Qoǵam

Екпе егу қарқынды жүргізілуде

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 6,9 милионнан астам адам екпенің екі дозасын да салдырды. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 11 қазан күнгі ресми деректері бойынша өңірлерде КВИ-ға қарсы вакцинациялауды жүргізу туралы ақпарат жарияланып, елде I компонентті 7 859 131 адам, ал II компонентті 6 901 313 адам салдырған.

Жалпы, пандемия басталғалы Қазақстанда коронавирус індеті 905 641 адамнан анықталса, соның ішінде 847 456 науқас аты жаман аурудан жазылып шыққан.
Соңғы тәуліктердегі эпидемиологиялық жағдай бойынша Қазақстан өңірлерінде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жарияланды. Осыған сәйкес, «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары орналасқан. Ал «сары» аймақта Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары тұр.
«Жасыл» аймаққа Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстары енген. Сонымен қатар, 9 қазандағы мәліметке сәйкес, бір тәулікте елімізде коронавирустан – 29, пневмониядан 4 адам көз жұмған.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы ревакцинация қараша, желтоқсан айларында басталуы мүмкін деген болжам бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алекцей Цой:
«Бірінші кезекте, ревакцинация иммундау былтыр басталып кеткен елдерде жүріп жатыр. Яғни, былтыр қараша, желтоқсан айында вакцинацияны бастаған елдерде екпенің екінші дозасы берілгеніне 9 айдан асып кетті. Сондықтан, ол елдерде ревакцинация өте өзекті болып отыр. Бізде бұл уақыт қараша, желтоқсан айларына келеді», – деді.
Естеріңізде болса, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы «Otarbiopharm» иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтика зауытына барған болатын. Президент зауыт қызметкерлерімен әңгімелесу барысында жобаның маңыздылығын атап өтті.
«Шын мәнінде, бұл үлкен жетістік. Еліміз үшін қажетті өндіріс. Негізгі жұмыс орындалды. Бұл вакцинаны Біріккен Араб Әмірліктеріне және басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Вакцинамыз дүние жүзінде мойындалып жатыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын! Ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте күрделі процесс, өндіріс. Шын мәнінде, дүниежүзінде, шетелде мұндай өндіріс жасау үшін үш-төрт жыл кетеді. Біз тоғыз айдың ішінде жұмысты орындадық. Сондықтан еңбектеріңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланады», – деді Президент.
Ал, өзіміздің ауданға оралар болсақ, қазіргі таңда індетке қарсы екпе егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрбір ауыл тұрғыны жауапкершілікті сезініп, өзінің және өзгенің денсаулығына алаңдап, вакцина салдыруда.
Ауданда 23 050 адам екпенің І компенентін алса, ІІ компонент бойынша 18 604 адамға вакцинацилау жасалды. Бүгінде аудандық орталық ауруханада дәрі-дәрмек қоры мен вакцина жеткілікті деңгейде. Тұрғындарды вакцинациялауды ұйымдастыру мақсатында сегіз егу бекеті жұмыс істейді. Одан бөлек, бір жылжымалы егу бекеті бар.
Саулық – сақтықта! Аурудан құтылудың жалғыз жолы – екпе екенін естен шығармағаныңыз абзал.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close