Qoǵam
Мақсат – кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету
Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің мұртын балта шаппайтыны аталған елдер әлдеқашан түсінген.
Біздің елімізде де мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкерлікке барынша қолдау көрсетіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қыркүйек айында халыққа арнаған “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында кәсіпкерлік салаға баса көңіл аударды.
“Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді.
Шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны келесі жылы әзірлеуді тапсырамын.
Үкіметке “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп және депутаттық корпусты тарта отырып, Салық кодексін және заңға сәйкес актілерді егжей-тегжейлі қайта қарауды тапсырамын. Мақсатымыз – салықтық міндеттемелерді орындауды барынша жеңілдету және салықтар мен өзге де төлемдердің санын азайту” деген тапсырма берді.
Сонымен бірге бәсекелік саясаттың маңызы арта түсуіне байланысты бәсекелік ортаны айтарлықтай түрлендіріп, әр кәсіпкер үшін шын мәнінде тең мүмкіндік қалыптастыру қажеттігін ескертті.
Жалпы жыл санап ішкі жалпы өнімдегі үлесінің өсіп келе жатқанына, еліміздегі кәсіпкерлік нысандардың қатары еселеп артқанына қарасақ, шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының аса маңызды секторына айналуға бет бұрды деуге болады. Алайда кәсіпкерлік саланың дамуы жолында кедергілер де жоқ емес. Мәселен, Үкімет тарапынан бөлінген жеңілдетілген несиелердің діттеген мақсатына жетпеуі, сыбайлас жемқорлықтың салдарынан туындайтын түрлі кедергілер, тағы да басқа мәселелер.
Үкімет осындай мәселелерді ескере отырып бизнестің заңнамалық және өзге нормативтік ережелерін қалыптастыру процесіне барлық кәсіпкерлердің қатыстырылу, кең ауқымда қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында “Атамекен” ҚР кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасын құрған болатын. Кәсіпкерлер палатасының филиалы біздің ауданымызда да жұмыс атқаруда. Палатаның бүгінгі таңда директоры болып Айтбаев Руслан Ғабитұлы қызмет етеді.
Руслан Ғабитұлымен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жылға арналған жоспары туралы сұхбаттасқан едік.
-Руслан Ғабитұлы, аудандық кәсіпкерлер палатасы өткен жылды қалай қорытындылады? Атқарылған жұмыстардың негізгісіне тоқталып өтсеңіз.
-2020 жылы аудан көлемінде статистикалық деректерге сәйкес 4 910 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның ішінде 2 орта, 188 шағын кәсіпорындар (заңды тұлғалар), 2259 жеке кәсіпкерлер және 2461 шаруа қожалықтар. Осы шаруашылық субъектілерінде барлығы 9 391 адам жұмыс атқаратын болса, соның ішінде 109 адам орта кәсіпорындарда, 710 адам шағын кәсіпорындарда, жеке кәсіпкерлікте 2020 адам, шаруа қожалықтарында 6 552 адам жұмыс жасайды. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 4 554-і, немесе 92,7 проценті жұмыс істеуде.
2020 жылы филиалға кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қатысты 13 шағым келіп түсті, оның 8-і оң шешімін тапты, бұл шағымдардың жалпы санының 61,5% құрады, 5 шағым бойынша түсініктемелер берілді.
Сонымен қатар, көрсетілген мерзімге қызмет көрсету аясында филиал, 138 кәсіпкерге рұқсаттама құжаттарын рәсімдеуге көмек берілді, бұл жеке кәсіпкер ретінде қызмет басталғаны және құрылыс жобаларын заңдастыру туралы хабарламаны тіркеу құжаттары.
Сонымен қатар, infokazakhstan сайтына санитарлық нормалар сәйкестігі туралы актіні алуға 220 кәсіпкерге көмек берілді. Карантин кезінде 387 кәсіпкерлердің облыс орталығына кіріп-шығу рұқсаттамаларын алуға және «Сергек» базасына тіркеуге көмек берілді.
Ұйымдастырылған және өткізілген семинарлар мен мәжілістердің жалпы саны – 15. Оның ішінде “Тараз” ӘКК қызметкерлерін лизингке несие беруді және ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлерін субсидияны түсіндіру бойынша бес, картоп өсірушілер үшін алты семинар, ЖАО-мен кәсіпкерлік бөлімімен және ауылдық округ кәсіпкерлерімен ИНФОКАЗАХСТАНДЫ түсіндіру бойынша төрт кеңес өткізілді.
