Qoǵam

Тілді өркендету – баршаның ісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Тіл – үлкен саясаттың құралы» деп атап өтіп, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың уақыты келгенін айтты. Ол үшін бірінші кезекте барлық азаматтар, әсіресе мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін сауатты қолдана білулері қажет. Кез келген тұлға отансүйгіштігін сөзбен емес, нақты істерімен дәлелдегені жөн. Мемлекеттік тіл саясаты әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді меңгеруге, ана тілін дамытуына, қалаған тілін үйренуіне жағдай жасап отыр. Әлбетте, тіл дегенде, ең әуелі егемендік еншіміз – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен тұғырын сақтау әрі нығайту аса маңызды.
Тіл саясаты – тіл тағдырын белгілейтін мемлекеттік шаралар жүйесі. «Тіл саясаты» ұғымы алғашында «ұлттық саясат», «шаруашылық саясат» терминдерімен қатар пайда болып, өзінің мазмұны жағынан партиялық және мемлекеттік саясаттың ұлт мәселесіндегі тілге қатысты жағын білдірген. Ал, кейінірек бұл терминнің мазмұны кеңейтіліп, әлеуметтік сөйлеу дәстүрін саналы бағытта басқару деп түсіндірілді. Басқаша айтқанда, тілдік даму процесінжәне оны басқарудың стихиялығына жол бермеуді көздеген саясат болды. Тіл саясаты – тілдік дамуға қоғамның саналы ықпал етуінің теориясы мен тәжірибесі, яғни, қолданыстағы тілдерді белгілі бір мақсатта және ғылыми негізде басқару және тілдік жаңа қарым-қатынас құралдарын жасау болып табылады. Қазіргі кезде ұлт тілдері мәселесі өзекті мәселе болып отыр.
Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Елбасы жылсайынғы халыққа
Жолдауларында да басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға басты назарда ұстап келеді. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту ел саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, оның қолданыс аясы кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз тоқсаныншы жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек болады. Бұл біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны, осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай, елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал.
Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуантады. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге талпынуы қуантатын жағдай.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, адамзат тарихының сандаған ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей, тіл қашан да қоғам өмірінің айрықша назарында тұратын құндылық. «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған бабаларымыз ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені, тіл мәселесі – сол тілде қарым-қатынас жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын мәңгілік мәселе. Ендеше біз тұтас елдің түпқазығына айналып, ұлтты ұйыстырушы күшке ие болып отырған мемлекеттік тіліміздің абыройын асқақтатып, этнос тілдерінің дамуына қолдау көрсетуге, оларды оңтайлы үйлестіруге, ұлтаралық келісім мен татулықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін нақты шараларды жалғастыра беруге тиіспіз.

Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» Жуалы аудандық
бөлімшесінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close