Qoǵam
«Серпін-2050» бағдарламасы жастарға серпін береді
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік ел идеясының шеңберінде «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты әлеуметтік бағдарламасын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында онлайн-кеңес өткізілді.
Аталған шараның мақсаты да сол, «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты әлеуметтік жобасын насихаттау.
«ZhuaIyzhastary» Instagram парақшасында өткен онлайн кеңес беруге арналған іс-шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің аға инспекторы Қ.Әділов жүргізіп отырды. Шараға аудандық білім бөлімінің әдіскер маманы Гүлмира Маденова қатысып, «Серпін-2050» жобасы туралы жастарға кеңес берді. «Серпін-2050» жобасы бойынша жастарды техникалық, ауыл шаруашылық, педагогикалық, медициналық дәстүрлі мамандықтарға даярлауда.
Онлайн кеңес беру шарасында «Жастарға білім-тәрбие беру жолындағы жаһандық өзгерістердің ағымына сай жүзеге асырылып жатыр ма?», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында «Серпін-2050» жобасы жастарды болашақ мамандықтарға даярлай ма?» деген мағынада сұрақтар қойылды.
-Бүгінгі жағдайда бұл сұрақтардың туындауы өте орынды. 2014 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі жастарға арналған «Серпін-2050»: «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Жастарға арналған бағдарлама өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін ішкі көші-қон есебінен азайтуды көздейтінін де естеріңізге саламыз. Аталған бағдарлама жаңа өндірістер мен жұмыс орындары бар аймақтарға бару, әсіресе жастарға жол көрсетіп, үндеу қосып, мемлекеттік қолдау әдісіне айналды. Бүгінгі күні «Серпін-2050» бағдарламасының түлектеріне тәжірибелік практикадан өту мен алдағы уақытта жұмыспен қамту мәселелері бойынша тиісті жағдайлар жасалуда. Еңбек ресурстарының мол артықшылығы орын алып отырған республиканың оңтүстік өңірлерінің оның ішінде Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының жастарын еңбек ресурстарына сұраныс көп батыс және солтүстік аймақтарда білім алуға жағдай жасап, кейіннен сол жерлерде тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкіндігін жасауға арналған «Серпін-2050» бағдарламасы – жарқын болашақтың жобасы.
Бұл оңтүстік өңірдің мыңдаған жас өрендеріне солтүстік, батыс, шығыс Қазақстан облыстарының колледждері мен жоғары оқу орындарында сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша мемлекеттік білім гранттарына ие болған студенттерге жатақхана беріледі және оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыру жағы да қарастырылған,- деді өз сөзінде аудандық білім бөлімінің әдіскер маманы Гүлмира Адамбекқызы. Сонымен бірге, жауапты маман әлеуметтік желіде туындаған өзге де сұрақтарға нақты әрі тиянақты жауап берді.
Үкімет тарапынан, оның ішінде жастар мәселесін шешудегі негізгі қағидаларының бірі білім көші-қонына еш тосқауыл қойылмай, бюджеттен қаржы бөлініп, білім алушы жастарға жағдайлар осындай бағдарламалар арқылы іске асырылып жатыр. Жастар әлемдік озық білім мен технологияларды, ойларды ғылыми негізде игеріп, алған білімдерін ел игілігіне пайдалана білуі шарт. Ел жастары белгілі бір мамандықтың шеңберінде қалып қоймай, алдағы уақытта да дүниетанымы кең, ойлау қабілеті креативті жастарды тәрбиелеуіміз керек.
Қалқатай Әділов,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің аға инспекторы