Qoǵam

Жерлестерімді вакцина салдыруға шақырамын!

Адамзат баласы өмір тарихында небір қатерлі жұқпалы аурулармен бетпе-бет кездесті. Бұл өмір үшін күрес жолындағы үздіксіз тайталас. Осы күнге дейін ғылымның дамуының нәтижесінде медицина вакцинаға қол жеткізді. Соның арқасында көптеген дерттің сорақы түрлерінің бетін қайтарып келеді. Демек, вакцина салдыру – коронавирус инфекциясымен күресудің де ең тиімді әрі қауіпсіз жолы.

Дәрігерлер “індетке қарсы вакцинаны алып болғаннан кейін организмде толық иммунитет пайда болады, бұл ғылыми дәлелденген, – деп айтуда. Мен ғалымдар мен дәрігерлердің пікіріне сенемін.
Індетпен күрес бүкіл әлемде жүріп жатыр.
Індет бастала салысымен әлем ғалымдары ауруға қарсы тұрар жаңа вакцина ойлап табуға күш салды.
Вирусологтардың бүкіл тобы ресейлік “Спутник V” коронавирустық вакцинасын жасауда күндіз-түні жұмыс жасады. Олардың арасында қазақстандық ғалым Ілияс Есмағамбетовтің де еңбегі бар. Ол туралы жақында “Ана тілі” газетінде “Спутник V” вакцинасын жасауға қатысқан қазақ ғалымы” атты мақала жарияланған болатын.
Мақалада Ілияс Есмағамбетов вакцинациялау қажет пе деп ойлайтындарға оның оң және теріс жақтарын мұқият өлшеп көруге кеңес берген.
-Егер сіз “вакцина салғаннан кейін денсаулығым нашарлап кетеді” деп қорқатын болсаңыз, мен керісінше, вакцина 90 проценттен жоғары қорғаныс кепілдігін береді, бұл қазірдің өзінде ресми мәліметтерге ие деп жауап берген болар едім.
Ауру – өте қауіпті, әсіресе, темірдей денсаулығыңызбен мақтана алмасаңыз, оған сенім артуға болмайды. Бұрын вируспен ауырып, ағзада қалыптасқан антиденеге қарамастан, қайталап ауруың да мүмкін. Сондықтан адамдардың ағзасының әртүрлі болатыны тәрізді әр пациентті қалыпқа келтірудің жолдары да әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан адамдардың ағзасының әртүрлі болатыны тәрізді әр пациентті қалыпқа келтірудің жолдары да әртүрлі болуы тиіс. Ал жалпылай алғанда, әртүрлі топтағы сырқаттар бойынша вирустың қалдырған ізіне байланысты сауықтырудың әдістерін жетілдіру қажет. Вакцинаға келген кезде денсаулығыңда кінәрат болмаса, дене қызуы көтерілмесе, бұрын жұқпалы аурумен ауырмаса, сонымен қатар, созылмалы ауруларының асқынуы болмаса, жасауға болады. Жалпы алғанда кері медициналық көрсеткіштері болмауы тиіс. Әр адамның өзіндік биологиялық ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, вакцинаны таңдау мүмкіндігі бар. Бүгінде біреу біреуді мәжбүрлей алмайды. Дегенмен ел болып біріккенде ғана қалыпты өмірге орала аламыз,- дейді қазақстандық ғалым.
Бүгінгі мақсат – адамзат баласының өмірін сақтап қалу өте өткір күйде тұр.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді.
Президент Үкіметке елдегі эпидемиялық ахуалды жақсарту жөнінде қатаң талап қойды.
-Вакцинация ісін созбалаңға салу – жай ғана проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Бұл азаматтарымыздың арасында дертке шалдығушылар мен өлім жағдайының көбеюі деген сөз,- дей келіп қазақстандықтарды өзінің, отбасының, жақындарының денсаулығы үшін вакцина салдыруға шақырды.
Сонымен қатар, тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүруі керектігін айтты.
Аудандық “Жаңа өмір” газетінің ұжымы індет басталғалы аудан тұрғындарын індеттен сақтануға, санитарлық талаптарды сақтауға, вакцина салдыруға шақыру мақсатында тынымсыз жазып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Оқырманға пайдалы мақала жазу үшін журналистер ауруханаға, ауырып жазылған жандарға, зиялы қауым өкілдері мен әр ауылдың белсенді азаматтарымен кездесуге барады. Яғни, үнемі көпшіліктің ортасында жүреді. Сондықтан ең бірінші өзіміздің денсаулығымыз, отбасымыздың, жақындарымыз бен ұжым мүшелерінің амандығы үшін вакцина салдырғанымыз жөн. Сол себептен апта басында басшы ретінде ұжымнан вакцина салдыруға бірінші болып өтініш беріп, медицина қызметкерлерінің шақыруымен барып, екпе салдырдым. Екпеден кейін жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болдым. Өзімді қалыпты сезіндім. Аздап ауырсыну болды. Алайда бұл дәрігерлердің айтуынша екпеден кейін ағзада болатын қалыпты жағдай.
Вакцина салдыру – індетті ауыздықтаудың жалғыз жолы.
Вакцинаның пайдасы туралы ата-әжелеріміздің әңгімесінен де жақсы білеміз. Мәселен, медицина саласы дамымаған уақытта қаншама жандар түрлі аурулармен ауырып, емін таппай қайтыс болып кетті. Он шақты перзент сүйіп, алайда ауру салдарынан оның кейбір отбасында бір-екеуі ғана, кей отбасында тіпті, ешқайсысы аман қалмағандығы туралы да естіп жүрміз. Сол себептен ғылым мен білім, медицина саласы дамыған заманда өмір сүріп жатқанымызға қуанайық. Қысқасы, барлық жерлестерімді вакцина салдыруға шақырамын! Індетті ертерек жеңіп, қалыпты өмірімізге оралуды Алла ертерек нәсіп етсін деп тілеймін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close