Qoǵam
Бала қауіпсіздігі қашанда маңызды
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Оған комиссия мүшелері, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен аудандық БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – №16 Жуалы колледжінің кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және профилактикалық жұмыстары бойынша колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахат Бекбаев есеп берді. Р.Бекбаевтың айтуынша, колледжде құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы мобильді топ құрылып, жоспарлы түрде жұмыс жүргізеді. Жұмыс нәтижесінде орта тәуекел топта төрт, кіші тәуекел топта екі жасөспірім колледжішілік есепке қойылған. Аталған жасөспірімдер бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық және басқа да үйірмелерге тартылған. Екі білімгер “Жасыл ел” жасақтарымен жұмыс істеуде.
Комиссия төрайымы Анар Садыққызы баяндаманың өте саяз жасалғанын ескертіп, келесі жолы жан-жақты дайындықпен келуін ескертті. Қалған студенттерді “Жасыл ел” жасақтарына жұмысқа тарту жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Бала денсаулығы құқығын іске асыру ретінде мектеп оқушылары арасында сырқаттанушылықтың алдын алу туралы аудандық аурухананың балалар дәрігері Қалбике Сәрсенова баяндады.
Оның баяндауынша аудан бойынша 18 жасқа дейінгі бала саны 18 448 болса, оның 4 233-і жасөспірімдер.
Ауданда 39 мектепте 42 медбике жұмыс істейді. Қалбике Әлиқызы балалар арасында жиі кездесетін ауруларға, үстіміздегі жылы оңалту орталықтарына жіберілген балалардың денсаулығына тоқталды.
Мектеп оқушылары түрлі аурулардың алдын алу мақсатында профилактикалық тексеруден өтеді. Алайда қажетті дәрігерлердің жетіспеуіне, уақыттың тапшылығына байланысты тексерудің сапасы ойдағыдай болмайтынын, сондықтан үлкен мектептерде бір-бір дәрігер отырса, бұл жұмыс әлдеқайда тиімдірек ұйымдастырылар еді деген ұсынысын жеткізді.
Комиссия төрайымы баяндамашының ұсынысы назарға алынатынын айтты.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – “Құқықбұзушылық және қылмыспен күресу жұмыстарын ұйымдастыру туралы” аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының 2021 жылдың 6 айында атқарған, жұмыстары туралы аталған топтың аға инспекторы, полция капитаны Самат Дүйсебеков есеп берді.
2021 жылдың 6 айында жасөспірімдер арасында және жасөспірімдерге қатысты қылмыс орын алмаған. Баяндамашы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Күн тәрбіндегі келесі мәселе – 2021 жылғы жазғы каникул кезеңінде оқушылардың сауықтыру демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөнінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Салтанат Қауқаева баяндады.
С.Ескелдіқызының айтуынша, аудан бойынша қала сыртындағы лагерьге жоспарға сәйкес 400 оқушыны қамту қажет болған. Алайда ата-аналардың өтініштеріне байланысты бүгінгі күнге 225 оқушыны қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 200 бала “Тау самалы” лагеріне жіберілді. Енді 25 оқушы жіберіледі. Баяндамашы ата-аналар тарапынан өтініштер болса, бұл сан әлі де өзгеруі мүмкін екенін айта келіп, мектепішілік лагерь туралы да қысқаша тоқталды.
Күн тәртібіндегі бесінші, алтыншы мәселелер комиссияның келесі отырысына қалдырылды. Аталған мәселелер бойынша Самат Дүйсебеков пен Салтанат Ескелдіқызына келесі отырысқа жан-жақты дайындықпен келуін ескертілді. Бала қауіпсіздігі, баланың тағдыры қай кездеде маңызды. Сондықтан күн тәртібіндегі мәселелерге жауапты сала мамандары аса мұқияттылықпен қарауы тапсырылды.