлы шаралар қабылдауға көмектеседі.
Бірінші кезекте өзіңіздің және жақын жандарыңыздың денсаулығын ойлаңыздар! Алкогольден бас тартыңыз! Бастысы естеріңізде болсын: алкоголь сізді COVID-19 індетінен қорғамайды.
Онлай-кеңес барысында жастар желі қолданушыларына жоғарыдағы көрсетілген кеңестер мен мағлұматтарды берді.

Аудандық «Жастар
ресурстық орталығы»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close