Qoǵam
Тазалыққа баса мән беріледі
«Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – ауданда коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде де жұмысын тоқтатпаған кәсіпорынның бірі. Халықтан сүт өнімдерін қабылдап, өңдеумен шұғылданатын және одан түрлі өнімдер шығарып, отандық, алыс-жақын шетелдік нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған бұл кәсіпорында карантиндік талаптар қатаң сақталған.
2020 жылы кәсіпорында 1 мың 200 тонна қатты ірімшік, 263 тонна сары май, 13 мың литр сүт өндірілген.
Биыл сүт өнімдерінің 70 проценті Ресей мемлекетіне экспортталған. Өткен жылы жұмыс күші 13 адамға артып, кәіспорын жалпы 140 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың айлық жалақысына 154 млн 687 мың теңге қаржы бөлініп, айлық қоры 10 процентке арттырылған. Кәсіпорынға 18 ауыл шаруашылығы кооперативі, 60 шаруа қожалығы, 30 жеке кәсіпкерлігі сүт өткізеді.
– Зауыт 1951 жылы салынған. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 45 процент үлесі бар. Жыл толық қорытындыланып біткен жоқ. Әлі жүргізіліп жатқан есептеріміз бар. Санмен болмаса да, жақсы көрсеткішке жетіп отырмыз. Биыл мұнда басты жоспарымыздың бірі құрт цехын құру болатын. Бүгінгі таңда бұл цех жұмысын бастап, құрт өндірілуде. Облыстық, аудандық деңгейдегі жәрмеңкелерге қатысып, өз өнімдерімізді шығардық.
2020 жылы айналымда 4,7 млрд теңге болса, биыл айналымды 5,3-5,5 млрд теңгеге көтеруді жоспарлап отырмыз. Жалақыға, басқа ешқандай мекемелерге қарызымыз жоқ, салық төлемдері толық төленген. Жұмысшылардың медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына төлемақысы төленіп отыр.
Алдымызға нақты жоспарлар мен мақсаттар қойып отырмыз. Алдымызда екі жыл бойы дайындалған үлкен жобамыз бар. Яғни, сүт компаниясынан айран, қаймақ шығаруға жұмыс жасап жатырмыз. Оған керекті қондырғыларын саралап, есептеп, жобасын дайындаудамыз. Бұл жобамыз іске асса, алдағы уақытта тағы да 40-50 адамды жұмыспен қамтитын боламыз. Сонымен қатар, үлкен жобамыздың бірі «Жуалы» МТФ-пуласын құру болып табылады. Ол үшін Қарасаз ауылдық округіндегі Жұрымбай ауылынан ферма алынып, сүт бағытындағы ірі қара малын алу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жылдан-жылға сүттің жетіспеушілігі орын алуда. Біз кәсіпорынды кеңейтуді қолға алғандықтан, сүт өндіру көлемін көбейтуіміз керек. Өйткені, тұрғындардың сұранысын уақтылы жеткізуіміз қажет, – дейді «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры Әбдібек Пошқаев.
Коронавиурстық инфекциясын жұқтыру адам көп шоғырланған жерлерде орын алады. Сол себепті мұнда ең басты талап – сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Осы бағытта аталған жұмыс орнында төтенше жағдай басталған сәттен бастап жұмысшыларға медициналық бетперделер, дезинфекциялық құралдар, дене қызуын өлшегіштер, дезинфекциялық кілемдер алынған. Жұмысқа келген жұмысшының дене қызуын міндетті түрде өлшеп барып, ішке кіргізіледі. Арнайы тіркеу журнал да арналған. Бұл жұмыстарды микробиолог-маман жүргізіп отырады. Жұмысшыларға аптасына екі рет медициналық бетперделер таратылып беріледі екен. Кәсіпорын басшылығы жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне толық жағдай жасап отыр.
– Қай кезде де тазалық бірінші орынға қойылады. Зауытта тазалыққа баса мән беріледі. Үнемі тазарту, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп отырады. Төтенше жағдай кезінде жұмысты ұйымдастырудың жолдарын қарастырып, жұмысшылардың уақтылы келуін қадағаладық. Ол үшін зауытқа келетін жұмысшыларды елді мекендеріне қарай топтастырып, кезекшілігіне қарай орналастырдық. Яғни, мысалыға алатын болсақ, әр кезекшілікте болатын Көлбастау ауылының тұрғындарын бір күндегі ауысымына біріктірдік. Сонда жұмысшымыз бұл жаққа жеткенше ешқандай адаммен қарым-қатынаста болмайды. Көлігі бар бір жұмысшы барлық жұмысшыны өзімен бірге ала келеді. Төтенше жағдай кезінде біздің жұмысымыз қайта қыза түсті. Себебі, халықтың сүт өнімдеріне деген сұранысы артты.
«Сақтансаң, сақтаймын» дейді. Бүкіл әлемге жайылған індеттен сақтанудың жолдарын бүгінде балабақшадағы бала да жатқа біледі. Өйткені, талап пен тәртіп сондай. Біз күнделікті өмірге індеттен сақтанудың жолдарын енгізіп, сонымен өмір сүру қалпына үйреніп қалдық. Тәртіп – баршамызға ортақ. Оны барлығымыз біркісідей ауызбіршілікпен ұстансақ, індеттің беті қайтады деп білемін. Өзім де жеке басымда болса, жақындарым болсын барынша сақ болуға тырысамыз. Медициналық бетпердені тағып, антисептикті қолданамыз.
Біздің ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыз пайдалы дәрумендерге өте бай. Соның ішінде сүт өнімдерінде. Індеттен сақтану үшінде күнделікті сүт ішіп тұру керек. Сонымен қатар, таза ауада серуендеп, дене шынықтыруға ден қойған абзал, – дейді кәсіпорын басшысы.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»