Basty betQoǵam

Рақмет саған, Ана!

Гүл – көктемнің күлімдеген күнімен бірге келіп жеткен аналар, арулар мерекесіне орай аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы 90 жастан асқан аналарды арнайы қабылдап, мерекелерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

-Құрметті де қымбатты аналар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Батыр да, дана да, ақын да, әкім де анадан туылады. Кез келген ананың тілегі – ұл-қызының амандығы, жетістігі, елінің тыныштығы. Аналарымыздың ақ тілеуі қабыл болсын!
Еліміздің дамуы жолында әйел-аналарымыздың қосқан үлесі зор. Сіздер қай заманда болсын ұл-қызды дүниеге әкеліп, бағып-қағып, өсіріп, тәрбиелеумен қатар, ерлермен бірге әр салада табысты еңбек еттіңіздер. Кешегі тәуелсіздік алған алғашқы жылдары халқымыздың басына түскен қиын заманда да әйелдеріміз тығырықтан жол тауып, ала дорбасын арқалап, базарға шығып, отбасын асырады. Жалпы, халқымызда өжет те табанды, ақылды да дана аналар, қыз-келіншектеріміз көп.
Жапон елінде ұзақ жасаған адамдардың саны көп екен. Оның сыры – бір-біріне деген ілтипатты қарым-қатынасында, яғни олар бір-бірін сыйлап, үнемі көңілді жүреді екен. Сондықтан Сіздерге де үнемі көтеріңкі көңіл-күй, отбасыларыңызға амандық, қуаныш, береке, бақыт тілеймін!- деді Бақтияр Бейсембайұлы.
Келесі кезекте аяулы аналарымызды аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Естемес Аманбеков құттықтады.
-Құрметті аналар! Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздердің омырауларыңыздағы марапаттар тектен-текке берілген жоқ. Сіздер небір қиын-қыстау заманда аянбай еңбек еттіңіздер. Аллаға шүкір, бүгінде оның барлығы артта қалды. Бейбіт заманда бала-шағаларыңыздың ортасында бақытты ғұмыр кешудесіздер. Сіздердің ұрпақ тәрбиелеуде, еліміздің өсіп-өркендеуіне еткен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Сіздерді тағы да мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға тек қана жақсылық, елімізге амандық, тыныштық, ынтымақ, берке тілеймін!
Мерекелік құттықтаулардан кейін аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, аудан әкімінің орынбасры Ербол Жаңабаев және аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков аналарға арналған сыйлықтар мен гүл шоқтарын тапсырды.
***
Мерекеге арналған салтанатты шара аудандық «Достық» мәдениет үйінде жалғасты.
Шаттықты шараны аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлы мерейлі мерекеге арналған құттықтау сөзімен ашты. Онда аудан басшысы ел өмірінде әйелдердің ерекше рөл атқаратынына тоқталды.
-Ардақты аналар!
Қадірлі әпке, қарындастар!
Сіздерді көктем қанатына ілесе келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әйел – ең алдымен отбасының ұйытқысы, қоғамның қозғаушы күші. Адамзат өмірінің негізгі іргетасы әйелдің қолымен қаланады.
Сіздер шаңырақ берекесімен қатар, әлеуметтік өмірдегі жұмыстың тізгінін де тең ұстап отырсыздар. Еліміздің сән-салтанаты мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында нәзік жандылардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе» деп атап көрсетті. Мемлекетімізде ана мен бала қамқорлығына, олардың денсаулығына айрықша көңіл бөлінуде. Әлеуметтік көмектердің көлемі де жыл санап өсіп келеді. Бұл туралы Елбасы «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырған XVIII съезінде балалардың жәрдемақысын көтеру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту мәселелері туралы айтып, жаңа жасақталған Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл – жақын болашақта аналарға бөлінетін қаржылай көмекті арттыра түсетіні сөзсіз. Жалпы, Ана – әрқашан зор құрметке лайық жан. Ананы ардақтау – биік парыз, мәртебелі міндет,- дей келе аудан басшысы ауданда түрлі салада жемісті еңбек етіп келе жатқан бір қатар әйел-аналардың атын атап, алғысын білдірді.
Аудан әкімі сөзін ауданымыздағы барлық ер-азаматтардың атынан әйелдер қауымын шуақты мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт, махаббат пен бақ-береке тілеп аяқтады.
Игі тілектен кейін кезек ауданның дамуына өз үлестерін қосып жүрген бір топ қыз-келіншектерді аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапаттауға берілді.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те сахнаға көтеріліп, аналар мен ару қыздарды мерекелерімен құттықтап, бір топ қыз-келіншектерді Жуалы ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Салтанатты жиын мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған «Рақмет саған, Ана!» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Залдағы барлық қыз-келіншектерге аудан әкімінің атынан құрметпен гүл шоқтары тапсырылып, ана, қазақ қызы туралы тамаша әндер шырқалды.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close