Basty bet
«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады»
Еліміздегі тәртіпсіздіктердің салдарынан орын алған қайғылы жағдай қай-қайсымызды болсын қатты алаңдатып, қабырғамызды қайыстырып, өзегімізді өртеген анық. Болған жағдайды теледидардан көріп, төбе шашымыз тік тұрды. Не деген сорақылық, өте аянышты, өкінішті жағдай болды. Оған күйінбеске, күйзелмеске амалың жоқ.
Күні кеше ғана ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын халық болып атап өтіп, шат-шадыман күй кешіп, осынау берекелі де мерекелі заманға жеткенімізге Аллаға шүкіршілік айтып, қуанышқа кенелген едік. Содан көп өтпей-ақ орын алған мына жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті.
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған, сол жолда жанын аямай, қан төгіспен жеткен Тәуелсіздігімізге неге сызат түсті?! Бұл тосын жағдайдың артында арандатушылықтың, террорлық әрекеттің бары анық екеніне көзіміз жетті. Мұны Президентіміз де ашық айтып отыр. Халыққа ең керегі – ақиқат қана.
Осындай адам сенбес өрескел келеңсіздікке адам не үшін барады? Өз үйін өзі өртеп, өз ұясын неге өзі бұзады? Құс екеш құс та өз ұясын өзі бұзбайды ғой. Кейбіреулердің осал тұсын пайдаланып, бұл жағдай ел ішіне іріткі салып жүрген террорлық топтардың әрекеті екені айтпаса да түсінікті.
Көзі ашық, көкірегі ояу, есі дұрыс адам осыншалықты қатігездікті қолдан жасай ма? Әйелдер мен балаларды өздеріне қалқан тұтқан не деген зұлымдық?! Бұрын-соңды елімізде мұндай оқиға болған емес. Одан қаншама адам құрбан болды, қаншама адам зардап шекті, қаншама нысан талқандалып, отқа оранды? Орасан шығын мен елімізге зор қайғы әкелген осыншама қасіретті қолдан жасаған бүлікшілерге не деуге болады. Оларға еш аяушылық болмасын. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп шынайы сезіммен, шын жүректен айтылатын мейірімге толы сөзіміз кей қазағымның жүрегіне неге жетпейді екен?..
Тәуелсіздікке қол жеткізе алмаған бабаларымыз жерімізді қорғап қалу жолында сыртқы жаулармен қалай күрескенін тарихымыздан белгілі. Олар сыртқы жаумен шайқасып, ал тәуелсіз ел атанып, әлемге танылған кезеңде өзімізге өзіміз жау болғанымыз дұрыс болмады?…
Тәуелсіздігіміздің бәрінен қымбат екенін неге жан-жүрегімізбен сезінбей, арандатуға не үшін жол бердік екен?! Сонау қиын-қыстау замандарда тұрмыстың төмендігіне, аш-жалаңаш екенімізге қарамай әр қиырдан жер аударылып келген өзге ұлт өкілдеріне бір нанды бөліп беріп, үйіміздің бір бұрышын паналатқан пейілі де, құшағы да кең халық емес пе едік?! Қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді, қауіпсіздік пен тұрақтылықты берік ұстаған ел ретінде әлемге танылған ел емеспіз бе? Бір тудың астында бірлігі мен татулығы жарасқан ел екендігімізді мақтан тұтатынымызды мақтанышпен айтушы едік қой…
Жаһандану заманы болғандықтан интернет иірімі көпшілігіміздің санамызды улап барады. Әлеуметтік желідегі ел ішіне іріткі салар, халықтың кей тобын, оның ішінде жастарды арандататын желдей ескен жалған ақпараттарды аңдып, кітап, газет-журнал дегендердің бетін ашпайтын адамдар «алты бақан ала ауыз» болып барады. Жалған ақпаратқа сенбейік, жалған ақпарат жарға жығатынын есімізде сақтайық.
Тәуелсіздігімізді ешкім еш уақытта тұғырынан тайдыра алмайды. Елімізді жарқын болашақ күтіп тұр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана Парламент Мәжілісінің отырысында Қазақстан халқына арнаған Мәлімдемесінде кеңінен айтты. Президент бастамаларына қолдау көрсету – біздің бір ел, бір халық екенімізді көрсетеді. Сондықтан Мемлекет басшылығы ұсынған баянды бастамаларға қолдау көрсету – бәріміздің азаматтық парызымыз.
Кемел келешегімізге сенейік! «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген нақыл сөздің мағынасына терең бойлайық, ойланайық, ағайын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Мақсатбек БАЙБОЛОВ,
Боралдай ауылдық округі ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті азаматы