Qoǵam
Көппәтерлі тұрғын үй бой көтеруде
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Ауданда бүгінде 584 адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның басым бөлігі аз қамтылған және көпбалалы отбасылар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ең алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту маңызды. Бұл ретте «Асарлатып үй салу» жобасы да өз нәтижесін беруде.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл күзде аудан орталығында алғашқы көпқабатты 18 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы басталғаны белгілі. Тұрғын үйге бөлінген жер телімінің жалпы ауданы 1,27 гектарды алып жатыр. Оның жобалық құны 277 320,9 мың, соның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстары 260 503,3 мың, жабдықтары 4 311, 0 мың теңгені құрайды.
Көппәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісі аудан әкімдігінің сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі, бас мердігері «Құрылыс және техникалық тексеру» ЖШС болса, ал мердігері тараздық «Бином» ЖШС.
Салынып жатқан тұрғын үй құрылысының бір ерекшелігі, тұрғын үйдің тұрқы толықтай ірі панельдерден тұрғызылған. Панельдер серіктестіктің өзінде өндіріледі. Серіктестік прорабы Нұрлан ірі панельдер өнімді болуымен қатар, құны арзанға түсетінін айтады. Мұнда қауіпсіздік мәселелері де қарастырылған.
– Біздің серіктестік өңірде 16 жылдан бері ел игілігіне жұмыс істеп келе жатқан ірі құрылыс компаниясының бірі. Компания құрылыс бетонын, шыны пластика, ағаш және металл конструкцияларын өндіруді жолға қойған. Соның арқасында кез келген аймақта жаңа құрылысты өрістетуге мүмкіндігіміз бар. Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау үшін серіктестіктің құрылыс машиналары мен механизмдері паркі, кәсіби инженерлік және жұмысшы персоналы бар, – дейді серіктестік прорабы Нұрлан Қасымбеков.
Объекті басында бүгінде бір автокран, бір тиегіш, 30-ға тарта жұмысшы еңбектеніп жатыр. Оның барлығы серіктестіктің өз персоналы. Мұнда автокраншы, тракторшы, электр монтаждаушыдан бастап, бетоншы, дәнекерлеуші, әрлеуші секілді құрылысшылар уақытпен санаспай еңбек етіп жүр.
Мұнда құрылысшылардың жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Олар объектімен іргелес қонақ үйде тұрады. Үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.
Біз тілдескен бетоншы Исмаил Бекташовтың компанияда жұмыс істегеніне биыл бесінші жыл. Айлық жалақысы атқарған жұмыс көлеміне қарай 180-200 мың теңгенің төңірегінде. Кәсібі өзіне ұнайды, ел игілігі үшін еңбек етіп жүргеніне дән риза. Жалпы бетондау жұмыстары қатты аяз болған күні жүргізілмейді. Қазір суық түсуіне байланысты бетонның жарылмауы үшін оған аязға қарсы қоспа қосылуда.
– Ірі панельдермен үй салу тиімдірек, бұл пәтердің бағасын кірпішпен тұрғызылған ғимараттағы тұрғын үй алаңымен салыстырсаңыз, айырмашылық айтарлықтай болады. Құрылыс барысы да жылдам жүреді. Мәселен, біздің мамандар зәулім қабатты үйді алты айда сала алады, ал монолитті ғимараттың құрылысы бірнеше жылға созылады.
Құрылыс алаңына дайын темірбетон конструкциялары жеткізіледі, бұл жұмыс уақытын едәуір қысқартады. Сыртқы панельдерде терезе ойықтары болады, ал ішінде электр сымдарын тартуға арналған дайын арналар бар. Панельдер өзімізде жасалады.
Мұндай ғимараттар әрдайым отыра бермейді. Ал жаңадан салынған үйде ешқандай бұрмалау және басқа кемшіліктер болмайды. Басқа нәрселермен қатар, мұндай ғимараттардың құрылысы үнемі жетілдіріліп, жаңарып отырады. Биылдың өзінде жаңа талаптарға сай салу жоспарланып отыр, жаңа ғимараттардың жобалары еркін орналасуымен, ал қасбеттері әртүрлі дизайнмен жасалады, – дейді серіктестік прорабы Нұрлан Қасымбеков.
Тұрғын үйдегі екі кіреберістің әр қабатында екі бөлмелі үш пәтерден бар. Пәтерлер дәлізден, тұрғын және қонақ бөлмелерінен, ас үйден және санитариялық тораптан тұрады. Пәтерлердің жалпы ауданы 60 шаршы метрді құрайтын болады.
Бүгінде пәтерлердің ішінде электр монтаждау жұмыстары толық аяқталып, қабырғалары екінші әрлеуден өткізілуде, едендерді тегістеу үшін бетон ерітінділері құйылуда. Сонымен қатар ғимараттың іргесінде іргелік бетон құйылып жатыр. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталғаннан кейін шатырын жабу жұмыстары басталады. Шатырын жабу үшін арқалық ағаштар жеткізілген.
Жоспар бойынша объектідегі құрылыс жұмыстары келесі жылдың мамыр айының ортасында аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Оны уақтылы аяқтау үшін серіктестікте барлық жағдай мен мүмкіндік бар.