2020 жылы филиал жалпы сомасы 544,300 миллион теңгеге 139 жобаны сүйемелдеді. Оның ішінде 130 жоба (оның ішінде 101 жоба «Бастау -Бизнес» қатысушылары) 513,80 миллион теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде: мал және құс шаруашылығына – 114 кәсіпкер сомасы 438,100 миллион теңгеге қаржыландырылды.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытына – 13 кәсіпкер сомасы 65,700 миллион теңгеге қаржыландырылды.
Егін жұмыстарына – 3 кәсіпкер сомасы 10 миллион теңгеге қаржыландырылды.
Жоғарыда көрсетілген 130 жобаның 9 жобасы көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген 4%-пен қаржыландырылды.
«Тараз» АӨК арқылы ауданымызда 2020 жылы 22 ШҚ жалпы сомасы 323,767 миллион теңгеге 22 жаңа «LOVOL» тракторлары мен 53 дана қосалқы техникалары алынды.
2020 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жалпы сомасы 190,300 миллион теңгеге 7 жоба сүйемелденді. Оның ішінде: жалпы мақұлданған 5 жоба соммасы 94,200 млн. теңгеге.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы № 513 қаулысымен реттеледі. Бағдарлама бойынша “Бастау-Бизнес” жобасын оқыған 348 адам жарамды сертификат иегері болды. Оның ішінде 253 қатысушы 2020 жылға қайтарымсыз грант иегері атанды, жалпы сомасы 140,541 миллион теңгені құрады. Жалпы аудан бойынша 584 тұлға 200 АЕК грант қаражатына ие болды. Ол 324 412 000 теңгені құрады.
Сонымен қатар, мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстық комиссияға ауданнан 44 жоба ұсынылып, соның ішінде екі жеке кәсіпкер мемлекеттік грантты жеңіп алды. Олар: ЖК «Бектурганов» Бектурганов Бакытжан Омирзакович 5,0 млн теңге және ЖК «Ахмадбекова А.Ж» Ахмадбекова Айнакул Жумабековна 3,0 млн теңге жалпы сомасы 8,0 млн.теңгені құрады және 10 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
-Отандық өнім өндіруші кәсіпкерлерге нақты қандай көмектер көрсетілді?
-Отандық өнім тауарларын жылжыту мақсатында өз өнімдерін ішкі немесе сыртқы нарықтарда сататын әлеуетті кәсіпкерлердің тізілімі жасалды. Тізілімге ауданымыздың 31 кәсіпкері кіреді, олардың арасында әртүрлі саланың экспорттаушылары бар.
2020 жылы отандық тауар өндірушінің мемлекеттік сатып алуға қатысуға 3 кәсіпкерге «CT-KZ»сертификатын алуына сүйемелдеу жасалды. Атап айтсақ: ЖК «Елшібаев Е.М» шопандарға арналған жылжымалы үй вагондары; «Қалнұр – 2001» ЖШС табиғи тас өндірісі; «КазПерфоком» ЖШС қызыл кірпіш өндірісі.
-Жалпы “Бастау-Бизнес” жобасы кәсіпкерлікті ауылда дамытуға бағытталған жоба ғой. Яғни, халықты кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеру. Осы орайда жобаның игілігін біздің жуалылықтар да өз деңгейінде көріп отыр деп ойлаймыз.
Енді үстіміздегі жылы жоба аясында оқытуға қанша кісіні қамтуды жоспарлап отырсыздар?
-“Бизнес-Бастау” жобасы аясында 2021 жылға 750 кісіні қамтуды жоспарлап отырмыз. Алайда жоспарымызды әлі облыс бекітіп берген жоқ. Жоспар бекітілген соң, оқу онлайн түрде наурыз-сәуір айларында басталатын болады. Ол туралы жоспар нақтыланған соң қосымша тағы да хабарлайтын боламыз.
-2021 жылға тағы қандай жоспарларыңыз бар?
-Басты мақсатымыз – кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жобаларды сүйемелдеу болғандықтан әрі қарайда осы жұмысымызды сапалы орындау.
-Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген Сәбит күзембаев,
“Jańa ómir”