Qoǵam

«Бөлінгенді бөрі жейді…»

немесе ел бірлігіне сызат түсіргендердің көздегені не?!

«Атадан ұл туса игі, Ата жолын қуса игі, Өзіне келер ұятын, Өзі біліп тұрса игі» депті «Қарлығаш би» атанған Әз Төле би бабамыз. Алаш дейтін халықтың мына дүниедегі орны, ежелден қалыптасқан мызғымас ынтымағы мен байыпты бірлігі жайында көп айтуға болады. «Елу жылда ел жаңа» демекші, халқымыздың ынтымағы бұрынғы өткен қиын-қыстау ғасырларда талай-талай сын тезінен өтіп, қазір де өз жалғасын тауып келеді. Аға буынның өкілі ретінде бұған да шүкір дейміз.

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан, Бақ қонып, Қыдыр дарыған мекен саналатын киелі Әулиеата өңірінің орны ерекше. Жамбыл облысында 10 аудан бар. Оның ішінде біздің Жуалы ауданында 51 мыңнан аса халық тұрып жатыр. Қасиетті ауданның халқы барлық қазақстандықтар сияқты көптеген қиыншылықтарды басынан өткізген жайы бар. 1930-33 жылдардағы алапат ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі жылдардағы тұрмыстық ауыртпашылықтар, одан басқа да көп қиыншылықтар бастан өтті. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» демекші, сондай қиын-қыстау жылдары аудан халқы бір-бірлеріне деген мейірбандылығын, адамгершілік сыйластықтарын әсте жоғалтқан емес. Хакім Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтқан қасиетті қағидалы сөзі қазіргі заманда да өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Жұлдызы биік Жуалы ауданын қасиетті бесікке айналдырған түрлі ұлттардың өкілдері бір кісінің баласындай орыс, неміс, шешен, әзірбайжан, кәріс ұлты деп бөлінбестен бауырмашылықтарын барынша сақтай білді. Әлі де сақтап келе жатқан жайы бар.
Өткен уақыт – өткен тарих. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы Кеңес дәуірінен қалған колхоз, совхоздар, басқа да ірі-ірі өндірістік мекемелер жекешелене бастады. Қолынан іс келетін, шаруаға епті азаматтар солардың көп мүліктеріне ие бола білді. Соның салдарынан ел ішінде ауқаттылыр (байлар), кедейлер (тұрмысы төмен) азаматтардың санаты пайда болды. Сол ауқаттылар қоңданып алған соң ары қарай баю ниетімен бір-бірлерін түрткілеп, елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіре бастады.
Біле білгенге іштарлық, алауыздық деген жақсы қасиеттер емес. Әрі десе ол ақылды кісінің ісі емес. Дүниемен, малмен, басқа да материалдық байлықтармен біреуден оздым деу – бекершілік. Іштарлық – ақымақтарға ғана тән жағымсыз қасиет. Бұл біздің жазылмайтын ауруымыз. Мұндай іштарлықтың кесірінен қазақ халқында бір әке, бір анадан туғандар, туыстық жағынан да жақын кісілер қастасып кеткенін өмір барысында көріп жүрміз.
«Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді, Осылай шежіреден көрінеді. Саны көп, сапасы жоқ, һәммадан бос, Ғылымға мойын ұсынбай ерінеді» деген екен Алаш арыстарының бірі, қазақтың аса көрнекті ағартушысы Міржақып Дулатұлы. Сол айтқандай, біздің қазақта ата-атаға, ру-руға, жершілдікке бөліну деген жазылмайтын ауру тағы бар. Кей жағдайларда кішкене ауылдың өзі қырыққа бөлініп жатады. Бұл – сол ауылдағы ауызбіршіліктің жоқ екенінен хабар беріп тұрғандай. Ата-атаға, руға, керек десең жүзге бөлініп алып, жікшіл топтың арқасын қоздырып жүргендер кейінгі кезде біздің ауданның көлемінде де төбе көрсете бастады. Ондайларды алауыз, ниеті бұзық, айрандай ұйыған қасиетті ауданымыздың байырғы берекесін қашырып, қарақан басының қамын көздеген жағымпаз, пайдакүнем, алаяқ, қолынан іс келе ме, келмей ме онымен шаруасы жоқ билікке ұмтылушылар деп атамасқа лажың жоқ. Олар қара халықтың қамын ойлаған болып, түптеп келгенде өз мақсат-мүдделерін жүзеге асыруды көздейтіні анық.
Менің ойымша, қара халық, қарапайым жұртшылық ешкімді де алалап, жек көрмейді. Керісінше: «Күн ортақ, жақсы ортақ» деген адал ниетпен кеңпейілділік, бауырмалдық танытады. Бұл – біздің қазақ дейтін халықтың ұлылығы, кемеңгерлігі. Жоғарыда айтқандай, ел ішіне ылаң салып жүргендер тек пайдакүнемдер мен мансапқұмарлар. Аудан көлемінде төбе көрсетіп жүргендерді ел-жұрт болып ондай арам пиғылдылардың іс-әрекеттеріне жол бермеуіміз керек. Біздің тізгін ұстаған, билік басында отырған азаматтар қара басының қамын көздеген алаяқтар мен мансапқұмарлардың арбауына түсіп қалмай, олардан іргесін аулақ салып, аудан халқына адал қызмет етсе ғана «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар» күнге де жетер едік.
«Қариялар – дариялар» демекші, осы ретте аудандық ардагерлер кеңесі, оның пленум мүшелері аудан халқының бірлігі мен ынтымағын сақтап қалу мәселесіне байыпты мән беріп, көптеп көңіл бөлу керек деп санаймын. Одан бөлек, ауданның құқық қорғау органдары, атап айтқанда, аудандық прокуратура, сот, ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі, полиция бөлімінің басшылығы мен қызметкерлері кабинеттерінде қарап отырмай ел ішін «ала тайдай бүлдіріп», ынтымақ-бірлікке сызат түсіріп жүргендерге қарсы жұмыс жасаса, деген тілек бар біздің көкейімізде. Ел болып сайлаған «халық қалаулылары», дәлірек айтқанда, аудандық мәслихат депутаттары да ел арасындағы ынтымақ-бірлікті ұйытуға атсалысуға тиіс. Сайып келгенде, ел бірлігі – барлығымызға қатысты өзекті мәселе болып отыр.
«Жүзге бөлінгеннің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны» демекші, елдің байырғы берекесі мен сүттей ұйыған ынтымағын сақтап қалу – ауданның әрбір азаматының міндеті деп түсінгеніміз жөн. Бөлінгенді бөрі жейтінін есімізден шығармайық, ағайын!

Жарас МҰРАТАЙ,
Жамбыл облысының және Жуалы ауданының
Құрметті азаматы.
Қаржы саласының ардагері

Таңдаулы материалдар

Close