Qoǵam

Облыстық пікірсайыс турнирі

Жуырда аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен №30 Көктөбе орта мектебінде «Жастар жылы – қоғамның жаңғыру жолы» тақырыбында аудан әкімінің кубогы үшін оқушылар арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті.
Байқаудың мақсаты – Жастар жылын негізге ала отырып, жастарға жан-жағынан сыни көзбен қарап, орын алып жатқан құбылыстарға өзіндік баға беруге, айналасындағы адамдармен еркін қарым-қатынас орнатып, жалпы қоғам өміріне белсенді араласуға тарту. Сондай-ақ, жастардың өз ой-пікірлерінің қалыптасуына жағдай жасай отырып, еліміздің заманауи білімді, саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақтарын тәрбиелеу.
Жиынға Тараз қаласынан және Меркі, Жамбыл, Байзақ, Жуалы аудандарынан барлығы 25 фракция қатысты. Сайысқа төрешілік етуге облыстық «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің пікірсайысшылары шақырылды. Шараны «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жәнібек Мырзалиев және аудандық пікірсайыстың көрнекті өкілі, Шақпақ ауылдық округінің әкімі Мұстафа Бектұрғанов ашып, қатысушы жастарға сәттілік тіледі.
Жарыстың қорытындысы бойынша, I орынды Жамбыл ауданынан келген «Сіз үшін» фракциясының мүшелері Әлима Қалисаева, Тоғжан Керімбек иеленсе, II орынды»Құлагер» фракциясының өкілдері Аружан Серікова және Айдат Жақсылық өзара бөлісті. Ал, тұғырдың үшінші сатысына Байзақ ауданынан «Н2SO4» фракциясының мүшелері Алдияр Қани, Мариям Абдулхад тұрақтады.
Сонымен қатар, «Үздік спикер» номинациясына Жамбыл ауданының намысын қорғай келген Тоғжан Керімбек қол жеткізсе, «Үздік төрешіні» Жанар Күзембаева алды.
Жеңімпаз фракцияларды «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жәнібек Мырзалиев марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close