Qoǵam

“Тазалық – сыпырған жерде емес, сақтаған жерде”

Ауданда 1 қыркүйектен бастап қазан айының соңына дейін аудан әкімдігінің қаулысымен күзгі екі айлық жарияланды. Абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізуге арналған екі айлық аясында жалпы аудан бойынша күл-қоқыстарды, арық-атыздарды тазалау, ағаштарды бұтау, ақтау, қоршаулар мен қақпаларды сырлау, тал-дарақтар отырғызу, т.б жұмыстар атқарылады.

Байқасаңыздар, адамдар тазалық жұмыстарын тек біреудің айтумен жасауды немесе өзінің ауласынан шыққан қоқысты көшеге тастай салуды әдетке айналдырып барады.
Көшелердің қиылысы, адам көп жүрмейтін жерлерде қоқыстар шашылып жатқанын бәріміз көріп жүрміз. Оны басқа ауылдан, басқа көшеден біреулер әкеліп тастамайды. Сол маңдағы адамдар алып келеді. Мұндай іс-әрекеттен, немқұрайдылықтан қашан құтыламыз? Жаман әдеттен, немқұрайдылықтан құтылу үшін, тұрғындардың санасын оятып, жауапкершілігін көтеру үшін ауылдық округ әкімдігі мен учаскелік инспекторлардың тарапынан мықты қадағалау қажет.
Соңғы уақытта аудан орталығының өзінде орталық көшелерде шашылып жатқан қоқыстар көбейіп кетті. Ауылдарда да дәл солай.
Бір ғана мысал, Бауыржан Момышұлы ауылының Зиябек Толымбаев көшесінің бас жағында Бауыржан Момышұлы көшесіне өтетін көпірдің жанында үнемі қоқыстар үйіліп жатады. Бір кезде тазаланып қалады да, қайта толып қалады. Оның жанынан оқушы балалар күнде әрі-бері өтіп жатыр. Иісі қолқаңды қабады.
Қоқыстарды бұл жерге балалар әкелген жоқ қой. Бұл – ересектердің тірлігі. Ересектер өздерінің осы тірлігі арқылы жастарға не тәрбие беріп жатыр? Осыны неге ойланбайды? Осыдан кейін біз жастардан тазалықты қалай талап етеміз? “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, отбасында көрген тірлігін ертең баласы жүрген ортасында қайталайды.
Өкініштісі, бұл қалыпты жағдай сияқты, ешкім мән бермейді. Ол көшенің тұрғындары да, ауылдық әкімшілік те елең етпейді.
Тазалық сақтау біле білсек, ең бірінші денсаулығымыз үшін керек, екінші- тәрбие, мәдениет. Сондықтан тазалық айлығына баршаңызды белсенділікпен атсалысуға шақырамыз! Тазалық айлығы тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалса, айлыққа бөлінген қаржы орнымен жұмсалып, өлкемізге пайдасы тисе. Жауапты мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері де үлкен жауапкершілікпен атсалысса, едәуір өзгеріс болар еді.
Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде екенін де естен шығармайық!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close