Qoǵam

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жерлесіміз Қали Сатаровтың есімі ескерусіз қалып отыр

Ұлы Отан соғысының басты қаһармандарының бірі, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының таспаға жазылып алынған өз дауысын Интернет желісінен кездейсоқ байқап қалып тыңдаған болатынбыз. Онда Баукең қаһарлы дауысымен соғыс туралы, онда Отан үшін шейіт болған ерлер туралы: «Мен өзім қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын мен өзім көзіммен қан майданда көргем. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттердің өліп кеткенін көзіммен көргем. Олардың имандары жолдас болсын. Олар Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан-тәнін аямастан соғысты, тәуелсіздік үшін жантәсіл етті. Имандары жолдас болсын» деп толғаған еді. Иә, Отанның тыныштығы мен қалың елдің амандығы, ұрпақ болашағы, сонымен бірге бейбітшілік жолындағы сұрапыл соғыс туралы хас батыр Бауыржан Момышұлынан кейін ешкім жеріне жеткізіп айта алған жоқ. Баукең еліміздің әскери әдебиетінің негізін қалауымен де тарихта өзінің бірегей есімін алтын әріптермен қашап жазып қалдырды.
Ұлы Отан соғысының зардабын тартпаған біздің елде бірде-бір жанұя жоқ шығар?! Сондай отбасының бірі ауданға қарасты Ақтөбе ауылында тұрады. Майдангер Сатар Қабылбекұлының жалғыз тұяғы Ілиясхан Сатаров бүгінде 80 жасқа таяп қалған қария. Әкесі Сатар 1942 жылы қан майданға аттанып сонда соғысып, көз жұмған. Одан бір жыл бұрын Сатардың інісі Қали соғысқа аттанған екен. Бір үйден екі бірдей арыстай азаматтың қан майданға аттанып, сонда ерлік көрсетіп, мәңгілікке көз жұмуы кім-кімге де оңай емес. Отан соғысындағы аласапыран уақыттар. Бір өкініштісі, боздақтарға туған жердің де топырағы бұйырған жоқ… Бұл өкінішті жағдай туралы Ілиясхан қария әлі күнге дейін арман қылады.- Әкем мен туған жылы соғысқа аттанған. Анам Тәжікүл мені перзентханада босанып жатқанда әкем келіп, мені терезеден көріпті. Әкем соғысқа кеткеннен қайтып оралған жоқ. Мен әулетте ер балаларды есептегенде атадан жалғызбын. Менімен бірге туған екі қыз қазір өмірде жоқ. Анамыз бізді асырап жеткізді. Байдың тұқымы болғандықтан, кезінде әкелеріміз көп қуғын көрген екен. Алайда менің айтпағым бұл емес.
Ұлы Отан соғысында әкем мен әкемнің інісі Қали екеуі бірдей қайтыс болды. Осыдан бірер жыл бұрын Шымкент қаласында тұратын үлкен ұлым Даниярдың халықаралық Интернет желілерінен іздестіруінің нәтижесінде әкемнің сүйегі жатқан жерді таптық. Әкем Ресей Федерациясының Подольск қаласында жатыр екен. Туған жердің топырағын алып, ниеттеніп Ресей жерінде жатқан әкемнің басына барып, топырақ салып қайттым. Сол жақтан да топырақ әкеліп ауыл маңындағы зиратқа қойдық.
Әкемнің жатқан жерін іздеп тапқан соң қан майданда ерлік көрсетіп қаза болған Қали ағам туралы деректерді іздестіріп жатырмын. Бұл – менің өмірдегі басты парыздарымның бірі. Ол туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен алынған анықтамада: «Азамат Сатаров Қали, ол шын мәнінде Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1943 жылы тамыз айында әскери борышын өтеу кезінде қайтыс болған» делінген. Ресейдегі әскери мұрағаттан алынған деректе: «Краткое, конкретное изложение личного боевого подвига или заслуг: «Уничтожил 6 солдат и взорвал Д30Т противника. Взял в плен 11 солдат противника. Под сильным минометным огнем противника доставил боеприпасы на поле боя». 1943 жылдың ақпан айында толтырылған осынау мұрағат дерегіне батальон командирі, майор Пилин, штаб бастығы, аға лейтенант Смолин деген азаматтар қол қойыпты. Әлбетте, бұл деректе менің ағам Қали Сатаровтың ұрыс кезінде ерекше ерлік көрсеткені нақты жазылған. Бұдан артық қандай дәлел керек?!
