Qoǵam
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі соның бір айғағы. Аталған дәстүр әсіресе ауылды жерлерде өркен жайып, ауылдастары мен туыстары мұқтаж жандарға қолұшын созатын болған. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет біздің өңірімізде өз жалғасын табуда.
Яғни, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өткен жылдан бастап ауданымызда «Асарлатып үй салу» жобасы іске асуда. Жоба аясында аудан тұрғындары тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға баспана сыйлауда. Өткен жылы ауылдықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, 11 отбасына асарлатып үй алып берді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, 13 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бүгінгі күні ауданымызға қарасты елді мекендер көптің көмегімен, демеушілердің қолдауымен қаржы жинап, іске кірісуде.
Игі дәстүр аясында ескіміз жаңарып, ауылдықтардың бірлігі мен ынтымағы беки түскен. Яғни, ауылдастарына жанашырлық танытып, бір-біріне көмек қолын созуды азаматтық парызы санауда. Сонымен бірге «Асарлатып үй салу» жобасына жаны жомарт жандар да араласып, демеушілік жасауда. Осындай азаматтық іс Көкбастау ауылдық округі Теріс ауылында көрініс табуда. Асыраушысынан айырылған Нүрипа Әліпбаеваның үйінде қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен қолға алынып, жасалуда.
-Өткен жылы ауыл тұрғындарының белсенділігімен Қосбөлтек ауылында асарлатып үй салынып, пайдалануға берілген болатын. Сол үрдіс биыл да жалғасын тауып, Теріс ауылының тұрғыны Нүрипа Әліпбаеваның отбасылық жағдайына байланысты көмек көрсетуді жөн санап отырмыз. Сол себепті, бірауыздан осы тұрғынның үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі жөнінде шешім қабылданды. Оның 10х5 шаршы метрді құрайтын үш бөлмелі үйіне қажетті құрылыс заттары алынып, жұмыстың басталғанына бір аптаның көлемі болды. Жұмыстарды ауылдың ерікті азаматтары жасауда. Яғни, Асылбек Сырымов бастаған жұмысшы тобы өз істерін тиянақты әрі уақтылы аяқтап береміз деп отыр. Өзіміз де күнделікті келіп, басы-қасында жүрміз.
Үйдің іші түгелдей қырылып, қайта құмды сылақпен сыланды. Бір бөлменің жұмысын аяқтап қойды. Қазіргі уақытта қолданып жүрген құрылыс заттарымен үйдің ішін әрлеп, едендерін сырлап береді. Сонымен бірге, үйдің терезелері және кіреберіс тұсының шатыры ауыстырылады. Бір айта кетерлігі, өткен жылы Нүрипа әпкемізге үкімет тарапынан көмек көрсетіліп, үйінің шатыры ауыстырылған болатын. Ішкі-сыртқы жұмыстардың барлығы айдың аяғына дейін толық атқарылып бітеді деп күтілуде, – дейді Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дәулет Қыдырбаев.
Баспанасы қайта жөндеуден өтіп жатқанына Нүрипа Әліпбаева дән риза. Ол өзінің алғысы мен қуанышын бізден жасыра алмады.
-Жолдасымнан айырылғалы біраз жыл болды. Екі қызым бар. Қазіргі таңда бұл үйде кіші қызым екеуміз тұрып жатырмыз. Ауылдағы ағайынға, осы бастаманы бастаған азаматтарға алғысымды білдіремін. Баспанамды күрделі жөндеуден өткізуді көптен бері жоспарлап жүр едім. Жалғыз өзім мұның барлығына қайдан қаржы табамын деп жүргенде қайырымды жандардың көмегі тиіп, үйім қайта жаңару үстінде. Ауыл азаматтарына рақмет. Күнделікті келіп, 7-8 адам өз жұмыстарын атқарып кетеді. Тиянақты әрі шын көңілдерімен жасауда. Мен ауылдастарымның сол шын пейілдеріне, көңілдеріне ризамын, – дейді ол өз сөзінде.
Міне, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, тағы бір отбасы қуанышқа бөленері баршамызға белгілі. Осы игі дәстүрдің ел арасында қайырымдылық пен жанашырлық, ауызбіршілік пен ынтымақтың ажырамауына, әрдайым бір-біріне көмек көрсетуді азаматтық ісі деп санауына септігі тиетініне кәміл сенеміз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»