Qoǵam

Жүректі Алланың зікірі тазартады

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) хадисінде «әрбір адам дүниеге шыр етіп дүниеге келгенде мұсылман болып туады. Оны жүрген ортасы, ата-анасы не мұсылман, не христиан, не көп құдайшыл қылып өсіреді» делінген.

Әрбір бала отбасында асыл дініміздің негіздерін, ата-бабалардың тарихын, інжу-маржанын, асыл гауhарын біліп өссе, әртүрлі жат ағымдар теріс пиғыл бой көрсетпес еді.
Асыл дініміздің бір тармағы – қайырымдылық. Алланың берген денесі мен жанымызға жақсылық жасау адамзатқа, қоршаған ортаға, табиғатқа, жан-жануарларға жақсылық жасау. Оларға қолымен, тілімен зиян жасамау да қайырымдылыққа саналады.
Аллаға шүкір, жастарымыз мешітке көмек беруі, келуі бұрынғы ата-бабаларымыздың игілікті істерге Асар жасауы жалғасын тауып келеді.
2018 жылы ауыл азаматы Ерік Баймаханұлы ініміз, басқа да аға-інілердің ерен еңбегімен Қайрат ауылында жаңа мешіт салынды. Қайырымдылық жалғасын тауып, ауылдағы Мергенбай ағамыздың отбасының үйінің шатыры ауыстырып берілді. Басқа да тұрмысы нашар отбасыларға көмек берілуде.
Сол игі істердің жалғасын қазіргі күнде ескі мешітте күрес, бокс, өнер сабағы, ағылшын тілі және арабша құран оқып үйрену, сауат ашу, домбыра тартып үйрену сынды жастарды өнер-білімге, спортқа баулу жұмыстары жалғасуда. Осы игілікті істер ұзағынан болсын деп Алладан тілейміз.
Жастарымызды жат ағымнан, теріс пиғылдардан қорғау үшін, ислам дінінің негіздерін, інжу-маржанымен, гауhарын ата-бабалардың салып кеткен дара жолы тарихын, нақыл сөздерін, өлеңдерін оқуға шақырамыз. Олар: Әл-Фарабидің парасатты ақыл-ілімі, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабы, Қожа Ахмет Ясауидің хәл ілімі, Абайдың толық адам ілімі, Шәкәрім Құдайбердіұлының ар ілімі. Ш.Құдайбердіұлы: “Барлық адамның тыныш, тату-тәтті өмір сүрудің негізі бар олар, Адал еңбек, Арлы ақыл, Ақ жүрек. Ақ жүрек дегеніміз-ақ пейіл, махаббат, қайырымдылық, шапағат”,-деген еді.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) хадисінде темірді тот басқандай, адамның да жүрегін кір басады. Темірді от тазартады, жүректі Алланың зікірі тазартады. Алланы ақылмен танып, жүрекпен сеземіз.
Сөз соңында Абай Құнанбайұлы:
«Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойға жұқпас сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар» деп айтқанындай, әрбір іске ынтамен кіріскенде ғана, нәтижелі болатынын айтқым келеді.
Сауран САРЫПБЕКОВ,
Қайрат ауылының имамы

Таңдаулы материалдар

Close