Қазіргі таңда еліміздің білім беру үдерісінде патриоттық тәрбиеге көптеп көңіл бөлініп келеді. Алайда, бұл жұмыстарда кемшіліктер де жоқ емес. Ұлы Отан соғысына куә болған дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Өзге емес өзім айтам өз жайымда, Жүрегім жалын атқан сөз дайында» деп басталатын әйгілі өлеңі бар. Сол айтқандай, өзіміздің ержүрек ерлеріміздің даңқын өзіміз асқақтатып, олардың ерлік істерін жас ұрпаққа өнеге етіп қалдырмасақ болмайды. Соғысқа қатысқан қандастарымыз майдандағы ерліктерін тапсырыспен немесе басқа да себептермен жасаған жоқ. Оларды ең алдымен Отанның тыныштығы, бейбітшіліктің жайы қатты толғандырды. Ұлы ерліктер солай туды.
Ұлы Отан соғысы туралы әлі де біржақты пікір айтуға болмайды. Есімдері әлі де ескерілмей жатқан азаматтарымыз бар. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, менің ағам Қали Сатарұлының ерлігі әлі де ескерусіз қалып келеді. Сол ой мені қатты толғандырады. Олар мына жарық дүниеден ештеңе көріп үлгерген жоқ. Артында ұрпақ та қалмады. Менің ойым – ағам Қалидың аты өшпесе, ерлігі кейінгі жастарға үлгі болса екен деймін.
Осыдан бірер жыл бұрын ағама қатысты деректерді тапқаннан кейін сол кездегі аудан әкімі қызметінде болған Бақтияр Көпбосыновтың қабылдауында болдым. Ол кісіге Қали Сатаровтың майдан даласында жасаған ерліктері туралы деректерді түсіндіріп айтқам. Бақтияр Бейсембайұлы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған ағам Қали Сатарұлына арнап Ақтөбе ауылына ескерткіш орнатуға көмек қолын созатынын айтып шығарып салды. Алайда, ойға алған жұмысымыз сол күйі басталмады.
Әлдеқашан әруаққа айналған адамдарға ештеңе керек емес. Олар туралы жақсы пікір айтсақ, Құран бағыштап, дұға жасасақ жеткілікті. Бұл – ең алдымен жас ұрпаққа қажет дүние. Олардың патриот, өз Отанын, қалың елін жанындай сүйетін азамат болып өсулеріне қажет игілікті жұмыс. Жоғарыда айтқан білім беру үдерісіндегі кемшілік деп отырғаным да осы.
Ұлы Отан соғысында менің әкем мен ағамның ғана сүйегі майдан даласында қалып қойған жоқ. Сол сұрапыл соғыста мен қатарлы талай азаматтардың аталары мен бабалары қайтыс болып, майдан даласында мәңгілікке тыныс тапты. Қазір соның бәрін ойлап отырсаң төбе құйқаң шымырлап, жүрегің сыздайды. Амал нешік?! Соғыстағы жағдай, сол кездегі саясат сондай болды. Отан тыныштығын күзетіп, әлемде бейбітшіліктің орнауы жолында құрбан болған ардақты аталарымыздың имандары саламат болсын,- дейді Ілиясхан қария күрсініп.
Енді Қали Сатаровтың құйрықты жұлдыздай ағып өткен аз ғана өмір жолына тоқталайық. Ол 1922 жылы ауданға қарасты бұрынғы Марьяновка селосында, қазіргі Ақтоған ауылында дүниеге келген. 1929 жылы Қызыл жұмысшы, дәлірек айтқанда, қазіргі Қызыларық ауылындағы төрт жылдық мектепке барған. 1933 жылдан бастап Талапты ауылында оқып, оны 1937 жылы бітіреді. Сол жылдан бастап Куйбышев колхозында комсомол ұйымының жетекшісі болып жұмыс істеген екен.
1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанған. Соғыстағы ерліктерін айтсақ, жаудың алты солдатын жойып, ДЗОТ-ын жарған, 11 солдатты тұтқынға алған. Ұрыс алаңына қатты жауып тұрған миномет оқтарына қарамастан қажетті қару-жарақтарды дер кезінде жеткізіп беріп отырған. №1 арнайы танкіге қарсы батальонының №6 жойғыш бригадасының есеп командирі шенін алған. «Жауынгерлік қызметі үшін» медаліне ұсынылған. 1943 жылдың бесінші тамызында Украина КСР-ның Харьков облысы Волшинский ауданында Снежов хуторындағы майданда қаза болған. Сүйегі қазіргі Снежов селосында жатыр.
Алаштың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас. Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас» деп жырлағанын білеміз. Сол себептен де жуалылық есіл ер Қали Сатаров жайында жазылған біздің бұл мақаламызға аудан басшылығы баса назар аударып, алдағы уақытта бұл жөнінде әлі де болса игілікті істер атқарылады деген сенімдеміз. Майдангердің немере інісі Ілиясхан Сатаровтың да перзенттік тілегі осы болатын…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close